Ғылым

Ұлттық спорт түрлері мектепте арнайы пән ретінде оқытылатын болды

Мектеп бағдарламасына қатысты кез келген ақпарат шықса елең ете қаламыз. Ұстаз мәртебесі, қағазбастылық, оқулықтар мәселесі мұғалімдерді де, оқушыларды да әбден титықтатып бітті.

Осы орайда, ұлттық спорт түрлері мектепте арнайы пән ретінде оқытылатыны туралы әңгіме қозғалды.

Бұл жаңалық оқушылардың салауатты өмірге бейімделуі мен ұлттық құндылықтарға деген құрметінің артуына сеп болады деп үміттенеміз.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі пилоттық жоба ретінде Нұр-Сұлтандағы орта мектептерге жаңа бағдарламаны енгізіп үлгерді.

Осыған байланысты Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Қуаныш Сұлтанов: «Ұлттық спорттың неше түрі бар?», «Олар білім беру бағдарламасына енгізілген бе?», «Бұл жаңашылдық қалай жүзеге асырылуда?» – деген сынды сауалдарды ортаға салды.

Заң жобасында бұқаралық спортты дамыту бойынша бірқатар шаралар қарастырылған. Бұл дене шынықтыру мен білім беру арасындағы тығыз байланысты қажет етеді. Оқушылар дене шынықтырумен қатар, ұлттық спорт түрлерін жүйелі оқып, меңгерудің арқасында дәстүрді қадірлеуді үйренуі әрі осы спорт түрлері арқылы болашақ спортшыларға айналуы мүмкін.

«Бұқаралық спортты дамытуда ұлттық спорт түрлерінің рөлі зор. Бұны біз бұқараның жұмысы деп атаймыз. Ауыл балаларына ұлттық спорт түрлерін білу аса қажет болмауы мүмкін, бірақ біз қаладағы оқушыларды да ұмытпауымыз керек. Және ұлттық спорт дегеннің не екенін түсіндіруіміз қажет. Қазақ халқының дәстүрі бойынша бала барлық дәстүрді әкесінің қанымен және ананың сүтімен сіңіреді. Ұлттық спорт салауатты ұлт құрудың негізіне айналуы керек деп толық сеніммен айту керек. Дене шынықтыру режимінде қазақтың халықтық ойындары мен ұлттық спорт түрлерін ұтымды пайдалану бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндіктер ашады», – дейді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

ХХІ ғасырға 20-дан астам ұлттық спорт түрлері жеткен. Олардың ішіндегі ең жарақатсыздары ғана міндетті мектеп бағдарламасына енеді. Қазіргі уақытта ҚР Мәдениет және спорт министрлігі еліміздің барлық мектептерінде осы компоненттерді енгізу үшін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуде.

Нормативтік құқықтық актілердің әзірленуіне мұрындық болған Ақтоты Рахметоллақызы: «Бірінші кезекте білім беру ұйымдарына асық ату, тоғыз-құмалақ және қазақша-күресті енгізеді. Алдымен оларды мектептерге енгіземіз, содан кейін аударыспақ, келесі кезеңде – көкпар, жамбы ату, жекпе жек. Олар адамға зақым келтірмейді. Пилоттық режимде Нұр-Сұлтандағы орта мектептерде қазақша күрес енгізіліп үлгерді», – деп жұмыстың барысымен толық таныстырды.

Ұлттық спорт түрлерін мектепте оқыту қаншалықты тиімді, сіз қалай ойлайсыз?

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button