Қоғам

Қазақстан заңсыз такси қызметімен қалай күреспек?

Қазақстанда таксиге күніне 900 мың тапсырыс түседі екен. Ал такси қызметінің орташа бағасы – 620 теңге.

Такси нарығының жылдық табысы 120 млрд теңге. Бұл – салық ретінде түсетін соманың 5 пайызы ғана, қалған 95 пайызы – көлеңкелі экономикада қалады екен. Мұндай деректі Республикалық такси қызметі қауымдастығы басшысы Медет Құрманов айтты. Оның айтуынша, таксишілерді көлеңкелі экономикадан шығарудың 2025 жылға арналған арнайы стратегиясы жасалған көрінеді.

Ендеше аталмыш статегияның қандай шараларды қолға алатынын қысқаша қайырсақ.

1. Ең алдымен баға саясаты бақылауға алынады. Өйткені шетелдік такси қызметтері отандық нарыққа кіру үшін бағаны әдейі арзандатып, Қазақстан такси парктері мен жергілікті автопарктерге зиян шектіреді.

2. Такси агрегаттары сандық платформа ретінде тіркеліп, заңды тұлға атауын алуы тиіс. Сондай-ақ такси агрегаттарының арнайы реестрі енгізіледі.

3. Әкімдік өз аумағындағы такси қызметіне деректерін тіркеп отыратын құжат енгізуі керек.

4. BIG Data негізінде мемлекеттік ақпараттық жүйе құрылып, такси қызметінің сапасын бақылайтын қалалық мониторинг орталығы ашылса, құба-құп. Яғни, нарықта жұмыс істегісі келген такси қызметі әкімдікке өтініш береді де, әкімдік оны BIG Data базасына тіркейді.

5. Кейін BIG Data базасын полиция, сақтандыру және басқа да мемлекеттік қызметтермен байланыстыру.

6. Ресми такси көлігінің сыртына арнайы сурет не бейне жабыстыру. Мәселен, елорда такси көліктерінің сырты – жасыл түсті.

«Такси қызметінің бірыңғай платформасын құрмай, жоғары айтылған шараларды жүзеге асыра алмаймыз», – дейді Медет Құрманов.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button