Денсаулық & Психология

Ұл баланы қалай ер жігіт қып тәрбиелеуге болады – маман кеңесі

Баланы ер жігіт қылып өсіру үшін ер мінезді әкесі не еліктер тұлғасы болуы керек. Мүмкіндігінше жақын адамдары батыр мінезді, ер сипатты болса тіпті жақсы. Осылай дейді балалар психологы, дефектолог Динара Еділбекова.

Психологтың айтуынша, балан тәрбиелеген дұрыс. Өзі тәрбие алады, көріп-біледі деген дұрыс емес.

«Баланы тәрбиелеуге берер кеңесім біреу-ақ. Ол – ата-ана өз-өзін тәрбиелеуі керек. Бала қашанда айналасына қарап, соған еліктеп өседі. Балаға мынаны нәрсе істеме деп өзіңіз сол істі істеп тұрсаңыз, тәрбие емес. Сондықтан өзіңізден бастаңыз бәрін», – дейді психолог.

Ал ұл баланы ер мінезді етіп тәрбиелеуге де осы формуланы қолданған абзал.

«Бала жоқ жерден ер мінезді боп өспейді. Оның ер мінезді әкесі не атасы, үлгі алатын ағалары болса, бала соған еліктеп өседі. Ал баланы арнайы ер жігіт боп өсіру үшін төбелеске итерудің, басқа да стрестің күйге апарудың қажеті жоқ. Ер жігіт болып өсетін бала қоршаған ортасына қарайды», – деп түсіндірді маман.

Психологтың тәжірибесінде ұл баланың қыздың ойыншықтарымен ойнаған сәттері болған екен. Айтуынша, бұл жағдай уақыт өте кетеді.

«Бала деген әртүрлі. Қыз баланың ойыншығы мен киіміне, әшекей-бұйымға қызығатын, сонымен ойнайтын ұл балалар да бар. Бізде ұл бала машинамен, танкімен, қарумен ойнауы керек деген стереотип бар. Мүлде олай емес. Баланың психологиясы әртүрлі. Ал ата-ананың міндеті – баланы сол ерекшелігімен қабылдауы қажет. Менің бір танысым бар. Кішкентай кезінен қуыршақпен ойнады. Бірақ қазір мықты ер азамат боп өсті. Қызға тән қылық байқамадым. Шетелде тұрады», – дейді Динара Еділбекова.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button