Денсаулық & Психология

Балаға смесь беру зиян ба? Ана сүтінің ерекшелігі неде?

Ана сүті – жаңа туған нәрестені бірден тамақтандыратын және оны кез келген жұқпалы аурулардан сақтайтын, сәбилерге арналған теңдесі жоқ тағам.

Құрамындағы қоректік заттардың үлесі әлі толық қалыптаспаған нәресте денесінің қалыпты өсуі мен қорғанысы үшін нақты есептелген. Ана сүті әсіресе ми жасушаларының өсуін және жаңа туған нәрестелердегі жүйке жүйесінің дамуын тездететін қоректік заттарға бай.

Біз көбіне балаларымызға заманауи технологиямен жасалған сәбилерге арналған жасанды (сүт) қоспаларды беріп жатамыз. Мұны көпшілік «смесь» деп атап кеткен. Алайда, бұл жасанды сүт ана сүтінің тағамдық және бактериялық қасиеттеріне сәйкес келе ме? Смесьтің балаға ешқандай зияны жоқ па?

«Qadam.asia» бүгін педиатр, ана мен бала денсаулығына қатысты қазақ тілінде блок жүргізетін Жайна Батырханқызымен сұқбаттасты.

«Ана сүтін емген бала, жасанды сүт емген балаға қарағанда аз ауырады»

Жасанды сүт, яғни смесь ана сүтінің орнын алмастыра ала ма?

Жасанды сүт ана сүтін алмастыра алмайды. Қазіргі таңға дейін ешбір ғалым ана сүтінің құрамына сәйкес келетін жасанды сүтті ойлап тапқан жоқ.

Ана сүтінің құрамы бала қажеттілігіне сай өзгеріп отырады. Құрамында баланың өсіп дамуына қажетті түрлі элементтар бар. Бір ғана мысал: ана сүтінің құрамында инфекциялардан (вирустардан, бактериялардан) қорғап отыратын иммуноглобулиндер мен ферменттер бар. Сол себепті де ана сүтін емген бала, жасанды сүт емген балаға қарағанда аз ауырады.

«Жасанды сүтпен тамақтандыруға тура келетін жағдайлар болады»

Кейде анасының сүті құнарсыз болғандықтан, қосымша смесь берген пайдалы деп жатады. Бұл қаншалықты дұрыс?

Ана сүті құнарсыз болмайды, ол көп адамның ойына келетін жәй ғана қорқыныш десек те болады. Яғни сүтім құнарсыз, балам тоймайды деген сияқты пікірлер барлық ананың ойына кіріп шығады. Ана сүті баланың алғашқы жылындағы иммунитеті, бір сөзбен айтқанда балаға берілетін вакцина. Себебі, құрамында түрлі ауруларға қарсы антиденелер, иммуноглобулиндер, лактоферриндер болады. Ал, бұл ингредиенттер жасанды сүттің құрамында болмайды.

Алайда, жасанды сүтпен тамақтандыруға тура келетін жағдайлар да бар. Мысалы:

  • Баланың ай сайын салмақ қосуы аз болса (500-600 гр. төмен болса);
  • Анасында бала өміріне қауіпті түрлі инфекциялардың болуы;
  • Анасының басынан қайғылы жағдайлардың өтуі (депрессияға түсу, стресс алу);
  • Анасындағы зиянды әдеттер (шылым шегу, ішімдік ішу);
  • Анасының келесі нәрестесіне жүкті болуы (көп жағдайда емес, түсік түсу қаупі бар аналарда);
  • Анасындағы қалқанша безі ауруларында (гипотиреоз) және анемияның ауыр дәрежесінде;

Денсаулығы жақсы аналардың барлығында өз баласына жетерліктей сүт бөлінеді.

Аналарға дәрігер ретінде айтар кеңесім, тек жақсы ниетте болыңыздар. Сүтім құнарлы, сүтім жетеді деген ойда болып, жиі-жиі мейірлене емізіңіздер. Сонда ғана сүтіңіз құнарлана түсетін болады, сонда ғана бала тойып еміп, жақсы салмақ қосады.

«Смесь таңдағанда құрамына мән беру қажет»

Смесьтің құрамында зиянды заттар жоқ па?

Қазіргі таңда смесьтің түрі өте көп және құрамдары бір-біріне ұқсас. Құрамында зиянды заттары бар смесьтер де кездеседі.

Смесь таңдаған кезде, құрамына мән беріп алу қажет.

Мысалы, смесьтің құрамында мына заттар болмау керек:

  • пальма майы және арахис майы;
  • қант;
  • мальтодекстрин;
  • таурин;
  • синтетикалық витаминдер.

«Смесьтің құрамындағы белокқа ерекше назар аударыңыз»

Смесь әр балаға жеке таңдалады. Себебі, кейбір жасанды сүттер балада іш қату, аллергия, іш желденуіне әкелуі мүмкін және смесь бала жасына сай таңдалады.

Мәселен, қаптама сыртында 1 деген сан, ол 0-6 ай аралығындағы балаларға беріледі, ал 2 деген сан 6-12 ай аралығындағы балаларға арналған. Тағы да айта кететін жайт, смесь құрамындағы белокқа мән беру керек. Ана сүті құрамындағы белок мөлшеріне сәйкестендіріп таңдаған дұрыс. Жасанды сүттің құрамындағы белок 1,2-1,4 гр. болу керек.

Ана сүтінің тағы қандай қасиеттері бар?

Педиатор Жайна Батырханқызының айтуынша, ана сүтінің орнын ешқандай қоспа алмастыра алмайды. Көптеген ғалымдар да осы пікірді алға тартады.

Ана сүтінен 400-ге жуық пайдалы микроэлементтер мен дәрумендер табылған.

Ана сүті:

  • баланың орталық жүйке жүйесінің толық дамуына септігін тигізеді;  
  • дұрыс ойлауына ықпал етеді;
  • асқазан-ішек жолдарының қозғалғыштығын жақсартады;
  • баланың иммунитетін арттырады;
  • баланың бүйрек жұмысын жақсартуға көмектеседі;
  • дененің вирустар мен бактерияларға төзімділігін арттырады.

Ана сүтінің тағы бір маңызды тағамдық қасиеті – құрамында жаңа туған нәрестенің сау дамуы үшін қажет «омега-3» деп аталатын май қышқылдары. 

Омега-3 май қышқылдары адам миы мен торлы қабығының құрамдас бөлігі болып табылады.

Ғалымдар жүргізген зерттеулерге сәйкес, ана сүтімен қоректенген балалардың жүрек ауруына өте аз шалдыққаны белгілі болды. Яғни, жүрек қан тамыр ауруларының болу-болмауы ең бірінші кезекте, ана сүтіне байланысты екен.

«Qadam.asia»

Тағы оқи отырыңыз:

Балаңыздың ұйқысы ауысып кетті ме?

Есінеуді алғашқы адамдар сигнал ретінде ойлап тапқан

Көз тию деген бар ма? Одан қалай сақтану керек?

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button