Ғылым

Жастардың елден кетуіне не себеп? Түркиядағы қазақ қызымен сұқбат

Шетелге көшкен, білім алып, саяхаттап кетіп жатқан жастардың саны артты. Бұл ел экономикасына бірден-бір әсер етуші фактор екенін ескерсек, қауіпті де. Жастардың дені АҚШ, Еуропа және Түркия секілді елдерге ағылып жатыр. Соңғы уақытта бұл қатарға елдегі шоу-бизнес өкілдері де қосылды. Олар тіпті сол жақтан жаппай үй алып жатыр деген ақпарат та тараған еді.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Түркияның Қараман қаласында Media бағытында білім алып жатқан Әлия Бостанова.

Шетелде білім алуға, тәжірибеден өтуге асығатын жастар көп. Еліміздегі «Болашақ» бағдарламасынан бөлек өз ақшасына оқуға кететіндер де бар. Сіз неге Түркияны таңдадыңыз?

Қазіргі жастар жан-жақты. Бір орында қалып қалғылары келмейді. Ізденеді, оқиды. Әлемді жаулаған қауіпті дерт әр адамға әр қалай әсер еткені белгілі. Адамдар қашықтықтан жұмыс істеуге көшті. Жұмыс орындарында адамдар санын қысқарта бастады. Бұл қысқарту мені де айналып өтпеді.

«Балапан» арнасында жұмыс істеп жүрген кезім. 2019 жылдың 8 сәуірінде «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасы болып Ләззат Танысбай Мұратқызы тағайындалған еді. Әрине кез келген мекемеде басшылық ауысқан кезде, аталған мекеменің ішкі жүйесі де өзгеретіні белгілі. Бір бастық кетеді, екінші бастық «өз тобымен» жұмысқа келеді. Біздегі жүйе осы. Содан жаңа жыл қарсаңында «Балапан» арнасындағы ішкі өнімдер саны мен қызметкерлер саны қысқарды. Басқа арнадан жұмыс қарастырамын деп жүргенде, өздеріңіз білетіндей елде «карантин» басталды. Жұмыссыздар саны артты. Үйде қалдық. Үйде жай отырмай түрік тілін онлайын оқып бастадым. Түрік еліне деген қызығушылығым арта бастады. Сұрастыра келе мұнда оқу ақысының арзан әрі оқу сапасы жоғары  екенін естідім. Бір ай түрік тілінен жеке сабақ алдым да оқуға қажетті құжаттарымды жинап, оқуға түстім. Вирусқа байланысты биыл Түркияның кейбір қалаларында шет елден келген студенттерді ешқандай емтихансыз қабылдады. Десе де мұнда келген соң міндетті түрде бір жыл «HAZIRLIK» яғни «Түрік тілін» оқып, арнайы сертификат алуыңыз керек. 

Қай салада білім алып жатырсыз? Елге оралған соң нақты қандай іспен айналысасыз? Нәтиже бола ма?

Мен мұнда Media саласында білім алып жатырмын. Қараман қаласындағы Қараманұлы Мехметбей университетінде «Жаңа журналистика» бөлімінде оқимын. Аталған оқу орнында отыз мыңнан астам студент білім алуда. Шыны керек елге оралғым келмейді… Мүмкін уақыт өте ойым өзгерер. Елге оралған соң журналистика саласындағы жұмысымды әрі қарай жалғастырамын. Бәлкім басқа салаға кетермін, әлі ойланбадым. Сіз сұраған соң ойланып жатырмын (күлді).

Түркиядан үй алып жатқан жұлдыздар туралы БАҚ жарыса жазды. Шынымен де ол елде үй арзан және өмір сүруге барлық жағдай жасалған ба?

 Бізге қарағанда үйдің бағасы арзан. Бірақ барлық қаласында емес. Әрі сіздің қандай үй алатындығыңызға байланысты бағалары да өзгере береді. Түркияның Анталия, Алания сияқты қалаларынан қазақтар көп үй алады екен. Әсіресе, зейнеткерлікке шыққан, онлай жұмыс істейтіндер осы қалада тұрақтайды.  Мәселен, екі бөлмелі пәтерді Анталияда сегіз жарым, тоғыз миллионға алуға болады. Шет елдіктерге, әрине, қымбаттау сатады. Бірақ түрік таныстарыңызды салып жүріп алатын болсаңыз аталған бағадан да арзан шығады. Ал ВИЛЛАЛАРДЫҢ үш қабаттысын қырық үш миллионға ала аласыз. Егер үйді құрылыс жұмыстары жүріп жатқан кезде алған болсаңыз, жарты бағасына алуға болады. Көп адам солай істейді. Анталиядағы үйлердің сапасы көбіне төмендеу келеді. Құрылыс жабдықтарының сапасы орташа болғандықтан, үйлер де арзан болуы мүмкін екен. Ал Бодрум қаласында үйлер қымбат, себебі олар сапалы құрылыс жабдықтарынан салынатын көрінеді. Тағы бір ескеретін нәрсе, 250.000$ тұратын пәтер алсаңыз Түркияның азаматтығын ала аласыз. Алайда, Қазақстанда қос азаматтыққа рұқсат жоқ болғандықтан, ол жақтан алған кезде автоматты түрде Қазақстаннан шығып кетуіңіз мүмкін. Сол үшін жақсылап ойланыңыз. Біздің жұлдыздар бұл жақтан үй алса да азаматтығын алмады деген ойдамын!

Білім саласы туралы не айтасыз? Бізбен салыстырған кезде қандай өзгеше не ерекше жағдайды байқадыңыз?

Тәуелсіздік жолындағы соғыстан кейін Түркияда оқу жүйесі дами бастады.

•        Қазіргі таңда Түркияның оқу жүйесі әлем бойынша топ 50 – ге кіреді.

•        Еуропалық стандартқа сай оқытады.

•        QS World University Rankings деген әлемдік рейтингте топ жарып тұр.

•        Білім жүйесі әлемдік Болондық декларацияға сай.

•        Түркиялық диплом Еуропада және АҚШ-та бағаланады.

•        Әлем университеттерімен тәжірибе алмасу бағдарламалары бар.

•        Мұғалімдері әлемдік стандартқа сай жоғары білім береді.

•        Жемқорлық жоқ.

•        Оқу орындарының бағасы тиімді.

«Tutkiye bursları» бағдарламасы арқылы Түркияның кез келген ЖОО – ға грантқа түсуіңізге болады. Әр жылдың қаңтар айында аталған бағдарламаға өтініш жібере аласыз. Бірақ жасыңыз жиырма тоғыздан аспауы тиіс. Грантқа түсіп жатсаңыз:

– Түркия мемлекеті сіздің ұшып келу, оқуды бітіргенде қайтар билетіңізді;

– Жататын жеріңізді;

– Екі мезгіл тамағыңызды;

– Медициналық сақтандыруыңызды;

– Бір жыл түрік тілі курсының ақысын. Бірақ оқуға тапсыру үшін түрік тілін білу шарт емес; 

– Шәкіртақыңызды және басқаларын қаржыландырады.

Мұнда студенттерге үй жұмысы берілмейді. Күнделікті сабақта 7-8 сағат лекция болады. Лекциядан алған білімдерін емтихан барысында қолданады. Өйткені емтиханда лекцияда айтылған тақырыптардан ғана сұрақтар қойылады. Егер бір сабақтан емтихан тапсыра алмасаңыз оны жазда қайта тапсырасыз. Ал жазда тапсыра алмасаңыз келесі курста тапсырасыз. Мұнда емтиханнан өте алмаған студентті оқудан шығарып немесе келесі курсқа өткізбей қою деген жоқ. Егер сіз магистратураға оқуға түссеңіз тек бір жыл ғана оқисыз. Қалған бір жылыңызда тек диссертация жазасыз. Диссертацияны Қазақстанда жүріп те жаза аласыз, жетекшіңізбен байланыста болсаңыз жеткілікті. Біздегідей студенттерді қинап жиналыстар мен концерттерге алып бару деген  мұнда жоқ. «Жиналысқа бармасаң келесі жылы жатақхана алмайсың», –  деп сізді ешкім қорқыта алмайды.

Сіз өз ақшаңызға білім алып жатырсыз. Құпия болмаса, жылдық оқу ақыңыз қанша? 

Оқудың ақсы сіздің таңдаған қалаңыз бен мамандығыңызға байланысты. Қымбат қаланы таңдасаңыз сәйкесінше оқу ақысы да қымбат. Бірақ біздегідей миллионға бармайды. Әрі кетсе екі жүз мыңдай болады. Менің бір жылдық түрік тілін үйренуге төлеген ақшам 3500 лира (198 353 тг). Айта кетейін, мұнда тіл үйренуге төленетін ақша қымбаттау. Ал жылдық төлейтін оқу ақым 1235 лира (70 000 тг). 

Қазақстандағы және Түркиядағы жастардың айырмашылығы қандай? Ой еркіндігі, қоғамдық жұмыстарға араласуы деген секілді тұстары туралы не айтасыз?

Мұнда ой еркіндігі мен сөз еркіндігіне ешқандай шектеу қойылмаған. Жастары еркін. Кез келген жұмысқа белсене араласып кетеді. Қарапайым күзетші болса да ісін сүйіп істейді әрі «күзетші» екенін айтуға ұялмайды. Оқып, білім алу ешқашан кеш емес деп түсінеді. Шет елге барып тәжірибе жинақтауға тырысады. Жалқау жастары да жоқ емес. Отызға келсе де әлі университетте «бакалавр» мамандығы бойынша дипломдарын ала алмай жүргендердері көп. Мұндағы жастар ішімдік пен шылымға құмар келеді. Олар үшін бұл қалыпты жағдай. Көшеде орамал тағып, оранып алған қызды көрдіңіз. Бірақ қолында шылымы бар. Таң қалмаңыз! Ал бізде керісінше ғой. Түркияның жастары туралы менің байқағаным осылар болды. Ал Қазақстандағы жастар туралы өзіңіз де білесіз ғой (күлді).

Түркияда қазақ жастары көп пе? Көп бөлігі кімдер: ұлдар әлде қыздар?

Қазақ жастары Стамбұл, Анкара, Измир, Сакария сияқты үлкен қалаларды таңдайды екен. Бір Сакарияның өзіне жылына алты мың қазақстандық оқуға тапсырады екен. Десе де қазақстандық студенттер біле бермейтін Түркияның өзге қалаларында да сапалы, жақсы университеттері өте көп. Мәселен Самсун, Қараман, Бурса, Ескішаһар деген қалаларда оқудың бағалары әлдеқайда қолайлы, арзан. Бастысы күнделікті шығыныңыз да өте аз болады, өмір сүруге ыңғайлы қалалар. Мұнда менің ойымша оқып жатқан ұлдар көп сияқты. Мәселен менің оқып жатқан қаламда ер балдардың саны басым. Қыздардан тек бес-ақ қыз бармыз.

Біз қай көштен қалып қойдық? Нені меңгеру керек?

Білім көшінен ауылымыздағы жастар қалып қойған сияқты. Кез келген ата-ана баласын ЖОО-да оқытқысы келеді. Сапалы білім алып, маман болып шыққанын қалайды. Кейін өз нанын өзі тауып жесінші дейді. Өкінішке қарай,  біздің қоғамда барлық баланың «маман» атануы қиын. Бала өз күшімен грантқа түссе, оқиды. Түспесе жинаған балл көлеміне қарай қаламаған оқуын амалсыз оқуына тура келеді. Немесе оқу ақысының жоғары болуына байланысты оқымайды. Себебі баланың оқу ақысын төлеуге кез келген ата-ананың шамасы жетпейді, қымбат. Қазақстанда кейбір оқулардың жылдық ақысы миллионнан асып жығылатындығы жасырын емес. Ал Түркияда олай емес. Мұнда отыз мыңнан басталып екі жүз мыңға дейін барады. Таңдаған қалаңыз бен оқу орныңызға байланысты. Бұл – шет елден келетін студенттер үшін қойылған баға. Ал Түркияның өзінде тұратындар аталған бағадан екі – үш есе аз төлейді. Бәлкім бізге де оқу ақысына байланысты осындай бір жүйе керек шығар?! Сосын ой еркіндігі мен сөз еркіндігін меңгеруіміз қажет. Еркін болайық, бірақ артық кетпейік!

Сұқбатыңызға рақмет!

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button