Ғылым

Мәскеуліктер неліктен қазақ тілін үйреніп жатыр?

«Москва қазақша» жобасындағы қыздар туралы екі жыл бұрын айтыла бастады. Мәскеуліктерге қазақша үйретіп жүрген қыздардың есімі Елизавета Осипова және Настя Решетникова. Екеуі де Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінде шет тілі ретінде қазақ тілін оқыған.

«Qadam.asia» Ресей халқына қазақша үйретуді мақсат тұтқан «Москва қазақша» жобасының бас редакторы Елизавета Осипованың қазақ тілін үйренуге арналған пайдалы ресурстар туралы және орыстардың оны үйренуге деген ынтасы жайлы ойларын жариялауды жөн санады.

Елизавета Осипова, «Москва қазақша» жобасының бас редакторы:

«Өзің мәскеуліксің, қазақ тілін не үшін үйренесің? Ол саған неге керек?».

Маған кездесулерде ең көп қойылатын сұрақ осы. Бұл жерде бәрі түсінікті болса керек. Мәскеуде біреудің қазақша сөйлегені – тосын естіледі, ал орыс қазақша сөйлеп тұрса – бұл шок. Алайда, Ресейдің астанасында қазақ тілін үйрену қарқын алып келеді.

Көпшілік білмеуі мүмкін, бірақ Мәскеуде ММЛУ, ИССА ММУ және РГМУ сынды оқу орындарында қазақ тілі кәсіби деңгейде оқытылады. Өз бетінше қазақша үйреніп жатқан орыс азаматтары да жетерлік. Оның басты себептері – Қазақстанға деген сүйіспеншілік, далалық дәстүрді құрметтеу және қазақ халқының қонақжайлылығы. Мәскеулік жастар қазақ тілі арқылы көрші мемлекеттің менталитеті мен мәдениетін жақсы түсінуге болатынын айтады.

ММЛУ студенттерінің бірі қазақ тілін университетте екінші шет тілі ретінде оқытылудан әлдеқайда ертерек үйрене бастағанын айтады.

Студент қыз осылайша Қазақстаннан келген достарымен бір тілде сөйлескісі келгенін түсіндіреді. Оның ойынша, қазіргі қарқынды дамып келе жатқан әлемде мұндай білім өте құнды, сондықтан ол болашақ мамандығын қазақ тілімен байланыстырады.

Қазақ және орыс тілдерінің 3 ұқсастығы

Менің бір танысым бар. Ол бұрын түрікше оқитын. Бірақ Қазақстанға туристік сапардан кейін өз бетімен қазақ тілін үйренуге шешім қабылдады.

Ол екі тілдің ұқсастықтарын былайша қарастырады:

  • Қосымшалар қосу арқылы грамматикалық формаларды қалыптастыру;
  • Сингармонизм принципі;
  • Белгілі бір сөздердің түрленулері;

Ол осы база орыс тілі заңдылықтарынан ерекшеленетін қазақ грамматикасын тез меңгеруіме мүмкіндік берді дейді.

Мәскеуліктер қазақ тілін үйренуге ынталы ма?

Мәскеуде қазақ тілін үйрену қиын, бірақ үйренуге мүмкіндік бар. Негізгі проблема бұған арнайы оқулықтардың жасақталмағанында болып тұр. Іс жүзінде оқу құралдары жоқтың қасы. Ал кітап дүкеніне барып қазақша кітап іздеу – қолында картасы жоқ бола тұра қазына іздеп жүрген адамды елестетеді.

Мен осы бойынша жұмыс істеп жатырмын және қазірдің өзінде нәтижесін көріп отырмын. Айналамдағы көптеген адамдар шекара ашылған бойда Қазақстанға келуді жоспарлап отыр. Олар біздің арнайы жасаған видео сабақтарымыз арқылы қолданыстағы ең керекті сөздерді үйреніп жатыр.

Айналысып жатқан жұмысымыздың басқаларға пайдалы екенін көру мен үшін өте маңызды. Сондықтан мен болашақта ресейліктер мен қазақстандықтар өз портфолиоларын орналастыра алатын сайт жасауды жоспарлап отырмын. Бұл екі ел жастарының тәжірибе алмасуына сеп болады.

Шетелдіктердің қазақ тілін үйренуіне көмектескен қазақстандық ресурстар

Мен үнемі қазақшамды дамытып отыруға тырысамын. Барынша мұқият ізденемін. Себебі, өзім осы тілді оқытатын болғандықтан, үнемі ізденісте болуым керек.

Тілді ұмытпау үшін өзім пайдаланатын тегін ресурстар:

  • Университетте біз Soyle.kz сайтын жиі пайдаландық. Бұл жерден аудио материалдарды, мәтіндерді, грамматикалық жаттығуларды таба аласыз. Youtube-те де каналдары бар;
  • Егер сіз де мен сияқты орыс тілінен қазақ тіліне аудару кезінде калькаға ұрынатын болсаңыз, онда «Калькасыз қазақ тілі» telegram-каналына жазылуға кеңес беремін;
  • Kazahskyy – тіл үйренуді жаңадан бастағандар үшін таптырмас құрал;
  • Қазақ тілінің тек классикалық және әдеби нұсқасын біліп қана қоймай, заманауи даму жолдарын да білу керек деп есептеймін. Сондықтан мен Jana sozdik-ке жазылғанмын.
  • Көрнекілік құралдармен үйрену үшін Qazaq grammar өте қолайлы. Мұның функциясы Pinterest сияқты, бастысы қазақ тілінде.
  • Мен оқулықтарды Til qural сайтынан таптым. Бұл жерде оқулықтар халықаралық стандартқа сай деңгейлер бойынша бөлінген.

Өзіңіз айтыңызшы, шетелдік достарыңды түсіну және олармен риясыз диалог жүргізу үшін біз бір тілде сөйлесуіміз керек емес пе?! Менің жағдайымда бұл қазақ тілі.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button