Денсаулық & Психология

Вакцина неге тез дайын болды, бедеулік, мутация – Медицина докторымен сұқпат

Қазір Қазақстанда коронавирус вакцинасын салдыру науқаны басталды. Елге вакцинаны салдыруға еркіндік берілді. Бірі салдырса, енді бірі салдырудан бас тартуда.

Кейбірінде көкейінде сұрақ көп. Ендеше ел ішінде жүрген вакцинаға қатысты сауалдардың кейбірін медицина саласының белсендісі, биолог, Назарбаев Университетінің түлегі, медицина ғылымдарының докторы Ботагөз Қаукеновадан сұрап көрдік.

Ботагөз ханым, бір сөзіңізде Сіз «вакцинаны ойлап табу мен өндіріске шығару – әлемде ең қатаң қадағаланатын, құпия медициналық дүние» деп едіңіз. Соны толығырақ түсіндіріп беріңізші…

– Бір вакцинаны ойлап табу мен өндіріске шығару үшін ондаған жылдық зерттеу мен тәжірибе керек. Зерттеу жұмысы 4 фазадан тұрады. Екпені жасуша мен тінге, зертханадағы жануарларға салып әсері мен салдарын тексереді. Оған 2 жылдай уақыт керек. Содан кейін клиникалық зерттеу басталады. Яғни, адамға екпе салып тәжірибе жасалады. Оның өзі 4 фазадан тұрады. Алғашқы фазада 20-80 адамға тәжірибе жасалса, 2-фазада жүздеген адамға, 3-фазада мыңдаған адамға тәжірибе жасалады. Үшінші фазада екпенің жанама әсері тексеріледі, ал 4-фазада вакцинаның зиянды әсеріне толық баға беріледі. Егер осы фазалардың бірінде ауытқу мен кемшілік болса, ДДҰ оны бірден қайтарып жібереді. Сондықтан екпенің тиімділігіне күмән болмайды.

– Коронавирустың жаңасы пайда болғанына бір жарым жылдан асты. Ал вакцинаны дайындауға жарты жыл ғана кетті. Мұны қалай түсіндіруге болады?

– Бірақ ковидтің жағдайы бөлек. Адамзат тарихында болмысы бөлек оқиға орын алды. 2019 жылдың аяғында пайда болған SARS-CoV-2 – мүлде жаңа вирус. Бірақ оның коронавирустар тобына жататын вирус екенін ұмытпайық. Яғни, ғалымдар коронавирустың белгілері мен табиғатын, биологиялық ерекшелігін бұрыннан бері зерттеп келеді. Қазіргі коронавирустың 7 түрі адамға жұғатыны белгілі болды.

Ал SARS-CoV-2 вирусы 2003 жылы таралған SARS-CoV-1 вирусына қатты ұқсайды. 80 пайызы ұқсас. Яғни, коронавирус вакцинасын табу жұмыстары былтыр емес, негізінен 2003 жылдан бері басталған. Бірақ эпидемия бәсеңдегеннен кейін оған екпе дайындаудың қажеті болмай қалды. Содан вакцина өндірісіне бөлінген қаржы да тоқтатылды. Алайда ғалымдар зерттеуін тоқтатпады. Ғылымға жаңалық болған бұл вирусты зерттеуге деген қызығушылық болды. Ғылым деген – бәйшешек сияқты. Әйтеуір, бір күні жарып шығады.

Міне, ғалымдар қызығушылығын жоғалтпай зерттеген, сол кезден бері жинаған мәліметтерінің арқасында COVID-19 пандемиясына керек вакцина ойлап табылды. Сондықтан ғалымдар коронавирустың екпесін ойлап табуды нөлден бастады деуге келмейді.

– Ал ғалымдар вакцинаны дайындау кезінде жоғарыда өзіңіз айтқан фазалардың біреуін өткізіп жіберуі мүмкін бе?

Жоқ. Ғалымдар кезең-кезеңімен зерттеу жүргізді. Аттап не бос тастап кеткені жоқ. Тек уақыттың тығыздығына байланысты кейбір кезеңдерді жұмылып біріктіріп істеуге тура келді. Әдетте, ғалымдар бір вакцинаны жасау үшін арасында үзіліс алып, кейде тоқтатып қойып жұмыс істейтін. Ал мына пандемияда олай істеуге уақыт жоқ. Сондықтан бүкіл ғалымдар бір нәрсеге – вакцинаны жасақтауға жұмылды. Басқа істерін кейінге қалдырды. Мемлекет те ғалымдардың жағдайын жасап, бұрын-соңды болмаған қаржы көзін бөлді. Жекеменшік компаниялар қаржыландырды. Бюрократия ысырылды.

Вакцинаны сынау кезінде оны салдырғысы келген еріктілер көп болды. COVID-19-ты жұқтыру оңай, өйткені оған шалдыққандар көп. Ал бұл – екпенің әсері бар ма, жоқ па деген сауалға жылдам жауап табуға көмектесті. Ғалымдар мына жақта зерттеу жүргізіп жатқанда, вакцина өндірушілер өндірісін жасақтап, оны шығаруға дайындалды. Мұның бәрі вакцинаның ерте өндіріске шығуына мүмкіндік берді.

Вакцина жасау жарысына әлемнің 200 зертханасы кірісіп, 100-ге жуық екпені тексерді. Бір елдің өзінде 13 вакцинаны салдыруға рұқсат еткендер бар. 

– Қоғамда «ағзаға екпемен енген антидене 3-6 айдан кейін жойылып кетеді» деген түсінік бар. Бұл қаншалықты рас?

– Адам ковидке шалдығып жазылса, оның ағзасында ауруға қарсы иммунитет – антидене түзілетіні белгілі. Бірақ мұндай антидене, орташа есеппен, 6 айға ғана шыдайды. Одан кейін коронавирустан қорғану үшін ағзаға тағы антидене керек. Сондықтан ДДҰ вируспен ауырып жазылғаннан кейін, 6 айдан соң барып екпе салдыруды кеңес етеді.

Ал вакцина ағзаға антидене түзуге «нұсқаулық» береді. Мұндай антидене неғұрлым тұрақты келеді.

Вирусқа шалдығып ағза түзген антидене аурудың деңгейіне байланысты. Мәселен, ковид жұқтырып, қатты ауырған адамның ағзасындағы антидене мен симптоматикасыз ауырған адам ағзасындағы антидене екітүрлі. Бірі – қуатты, бірі әлсіз болуы мүмкін. Ал вакцина жағдайында антидене бірқалыпты болады.

– Коронавирус вакцинасы мутацияға қарсы тұра ала ма?

– Вирустар жалпы табиғатынан мутацияға бейім. Тез өзгергіш. Вирус адам ағзасында дамып, мутацияға ұшырайды.

Ал «қазіргі вакциналар мутациядан қорғай ма?» дегенге келсек, Файзер мен Модерн екпесінің Британ штаммына қарсы тұра алатыны белгілі болды. Басқа мутацияларға байланысты ақпарат жоқ.

«Sputnik V» вакцинасы қазір зерттелеп жатыр. Ол жайлы ақпарат аз.  

Бұл жерде айтатын мынандай бір нәрсе бар. Вирус адам ағзасында жүріп мутацияланады. Егер вакцина салынған адамның ағзасында вирус мутацияға бара алмайды.

Вирус қанша мутацияға ұшыраса да, оның өзгермейтін бөліктері болады. Вакцина сол бөліктен ұстап қалуға тырысады. Мәселен, Sputnik V, Модерн, Файзер вакциналарында арнайы S-шип гені болады. Бұл коронавирустың АПФ-2 рецепторын залалсыздандыруға әсер етеді.

– Екпе салдырғаннан кейін коронавирус жұғуы мүмкін бе?

– Мүмкін. Екпе салдырғаннан кейін оның ағзада антидене түзуіне 2-3 апта уақыт кетеді. Міне, осы аралықта адам вирус жұқтырып алуы мүмкін. Ол кезде адам ағзасы өзі антидене түзе бастайды. Ал 2-3 апта өткеннен кейін ағзада тұрақты антидене болады да, вирус жұқтыру қауіпі азаяды.

– «Вакцина бедеулікке әкеледі» деген пікір бар. Бұған қалай қарайсыз?

– Жоқ. Бұл – қате ой. Миф десек болады. Вакцинаның ондайға қуаты жоқ, тек жасуша деңгейінде ғана ағзаға әсер етеді. Әртүрлі механизмдер арқылы антидене өндіруге тырысады. Вирус та бедеулікке әкеле алмайды. Ол да жасуға енетін тін. Кейбірі көп жасушаға әсер етуі мүмкін. Мәселен, коронавирус адамның біраз жасушасына еніп, қауіп төндіреді.

– Вакцина адам ДНК-сын өзгертуі мүмкін бе?

– Жоқ. Адам ДНК-сын өзгерту қиын. Вакцина ағза жасушасына вирус бөлшектерін жинауға арналған материалды ғана жеткізеді. Жасушалар сол материалды «оқып» вирус бөлігін құрастырады. Ал вирус құрастырылып біткен жоқ «ақпарат» бірден жойылады.

– Қазір Қазақстандағы коронавирус жағдайының қайта ушығуына вакцина себеп пе?

– Жоқ, әрине. Вакцина вирус тарата алмайды. Жоғарыда айтқанымыздай, вакцинада вирус бөлшектерін құрастыруға арналған ақпарат қана бар. Вирус бөлшегі дегеніміз – вирустың өзі емес, ішкі қабықшасы ғана. Ал бұл бөлік өздігінен дамып, вирусқа айналып кете алмайды. Мұны жарымжан вирус десек болады.

– Жақсы, сұқпатыңыза көп рақмет!

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button