Денсаулық & Психология

Көздің көруін үй жағдайында қалпына келтіру мүмкін бе?

Үй жағдайында ғана емделуді қолдамаймыз. Көзіңіздің көруі нашарлап бара жатса, міндетті түрде офтальмолог дәрігерге тексерілу қажет. Бірақ біз бүгін көзді емдеуде ең көп таралған екі теорияның аражігін ажыратып, қайсысы дұрыс, қайсысы теріс екенін айтып бермекпіз.

1-теория: «Егер сіз көкжидек пен сәбізді көп жесеңіз, көзіңіз шынымен де жақсарады»

Бұл аңыз Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қалыптасты. Ұшқыштарды сол кезде жақсы тамақтандыру керек болды. Дұрыс тамақтанса, олардың концентрациясы да жоғары деңгейде болатын еді. Құрамында А дәрумені бар тағамдарға ерекше мән берілгендіктен, зерттеушілер түнгі уақытта ұшудың тиімділігі жақсарды деген қорытындыға келді. Алайда олар дәл сол уақыттарда жаңа радарлық жүйенің жүріп жатқанын ескермеген. Сондықтан сәбіз бен көкжидек жағдайға шынымен әсер ете алды ма, жоқ па, ол әлі белгісіз.

Сәбіз бен көкжидектің пайдасы туралы тым асыра сілтеп жүрген сияқтымыз. Жидектерден қажетті мөлшерде пайдалы элементтер алу үшін оларды күніне 2-2,5 кг-нан, ал сәбізді жарты кг-нан кем тұтынбауымыз керек. Оның үстіне, барлық жегеніміздің 30-40% ғана сіңіріп, қалғаны қорытылып кететінін бәрі біледі. Сондықтан, егер біз күніне бір шелек көкжидек жесек те, көзіміз толықтай көріп кетеді деп үміттенуге болмайды.

Бұл жерде ең тиімді нұсқа шырын терапиясы. Көздің көруін жақсарту үшін 150-180 грамм жаңа сығылған сәбіз шырынын шамамен 10 күн тұтынуға болады, қаласаңыз, оған 1 қасық кілегей қосып ішіңіз. Таңертең оянған соң бос асқазанға асықпай ішіңіз. Шырын сілекеймен байланысады, сондықтан да құрамындағы А дәрумені қанға тез сіңеді де, оны көздің торлы қабығына жылдам жеткізеді.

2-теория: «Көз жаттығуларын үнемі жасасаңыз, көру қалпына келеді»

Бұл тұжырым ішінара шындыққа да жанасады, аңызға да келеді. Көз гимнастикасы несімен пайдалы: көздегі қан айналымын жақсартады, бұлшықеттерді жаттықтырады және көздің торлы қабығын нәрлендіреді.

Жақыннан ғана көретіндер алыстағы суретке немесе кескінге қараған кезде сол сурет немесе кескін көздің торлы қабығына емес, оның алдына бағытталады. Мұндай жағдайда көруді жақсарту мүмкін болмайды, бірақ жаттығулар кешені дәрігердің басқа да ұсынымдарын орындаумен бірге проблеманың одан ары асқынуын тоқтатуға көмектеседі.

Әйтсе де, генетикаға қарсы дәрігерлер де дәрменсіз. Егер көз ауруы тұқым қуалайтын бейімділік болса, көру қабілетінің нашарлауын тоқтату өте қиын.

«Жалған миопия» деген түсінік бар, бұл жағдайда гимнастика жұмыс істейді. Өйткені бұл жерде процесс қайтымды. Көз бұлшықеттерін жаттықтырудың көптеген әдістері бар, тіпті ондай комплексті гимнастика жаттықтырып қана қоймай, көзді демалдырады.

40 жастан асқаннан кейін үлкен адамдар жақыннан көрмеушілікпен қиналады. Бұл табиғи процесс болғандықтан, гимнастиканың әсері онша біліне бермейді.

Мектеп оқушылары әр сабақтан кейін немесе күніне кем дегенде 2 рет көзге жеңіл гимнастикамен айналысқан дұрыс.

Компьютерде немесе құжаттармен жұмыс жасайтын ересектер сағат сайын үзіліс жасап, көз бұлшықеттерімен жұмыс істеу қажет. Сондай-ақ, мойын омыртқасын уқалау, мезгіл-мезгіл орнынан тұрып, 10 минуттай серуендеу, терезеден 2 минут алысқа қарап көзді демалту өте маңызды.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button