Денсаулық & Психология

Адыраспан вирусты өлтіре ме?

Халқымыз адыраспанды үйдің босағасына іліп қоятын болған. Осы өсімдіктің түтінімен үйдің ішін түгел аластаған. Жайшылықта бір бумасы 50 теңге тұратын адыраспанды былтыр көктемгі карантин кезінде 500 теңгеден сатқаны есімізде.

Әсіресе, еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі базарларда адыраспанға деген сұраныс ерекше өсті. Адамдар қымбат болғанына қарамай, бірден сатып алып жатты. Содан да «адыраспан таппай жатырмыз» деген әңгімені жиі еститін болдық.

Тұмауратқанда адыраспанмен аластап, зиянды вирустарды өлтіру бала кезден санамызға сіңген әдет. Адыраспанның бағасы қымбаттауы да, халықтың оған деген сұранысының артуы да осыған байланысты.

Шынында, адыраспан вирусты өлтіре ала ма?

Адыраспан қандай өсімдік?

Адыраспан – түйетабандар тұқымдасына жататын көп жылдық, терең тамырлы өсімдік. Сабағы мен гүлінде уы болады. Ерекше күшті сасық иісті бұл өсімдік дәрілік мақсатта жиі пайдаланылады.

Биіктігі 30-80 см аралығында, бірақ көбінде 30 см төңірегінде өседі. Тау беткейлерінде, жол бойында, жазық далаларда көктейді. Жаз-күз мезгілдерінде жемістейді. Қазақстанда оның үш түрі бар. Қазақстанның шөл-шөлейтті, сортаңды жерлерінде, әсіресе Шу, Іле, Сырдария, Сарысу өзендері бойындағы тақырланған жайылымдарда көп кездеседі.

Адыраспанды алудың өзіндік ережелері бар:

  • Адыраспанды қауызы толып, тұқымы толық піскен кезде ғана жұлады;
  • Ер адамның ғана жұлуына рұқсат етілген;
  • Жұлатын адамның дәреті бар, таза болуы керек;

Жұлушы кісі «Бисмилләһир рахманир рахим! Ассалаумағалейкүм, адыраспан, Бізді сізге жіберді Омар, Оспан» деп барып, өсімдіктің сағағына қолын тигізген. Бұл жердегі Омар мен Оспан деген есімдер пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) әйгілі төрт сахабасының екеуінің есімімен байланысты.

Ибн Сина адыраспанның емдік қасиеті туралы жазған

Емдік мақсатта адыраспанның шөбін яғни сабағын, жапырақтары мен гүлдерін пайдаланады. Адыраспан – ежелден белгілі дәрілік өсімдік. Кезінде Ибн Сина оны сегізкөз жүйкесі қабынуы кезіндегі шаншуды басатын дәрі ретінде пайдалануға кеңес берген.

Халық медицинасында адыраспан ревматизм, қышыма және басқа да тері аурулары кезінде бұлау жасауға пайдаланылады, ал шөбінен жасалған қайнатпа суық тигенде, безгек ауруларына, жүйке жүйесінің әлсіреуіне және ұстама ауруларына ем болады.

Адыраспанды қайнатып, сол сумен аяқ-қолы сырқыраған адамдар денесін буласа, сап тыйылады екен. Бұрындары суық тигенде, денеге бөртпе шыққанда, ұмытшақтық меңдегенде, тіс қақсағанда осы адыраспанның суымен, буымен емдеген.

Қазіргі уақытта да адыраспаннан жасалған дәрілерді фармакологияда қолданып жүр. Мұндай дәрілер қабынуды жазу, зәр айдауды жақсарту, ішек құрттарын өлтіру, қызыл иектің қанауын тежеу, іш ауруын жазуға көмектеседі. Адам ғана емес, адыраспан жан-жануарларға да ем екен. Малдың қотырын бұрын адыраспан қайнатпасымен жуып, жазатын болған. Дала жануарлары да дерт меңдегенде адыраспанға аунап жазылатыны туралы көнекөз қариялар жиі айтады.

Адыраспанды кавказ халқы ұйықтататын дәрі ретінде пайдаланады. Оның шөбін жағып, түтінімен бас ауруын емдейді және жұқпалы ауру-сырқауы бар адам жатқан бөлмені аластап залалсыздандырады.

Адыраспанның вирусты өлтіретін қасиеті бар ма?

Адыраспанды көпшілік аластау мақсатында қолданады. Бұрынғылар сәбидің бесігін, сырқат адамды, тіл-көз тигендерді, жаңа немесе ескі үйді адыраспанмен аластайтын.

Рас, адыраспанмен аластау ел арасында әлі күнге дейін жалғасып келеді. Адыраспанның түтіні – улы. Сондықтан оны микробтар мен вирустарға қарсы дизенфекция ретінде қолданады.

Ал, шындығында адыраспанның вирусты өлтіретін қасиеті бар ма? Бұл туралы ғалымдардың пікірі әрқилы. Мәселен, ботаник, биология ғылымдарының кандидаты Людмила Грузинскаяның айтуынша, адыраспанның вирусты өлтіретін қасиеті бар.

«Адыраспан – күшті алкалоиды бар дәрілік өсімдік. Оны инфекцияны, түрлі микробты өлтіру үшін жағып, түтіндетеді. Қазақстанның барлық жерінде өседі», – дейді ботаник.

Бірақ адыраспанның коронавирусқа қарсы әсері дәлелденбеген. Инфекционист Мутабар Шерметова ауаны вирустан тазартуда химияға жүгіну керек екенін ескертті.

«Қазір бізге өсімдіктің емес, химиялық тазартқыштардың, дезинфекция құралдарының пайдасы көбірек. Кез келген вирустың шыққан көзі болады. Ол сол жерден тарап кетпеуі үшін шаралар қолданылады. Мұндай жағдайда карантин ережелерін ұстанып, барынша таза жүру керек», – дейді инфекционист Мутабар Шерметова.

Ал фитотерапевт Халисат Сүлейманованың айтуынша, улы өсімдікті қолданарда абай болу керек. Себебі адыраспан адамдардың кейбір тобына зиян.

«Адыраспанның түтіні бактерия мен микробты жоя алады, бірақ өсімдік улы болғандықтан оны гипотониямен және гиперкинезбен ауыратындарға қолдануға болмайды. Адыраспаннан жасалған дәріден әйел түсік тастауы мүмкін. Сондықтан оны жүкті әйелдерге де пайдалануға болмайды», – дейді фитотерапевт.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button