Денсаулық & Психология

Дәріні қалай сақтаймыз?

Көптеген адамдар дәрідәрмектерді ас үйде немесе ванна бөлмесінде сақтайды, кейбіреулер оларды ұйықтар алдында қолдануға ыңғайлы болу үшін жатын бөлмесінің терезесінің алдында қалдырады. Бірақ мұның бәрі дұрыс емес.

Көптеген дәрі-дәрмектер құрғақ, салқын, жарықтан тыс жерде, пеш, газ  секілді жылытатын дүниелерден қашықтықта сақталуы тиіс.

Ас үйде, әдетте, тамақ әзірленетіндіктен ыстық болады, ванна бөлмесінде – ылғалдылық шамадан тыс жоғары, ал дәріні терезе алдында ұзақ мерзімде сақтауға болмайды, себебі олар күн сәулесінің тікелей әсеріне ұшырайды. Сонымен қатар, дәрі қобдишаңызды өзіңіз немесе туыстарыңыз көп болатын бөлмелерде: ұйықтайтын, балаларға арналған бөлмелерде сақтамаңыз.

Есте сақтаңыз! Дәрілерді баланың қолы жетпейтін жерде сақтау керек. Бірақ дәрі қобдишасы ересектер үшін ыңғайлы орында, іздегенде табылатын жерде тұрғаны абзал.

Суық жерде сақтауды қажет ететін дәрі-дәрмектер бар: балауыздар, көз тамшылары, иісмайлар, линименттер, майлар, егуге арналған ерітінділердің көп түрлері, кейбір ферментті дражелер, т.б. Бұларға арнап тоңазытқышта жеке контейнер бөлген дұрыс болады. Кейбір тоңазытқыштарда дәрі сақтайтын орындар да бар. Әйтсе де, қатты ылғалдан қорғау керек.

ДӘРІНІ НЕДЕ САҚТАУ КЕРЕК?

Ең дұрысы дәріні стандартты темір қораптарда сақтау керек. Картонды қорапқа да сақтауға болады, іші кең, су өтпейтіндей болса болды.

Дәріні қолдану бойынша нұсқаумен бірге жеке орамада сақтаған өте маңызды және барлық дәрілік препараттарда этикеттері болуы тиіс.

Құтыдағы дәрілерді тығыздап жауып сақтау керек, себебі аузы ашық қалған жағдайда кейбір препараттардан ұшпа заттар бөлініп, оттегімен реакцияға түсуі мүмкін.

ДӘРІНІ ҚАЛАЙ САҚТАУ КЕРЕК?

Бәрінен бұрын дәрі-дәрмектерді сатып алғаннан кейін, оның сақталу шартына көңіл аударыңыз. Бұл мәліметтер препараттарды қолдану бойынша нұсқаулықта немесе ораманың сыртында көрсетіледі. Нұсқаулықтарда көрсетілетін мысал: «Бөлме температурасында сақтау», «Салқын және күн сәулесінен қорғалған жерде сақтау», «Құрғақ және күн сәулесінен қорғалған жерде сақтау», т.б.

Түртіп алыңыз:

егер қолдану нұсқауы бойынша бөлме температурасында сақтау ұсынылса немесе температура көрсетілмеген болса, онда ол препаратты 15 градустан 25 градусқа дейінгі температурада сақтау керек;

егер салқын жерде сақтау ұсынылса, онда ол препаратты 8 градустан 15 градусқа дейінгі температурада сақтау керектігін білдіреді;

қараңғы жерде сақтау көрсетілсе, ол дәрідәрмекті күн сәулесінен қорғалған жерде сақтау қажет;

құрғақ жерде сақтау көрсетілсе, онда дәріні ауа ылғалдылығы салыстырмалы түрде шамамен 60% болатын орында сақтау керек.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button