Денсаулық & Психология

Балаға қалай жеміс жеуді үйретуге болады?

Балаға тәтті-пәттінің орнына жеміс-жидек жегізген әлдеқайда пайдалы екенін ата-аналар жақсы біледі. Бірақ баласына жегізе алмай, алдап болсын, дәмін таттыра алмай әуре болады. Оның үстінде, дүкенде түрлі-түсті, дәмі мен иісі де еліртіп әкететін өңделген, калориясы жоғары тағамдар мен тәттілер толып тұр. Мұны көрген бала соны ғана жей бергісі келеді. Газдалған сусын мен шоколад-чипсыға дәметіп алады.

Содан балада семіздік, жүрек және қан, асқазан аурулары пайда болады. Иммунитеті нашарлайды. Мұның бәрін болдырмас үшін балаға жеміс-жидек жегізудің маңызы ерекше.

Жеміс-жидек те дүкенде тұрған тәттілер сияқты қызылды-жасылды, түрлі-түсті. Бірақ неге бала жеміске сонша үйір емес? Мұның кінәсі өзімізде жатса керек. Ендеше ол олқылықты жояйық.

Сонымен балаға қалай жеміс жеуді үйретеміз?

Бірінші кеңес: жеміс-жидекті өзіңіз жеңіз. Бала айтқанды емес, көргенді істейді. Жемістің қалай пайдалы екенін түсіндіріп жеміс жегіземін деген – бос сөз. Ең алдымен, өзіңіз жеңіз. Көбірек жеуге тырысыңыз. Бала ата-анасын пір тұтатындықтан, соның істегенін істейді.

Яғни, бір сөзбен айтқанда, жанұяның өзі пайдалы, сіңімді, таза ас ішуді әдетке айналдыруы керек.

Екінші кеңес: балаға ерте жастан жеміс жегізіп үйретіңіз. Қаншалықты ерте берсеңіз, соншалықты өзіңізге жақсы. Бала ерте жастан жемістің дәмін сезініп өссін .

Үшінші кеңес: баланы тамақ таңдауға, әсіресе, пайдалы асты таңдауға үйрету керек. «Бұл – баланың пайдалы тағамды жеуге үйретудің ең маңызды шарты» дейді ғалымдар. Баланы қалай тамақ таңдауға үйретеміз? Бірге дүкенге алып барып, бірге азық-түлік таңдап сатып алыңыздар. Балабақшада, мектепте ішетін асын да таңдатып көріңіз. Түсте, кешке не ішкісі, не жегісі келетінін сұраңыз. Осылай кете береді…

Төртінші кеңес: жемістің барынша көбірек түрін көрсетіп жегізіңіз. Әртүрлі жеміс жесе, соғұрлым жеміс-жидек жеуге деген әдеті қалыптаспақ.

Бесінші кеңес: тамақ жеуге не дайындауға келгенде барынша шығармашылық тұсыңызды қосыңыз. Баланың жеміс-жидек пен көкөніс жеуден ләззат алуы үшін көбірек шеберлікке, тапқырлыққа баруға тура келеді. Мәселен, жеміс-жидекті баланың көзінше немесе бірге «әдемілеп» турап, қант, йогурт, қаймақ-кілегейін қосып, араластырып алдына тосыңыз. Мұндай тағам кімнің болсын, тәбетін ашары анық. Бұлай істеп тіпті, балаға сәбіз бен бұрыш жеуді де үйретуге болады.

Жеміс-жидектен быламақ сияқты саусақты батырып, малып жейтін тамақтар жасауға болады. Мұндай тағамдар тәбетті ашады.

Алтыншы кеңес: баланы тамақ әзірлеуге қатыстырыңыз. Бұл да баланың сау тамаққа деген тәбетін арттырады.

Жетінші кеңес: біраз табандылық керек. Егер бала бірінші жолы бас тартып, жемей қойды ма, тоқтап қалмаңыз. Біраз уақыттан кейін қайта беріңіз. «Бір жемей қойған тамақты қайта-қайта ұсыну арқылы адамның тәбетін ашуға болатынын» зерттеулер дәлелдеген.

Ала бала біраз есейгеннен, ес білгеннен кейін жеміс-жидек пен көкөністің қандай пайдалы екенін түсіндіріп, баланың қабылдауын жақсартуға болады.

Материал профессор Алмаз Шарманның деректерінен аударылды

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button