Бизнес

Ақшаны көбейтудің алтын ережелері

«Qadam.asia» ұжымы қаржылық сауаттылыққа байланысты маңызды ақпараттарды үнемі жариялап отырады.

Өйткені ақшаны қалай басқарудың, табысты көбейтудің, кредитке жүгінбеудің жолдарын меңгермесек – өмірімізді одан сайын қиындата береміз.

Біз бүгін қаржы және қаржылық сауаттылық туралы жазылған кітаптардың бәрінде дерлік кездесетін алтын ережелердің тізімін дайындадық.

Көлемді кітаптарды оқып уақытыңызды жоғалтпай, қаржылық тәуелсіздікке жету үшін бүгіннен бастап кірісіңіз.

1. Бір ғана табыс көзіне ешқашан байланып қалмаңыз

Мамандар бұл туралы жиі айтады. Негізгі табыс көзінен бөлек, пассивті табысты көбейтуге тырысуымыз керек. Бұл өз мамандығыңызды универсалдандыру сияқты нәрсе. Егер сіз тек бір табыс көзіне тәуелді болсаңыз, қиындықтарға тап болған жағдайда проблемадан шығу үшін қарызға батуыңыз мүмкін.

Иә, пассивті табыс табу үшін сізге қосымша уақыт табу керек болады. Бірақ, бұл соған тұрарлық дүние.

2. Табыстың кем дегенде 10 %-ын сақтап отырыңыз

«Ең алдымен өзіңе төле» ережесі бұзылмауы тиіс. Бұл алдағы күндері бірдеңе сатып алуға жұмсайтын ақша емес. Бұл сіздің «алтын балапаныңызға» арналған ақша. Сіз оны болашақта алтын жұмыртқа әкелу үшін кішкентайынан баптап өсіресіз. Алтын жұмыртқа ол – дивидендтер, купондар, депозиттік пайыздар және тағысын тағы…

3. Шығындарыңыз табысыңыздан асып кетпесін

Сіздің айына 200 мың немесе 500 мың теңге тапқаныңыз маңызды емес. Егер сізде айдың соңында ақша қалмаса немесе қарыз алуға тура келсе – онда сіз ешқашан байып кете алмайсыз. Ақша ақша шақырады. Капиталыңызды көбейту үшін сізде аз болса да қаражат артылуы керек.

Айдың соңына жетпей соқыр тиынсыз қалу қауіпті жағдай. Мұны болдырмас үшін 1-ші және 2-ші ережені бұлжытпай орындауға тырысыңыз.

4. Қаржылық сауаттылығыңызды үнемі дамытып отырыңыз

Көбіміз қарапайым нәрселерді білмей жатамыз. Иә, қаржылық сауаттылық туралы мектепте оқымадық, ата-аналарымыз да үйретпеді. Неге екені белгісіз, бізде ақшаға қатысты негативтер көп айтылады. «Дүниенің соңынан қууға болмайды», «Бақыт ақшада емес», «Алтын көрсе періште жолдан таяды», тағысын тағы…

Бұл стереотиптерді бұзып, қаржы негіздері туралы ізденуді бастаңыз. Күрделі пайыздар қандай жүйеде жұмыс істейді, лотерея билеттерін сатып алу неліктен табысыңызды арттырмайды, қор нарығы дегеніміз не, дивидендтер қалай қалыптасады және облигациялар дегеніміз не деген сынды маңызды сұрақтарға жауап табуға тырысыңыз. Қор сақтауды, капитал жинақтауды, инвестициялауды үйреніңіз. Сонда өзіңіздің және отбасыңыздың өмірі жақсаратынына түседі.

5. Өзгелерді таңғалдыру үшін түрлі нәрселерді сатып алмаңыз

Егер сізде автокөлік алуға 2 млн теңге көлемінде қаражат болса, онда дәл сол ақшаға сатып алыңыз. 2 млн теңгеңіз бола тұра автокөлік сатып алу үшін тағы 5 млн теңге кредит алу ақымақтық болады. Егер сіздің досыңыз керемет үйлену тойын ұйымдастырып, ал сізде мұндай той жасауға қаражат жеткіліксіз болса, қорыңыздағы бюджетпен санасуға және қарыз алмауға тырысқаныңыз жөн.

Біз көбінесе кейбір заттарды біреуді таңдандыру үшін сатып аламыз. Туыстарымыздан, достарымыздан, жұмыстағы әріптестер мен көршілерімізден қалып кетпесек дейміз. Шындығында, оларға сіздің не алғаныңыз бәрібір. Ақшаңызды босқа жұмсамаңыз. Қаншалықты үнемшіл болсаңыз, соғұрлым көп қор жинайсыз.

6. Ешқашан оқып, ізденуді тоқтатпаңыз

Махатма Ганди бірде: «Өміріңнің соңғы күнін өткізіп жатқандай өмір сүр. Мәңгі өмір сүретіндей оқып, үйрен», – деп айтқан екен.

Ешқашан бір орында тоқтап қалмаңыз, әлем үнемі өзгеріп отырады. Жаңа мамандықтар пайда болады – сіз де жаңа мүмкіндіктерді пайдаланыңыз. Біздің миымыз қанша ақпарат жүктелсе, сонша мөлшерде қабылдай алады. Неғұрлым көбірек білсеңіз, сол білімді қолдануға мүмкіндігіңіз артады әрі көп ақша таба аласыз.

Өзіңізге инвестиция салыңыз. Сіз ақшаны жоғалтуыңыз мүмкін, бірақ алған біліміңіз сізбен мәңгі қалады.

7. Жаман кредиттен мәңгілікке бас тартыңыз

Қаржы саласында жаман кредит және жақсы кредит деген ұғым қалыптасқан. Қысқаша айтқанда, мол табыс әкелетін тірлік бастау үшін алынған кредит – бұл жақсы кредит.

Ал кез келген тұтынушылық кредит: үйді жөндеуге, жиһаздар алуға, шетелде демалуға, үйлену тойына, жаңа көлікке арнап алынған кредит – бұл жаман кредит. Жаман кредит сізге ешқандай табыс әкелмейді.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button