Денсаулық & Психология

Неліктен ересектерде «ересек» ми жоқ?

Заң тұрғысынан адам 18 жасқа толған соң ересек боп саналады. Алайда, ғылыми мағынада «ересек» күйге жету деген шешілмейтін құпия боп тұр.

Неврологтар мидың «жасөспірім кезеңі» қашан аяқталып, «ересек өмірі» қашан басталатынын білмейді, өйткені ол үнемі өзгеріп отыратын құбылыс екен. Гарвард университетінің психология кафедрасында доцент боп істейтін Лия Сомервиль: «Неврологтарға «Иә! Бұл ми толық дамыған!» деп сенімді айтуға мүмкіндік беретіндей тест нәтижелері болмайды. Дегенмен, кез-келген зерттеулер мидың 18 жасқа дейінгі және одан кейінгі үздіксіз даму фактісін растайды деп сеніммен айта аламыз», – деп жазады Neuron журналында.

Саясаткерлер мен әлеуметтанушылар ежелден қалыптасқан ережелерге сәйкес, бала бала, жасөспірім – жасөспірім, ал ересек – ересек адам деп нақты жаспен ғана шектеуге үйреніп қалған. Осының аясында нейробиологтар арасында күрделі пікірталастар жиі боп тұрады екен. Лия Сомервиль ғылыми мақаласында осы мәселені көтеруге тырысқан.

Ол мидың біркелкі жетілмейтіндігін және оның жетілуін өлшейтін нақты әдіс жоқтығын айтады. Сондықтан нейрондар арасындағы сигналдар мидың ересек адамға тиесілі екенін білдіретіндей белгілі бір жас мөлшері жоқ. Ми ақ және сұр заттардан тұрады. Алғашқы он жылда сұр зат белсенді түрде өсіп, мықты нейрон байланыстарын орнатуға қатысады. Бұл кезде адам да әлемді танып, жаңа тәжірибелер алады. Ал ағза жыныстық жетілуге ​​дайындала бастағанда, ақпарат алмасуға жауап беретін ақ заттардың өсуі белсенді бола бастайды. Осыдан кейін жоғалған сұр заттың әрбір пайызын алынған ақ заттардың пайызы толтырып отыратын болады. Бұдан мидың көлемі өзгермейді.

«20 жасқа дейін ми қатты өзгереді, бірақ оның даму қарқыны өмірінің үшінші он жылдығында басылады. Біз бір кездері жасөспірім 18-ге толғанда ересек болады деп сенетінбіз, бірақ қазір олай деп нақты айта алмаймыз… 25, 28, 30 әлде 32 жас? Адам қай жасында ересек болатынын білмейміз», – дейді Нью-Йорктегі Langone медициналық орталығында істейін балалар мен жасөспірімдер психиатриясының докторы Джесс Шаткин. Оның айтуынша, әйелдердің миының жетілу процесі ерлерге қарағанда ерте басталады екен.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button