Денсаулық & Психология

Зерттеу: Малдас құрып отыру денсаулыққа пайдалы

Қай халықтың ежелгі мәдениетін алып қарасаңыз да, қазіргідей орындық пен үстелде отырмағанын, жерге тізерлеп не жүресін, кейде көтен басып отырғанын байқайсыз. Қазіргі медицина орындыққа отырғанға қарағанда, тізерлеп отырудың әлдеқайда пайдалы екенін айтуда.

Тізерлеп отыруға қазақтың кәдімгі «малдас құрып отыруы» да енеді. Қазақтар «малдас құруды» ер адамның дұрыс отыру тәсілі деп қараған. Ал әйелдер оң аяғын астына басып, сол тізесін бүгіп отырады. Отырудың бұл түрін кейде қымыз бен шай құйған кезде ерлер де қолданған. Бірақ олар ерлер жаққа қарама-қарсы отырғандықтан, астына басатын және және тізесін бүгетін аяқтары әйелдердікіне керісінше.

Кейде қазақ әйелі бір қырындап, аяғын астына басып, табанын көйлегінің етегімен жауып отырған.

Ғалымдардың айтуынша, бұлай отыру қан айналымын жақсартып, аяқ қан тамырларының жұмысын жұмсақ етеді. Содан адамда қан қысымы, жүрек ауруы сынды қазір әлемде ең кең таралған дертке шалдықпайды.

Мәселен, Оңтүстік Калифорния университетінің ғалымдары 2020 жылы Proceedings of the National Academy of Sciences ғылыми журналында мынандай бір зерттеу жұмысының нәтижесін жариялайды. АҚШ ғалымдары Танзаниядағы терімшілікпен, аң аулаумен айналысатын хадза тайпасының тіршілігімен танысады. Ғалымдарға бұл тайпа тұрғындарының жүрек-қан ауруларына мүлде шалдықпағаны қызықтырған.

Зерттеушілер тайпа өкілдеріне дене қозғалысын, қимыл белсенділігін, демалыс жай-күйін есептеп отыратын арнайы қондырғы тағып бақылайды. Былай қарасаңыз, аңшылықпен, терімшілікпен айналысатын бұл тайпа бүкіл күнін физикалық қозғалысқа, жүріп-тұруға арнауы тиіс еді. Алайда бұл халықтың жүріп-тұруына қарағанда күннің астында жатып демалғаны көп болған. Яғни, тәуліктің бір сағаттан астам уақытын ғана физикалық белсендікке арнаған да қалған уақытын демалумен өткізген. Ал аз қимылдаған адамның аурушаң келетіні белгілі. Бірақ бұл тайпаның қан қысымымен, жүрек ауруымен, созылмалы аурулармен ауратыны сирек.

Бірақ ғалымдар тайпа халқының бір ерекшелігіне – отыру жағдайына назар аударады. Олар өркениетті қоғамдағы сияқты орындыққа отырмайды, тізерлеп не тізе бүгіп отырады. Қазақтың кәдімгі малдас құруына ұқсас отырыс.

«Тізерлеп отырған адамда қан айналым жақсарады. Өйткені аяқтағы бұлшық еттің бар бөлігіне күш түседі де, қан жақсы айналады. Тіземен отырған кезде аяқтағы бұлшық еттің бүкіл бөлігі қимылға келіп, қан айналымы, зат алмасымы жақсы болады. Ал орындыққа отырғанда адамда бұлай емес. Бұлшық еттің біраз бөлігі қимылсыз қалады«, – дейді түсіндірді бұл заңдылықты ғалымдар.

Сондай-ақ, тізерлеп не малдас құрып отырған кезде, адамның аяқ бұлшық еттері көп энергия тұтынады. Содан ағзадаға май энергияға айналып, семіздік болмайды.

Сондықтан ғалымдар кеңседе, орындықта көп отыратын адамдарға күніне ара-тұра тізерлеп не малтас құрып отыруға кеңес береді. Мәселен, бір сағат орындықта отырдыңыз ба, арасында бір сәт тізе бүгіп (орысша айтқанда «на корточке») отырыңыз. Бұлшық етке қалай қан тарағанын өзіңіз де сезесіз.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button