Ғылым

Жазу VS Ақша: Адамзат бірінші нені ойлап тапты?

Ақша – қоғамдағы ең шешуші фактор. Тіптен, бүгінгі өркениетті қалыптастырған да осы ақша деуге толық негіз бар. Солай, өмірімізді ақшасыз елестете алмаймыз.

Қызық, адамзат ақшаны қашан ойлап тапты?

Адамзат тарихында қаншама ғасырлар бойы ақша деген ұғым болмаған. Ақшалар қолданысқа еніп, біздің өмірімізге әбден сіңіп, бірнеше ғасырлар өткеннен кейін, осы ақшалардың айналымын, құнын, ондағы белгілерді зерттейтін тарихтың көмекші саласы нумизматика пайда болады.

Тиындар тарихына қызығу Еуропадағы ояну дәуірі кезеңінде басталған болатын. Ал, бұл сала бойынша алғашқы лекция 1738 жылы оқылған.

Жалпы нумизматика тек тиындардың бетіндегі белгілерді оқып қана қоймайды. Бұл ең қарапайым, ең бірінші сатысы. Нумизматика ғылымы ақша айналымдарын, тиындардың шығу тектерін, қанша уақыт аралығында және қанша көлемде соғылғандарын да қарастырады.

Біз де адамзат тарихына нумизматикалық тұрғыдан үңіліп көрейік.

Адамзаттың жазуды ойлап табуына ақша себеп болған

Ең алғашқы өркениет қосөзен аралығында – Месопотамия түбегінде пайда болғанын білеміз. Бұл өркениеттің негізін қалаушылар біздің арғы бабаларымыз – Шумерлер болатын.

Б.з.д. 3000 жылдары жер бетіндегі сауданың қайнаған орны да осы Тигр мен Евфрат өзендерінің арасы. Әрине, бұл кездердегі халықта ақша туралы түсінік болған жоқ. Халық өзіне керектісіне айырбас арқылы қол жеткізетін. Бірақ, сауда жасаудың бұл жолының біраз қиындықтары болды. Мысалы, диқанның егіні жылына бір-ақ рет жиналады. Ол өзіне керекті дүниені тек егіні піскен кезде ғана ала-алады. Шеберлер де өзінің жұмысын бітірмей айырбасқа шығара алмайды.

Осылай шумерлер арасында өзіне керекті затты алғаннан соң, орнына беретін затын қыш тақтайшаларға жазып отыру дәстүрі пайда болды. Бұл базардағы сауданы біршама жеңілдеткенімен, толықтай шешіп бере алған жоқ. Бірақ, осы әдістің арқасында Шумерлердің сына жазуы пайда болады. Демек, саудаға ыңғайлы ақша жасау мақсаты – ең алғашқы жазудың шығуына себепші фактор еді.

Ұлу қабыршақтары мен фламинго қауырсындарынан жасалған ақшалар

Ақшаның келесі даму сатысы әр халықтың менталитетіне байланысты әртүрлі болды. Мысалы, Қытай, Үнді, Шығыс Африка елдерінде сауда-саттық үшін – жіпке тізілген ұлу қабыршақтары қолданылса, Бразилия халқы үшін фламингоның қауырсындары бүгінгі ақшаның қызметін атқарды.

Бірақ, бұлар әр халықтың өз ішінде ғана жүретін бағалық белгілер болатын. Басқа халықтармен сауда-саттық жүргізу қиын. Сондықтан, әлемдік экономиканың сахнасына бағалы металдар көтерілді. Алғашында, адамдар дәл сол металдың өзімен сауда жасады. Бірақ, әрбір металдың салмағын өлшеп, оны кесіп отыру да қиынға соқты.

Монетаға өз бейнесін соқтыруды кім бастады?

Міне, осы тұста ең алғашқы монеталар соғылды. Ең алғашқы монеталар б.з.д. 685 жылы Кіші Азиядағы Лидия елінде алтын мен күмістің балқытылған қоспасынан соғылған еді. Оның бір бетінде сынамасы, екінші бетінде Ассирия арыстанының басы бейнеленген.

Ең алғашқы грек монеталарында құдайлардың суреттері бейнеленді. Ал, тарихта өз атынан тиын соқтырып, өз есімімен қатар бейнесін әлемге паш еткен патша – Ескендір Зұлқарнайын, одан кейін Римнің алғашқы диктаторы – Юлий Цезарь еді.

Міне, әлемге алғашқы болып өздері туралы тиын бетінде жаңалық таратқандар – осы екі патша болатын. Кейіннен бұлайша жаңалық тарату, әрі тарихта өз атын қалдыру билеушілердің дәстүріне айналды.

Халық неліктен тиындарды пайдаланғаны үшін салық төлеген?

Алғаш монета сарайлары пайда болып, өз тиындарын соғып, айналымға енгізген кезде, халық сол тиындарды пайдаланғаны үшін салық төлейтін еді. Қазіргі көзқараспен қарасақ бұл ерсі көрінеді. Алайда, шындығы осы.

Өйткені, ең алғашқы монеталарды мемлекет емес, жекелеген адамдар өз қорындағы алтын мен күмістен соқтырды. Сайып келгенде, сен ақшаны – яғни сол алтын мен күмісті пайдаланғаның үшін үстіндегі пайызын төлеп отырасың. Бұл Еуропада үрдіс алған жағдай.

Ал, шығыста бұл салық арзан әрі қарапайымдау болды. Шығыста аталмыш салық көлемі 6-7%-дан аспайтын болса, бұл көрсеткіш Еуропада 200 %-ға дейін баратын болыпты.

Алғашқы тиындардың бағасы сол тиындардағы бағалы металдың көлеміне байланысты болған. Бірақ, көп ақша табу мақсатында сол кездердегі монета сарайлары күміс тиындарға әртүрлі қоспалар қоса бастады.

Бұл бірінші кезекте халықты алдау болса, түпкі негізде өзін-өзі алдау еді. Себебі, салық бәрібір өзі жасаған құрамында күмісі аз тиындармен алынатын. Ал, шығыс халықтарында мұндай көзбояушылық болған жоқ. Бұл жерде бағалы металдар жеткілікті болатын. Яғни, күміс тиындар – дирхемдер таза күмістен құйылды. Бұл сөзімізге Саманид, Аббасид мемлекеттерінің тиындары дәлел бола алады.

Біз нумизматтардың ізімен алғашқы монеталардың тарихын қаузадық. Ал сіздің қазақ даласындағы алғашқы тиындардың тарихын білгіңіз келе ме?

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button