Бизнес

24 жасында компания ашып, жетістікке жеткен қазақ кәсіпкері

Елімізде жастардың кәсіпке деген қызығушылығы артты. Артып қана қойған жоқ табыс тауып, миллионер атанып жатқандары да бар. Өзге елдің байлығын санап, жастары туралы ақпарат беруге құмармыз. Ал біз ше? Біздің елде жетістікке жеткендер жоқ па? Осы сұраққа жауап беру үшін Qadam.asia редакциясы 24 жасында бірнеше кәсіп ашып, түрлі қиындықтарды басынан кешкен, қазір республикалық деңгейдегі «Sabaq.online» білім беру платформасын жүргізіп отырған және сол компанияның иесі Бөгенбай Таласұлымен сұқбаттасқан болатын. 

Ең алғаш кәсіп ашқан кезде қанша жаста едіңіз және ол қандай кәсіп ?

Меніңше, кәсіпкер деген өзінің қабілетін ақшаға айналдыра алатын адам. Осы жағынан келген кезде, менің кәсіпке деген қабілетім 9 сынып кезінде басталды. Мектепте оқып жүріп, оқушылардың компьютеріне бағдарлама орнатып, бұзылса жөндеп беретінмін. Бұл үшін ақы да алатынмын. Бұл табысты сол кезде ата-анама сыйлық алуға, туған күн тойлауға жинайтынмын.

Алғаш 1 млн теңге табысты қанша жасыңызда таптыңыз?

Ең алғаш тапқан 1 милн теңгені белгілі бір затты сатып алуға немесе демалуға шашқан емеспін. Бұл менде қазір әдетке айналып кетті. Тапқан табысты сол кәсіптің қайта дамуына саламын.

Ең алғаш 1 000 000 теңге таза табысты 22 жасымда таптым және оны да сол кездегі кәсіпке (оқу орталығым болды) салдым. 

Sabaq.online жобасының қосылғанына қанша уақыт болды? Платформада қанша оқушы білім алып жатыр?

Бұл жоба менің балам секілді (күлді). Платформа биыл күзде іске қосылды. Қыркүйектің басында. Ал оқушылар 7 қыркүйектен бастап оқуды бастады. 

Қазір есеп бойынша 5 мың оқушы платформаға тіркелді. Соның ішінде мың оқушы нақты төлем жасап, білім алып жатыр. 

Неге «sabaq.online» деген атты таңдадыңыз?

«Сабақ» және «онлайн» деген сөз пандемиядан кейін санамызға етене еніп кетті. Меніңше, бұл жерде асып бара жатқан бір ақылды дүние жоқ. Тек қазір нарық заманы болғаннан кейін, «нарық нені талап етеді?» деген сұраққа жауап беру арқылы осы атауды таңдадық. 

Қазір оқыған жастардың дені шетелге кетіп жатыр. Себебі неде деп ойлайсыз? Сізде мүмкіндік болса, басқа елге кетер ме едіңіз?

Иә, бұл қазір алаңдататын мәселе. Алыста айтпағанда, менің қасымдағы жақын достарым да шетел асып жатыр. Бәрінің ортақ жауа бар: жағдай жасау, жақсы өмір сүру, еркіндік.

Өткенде аға-бауырлар болып дастархан басында отырған кезде осы тақырып қозғалды. Бұрын ата-аналар баласының шетелге кетуіне қарсы болатын. Тіпті шетелге кетуді қауіп санайтын. Қазір керісінше, кетуге шешім қабылдасаң, ақ жол тілеп, шығарып салуға дайын. Бұрынғыдай қорқыныш жоқ. Сол дастархан басында ағалардың бірі «шетелге кетіңдер, оқыңдар, жақсы өмір сүріңдер» деген ойды айтты. 

Өз басым шетелге білім алуға немесе аралап қайтуға шығар едім. Ал қалуға немесе жұмыс істеп, жақсы өмір сүруге қалмас едім. Себебі менің жасымда маған керек нәрсе қазір қолымда тұр. 

Қазір айына қанша табыс табасыз?

Кәсіпкерлер осы сұраққа жауап беретін кезде жеке басынан бұрын, компаниясының табысын айтады. Мен де солай айтайын. Күзде қосылған платформаның қазіргі табысы 10 миллион теңгеден асты. Бұл жерде ескеретін нәрсе, республика бойынша біздің серіктестеріміз бар әлі де іздеп жатырмыз. 

24 жасында кәсіп ашып, үлкен жетістікке жеткендер туралы оқып жатамыз. Дегенмен біздің елде бұл сирек құбылыс. Бұл деңгейге қалай жеттіңіз? 

Мен 24 жаста жетістікке жеттім деп ойламаймын. Жалпы жаспен бірдеңе өлшеуді түсінбеймін. Ол жерде жас емес адамның ақылы бірінші тұруы керек. Ал үлкен жетістік менің отызымда не қырық жасымда келетін шығар. Ол әркімнің бағы мен ақылына қарай беріледі. 

Өз қатарыңызға және өзіңізден кейінгі жастарға қандай кеңес айтар едіңіз?

Кеңес айтатын жаста емеспін. Алайда азды-көп көрген тәжірибемнен айтайын. 

Студент кезімде жатақханаға түнде ғана қайтамын. Ерте келіп ұйықтау немесе жата қалу деген түсінік болған жоқ. Соның арқасында ұйқы да, жұмыс та, оқу да жүйеленді. Бәлкім осы бір істі кеңес ретінде ұсынармын. Жастарға қазір жататын, ұйықтайтын кез емес. Сергек болу керек. 

Сұқбатыңызға рақмет!

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button