Денсаулық & Психология

Жемістің қабығын аршып жеген дұрыс па әлде бұрыс па?

Алманы не қиярды қабығын аршымай же. Әйтпесе, қабығындағы витаминдер кетіп қалады. Витамин жемістің ішінде емес, қабығында дегенді бала күнімізде көп естігеніміз рас. Көп естімесек те, әйтеуір бір жерден естідік. Үлкендер де айтып қалады әйтеу.

Ал осы айтылған сөз рас па? Шындыққа жанаса ма? Ғылым бұған не дейді? Соған үңіліп көрейік.

Жеміс-жидектің іші де, сырты да пайдалы затқа толы. Дәрумен мол. Қай жемісті алсаңыз да, зияны жоқ. Жемістің сырты қанық болып тұратын себебі де сол. Пайдалы заттар сыртына шығып тұрады. Адамды ең алдымен еліктіретіні де осы қызыл-жасыл, сары-көк түсі.

Пайдалы заттар жемістің сыртында деген өтірік емес. Расымен солай. Кейбірінде тіпті, жемістің ішінде жоқ пайдалы зат сыртында болады. Мәселен, жүзімнің қабығында ресвератол деген зат болады. Бұл жүзімді жәндіктерден қорғайтын зат. Сол адамның ағзасына антиоксидант ретінде пайдасы мол. Адам өмірін ұзартуға көмектеседі. Марс ғаламшарына жол тартқан адамдарға да ресвератол беріледі. Өйткені адамға бұлшық етін ұстап тұруға көмектеседі.

Бірақ бұдан пайдалы заттың бәрі жемістің қабығында деп ойламау керек. Жемістің іші де толған – дәрумен мен микроэлемент. АҚШ Ауыл шаруашылық министрлігінің дерегінде «Қабығы бүлінбеген, яғни аршылмаған қызыл алмада 5 грамм жасұнық, 13 миллиграмм кальций, 239 миллиграмм калий, 10 миллиграмм С дәрумені болады. Егер қабығын аршып тастаса, 3 грамм жасұнық, 11 миллиграмм кальций, 194 миллиграмм калий, 7 миллиграмм С дәрумені қалады» деп жазылған екен.

Мәселен, жеміс-жидек әлемінде пайдасы мол деп жүрген – бататты (тәтті картоп) алып көрейік. Мына бір зерттеуде аршылмай қайнатылған 100 грамм бататтың құрамында 2 грамм ақуыз, 3 грамм жасұнық, 20 миллиграмм С дәрумені болатыны айтылған. Ал қабығын аршып қайнатса, 1,4 грамм ақуыз, 2,5 грамм жасұнық және 13 миллиграмм С дәрумені қалады екен.

Бұдан біз жеміс-жидектің қабығында да пайдалы зат мол болатынын, алайда ішкі жылы-жұмсағында да пайдалы зат көп қалатынын байқаймыз. 

Сондықтан жемісті қолдан келгенше қабығымен жеген жөн. Ал егер мүмкіндік болмаса, онда аршып жеңіз.

Қалай десеңіз де, бала кезде естіген «дәруменнің бәрі қабықпен кетеді» деген сөздің толық негізі жоқ екенін көреміз.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button