Қоғам

Қазақстанда тұрғын үй бағасы тағы да қымбаттады

Елімізде тұрғын үй бағасы қымбаттағанын құзырлы органдар да мойындайды. 

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитетінің мәліметінше, 2020 жылғы қаңтар-тамыз айларында абаттандырылған тұрғын үйлерді алып сату бағасы 6,6%-ға, тамызда 1,4%-ға өскен.

Ал, жаңа тұрғын үйлерді сату 2,6%-ға және 0,5%-ға жоғарылаған. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі жыл басынан бері 5,3%-ға, тамызда 0,9%-ға қымбаттаған.

Азаматтарды тұрғын үймен қамту мәселесі бойынша қандай да бір бағдарлама шыққан кезде үйдің бағасы бірден қымбаттайтыны сарапшылар тарапынан айтылып жүр.  Мәселен, экономист Рүстем Жансейітовтің пікірінше, «Алматы жастары» бағдарламасы әлеуметтік тұрғын үйлердің бағасына әсер еткен. 

Рүстем Жансейітов,

Экономист:

«Менің ойымша, «Алматы жастары» қаламызда жұмыс істеп жатқан жастар үшін қолайлы бағдарлама. Бірақ бұл жерде бағдарламаның тұрғын үй бағасына әсер еткенін ұмытпауымыз керек. Бірінші кезекте шағын көлемді тұрғын үйлер, яғни әлеуметтік тұрғын үйлер қымбаттады. Олардың бағасы 13 миллионның үстіне шығып кетті. Ал, үлкен аумақты қамтитын жылжымайтын мүлік бағасы өсті деу қате болуы мүмкін. «Алматы жастары» секілді бағдарламалар табысы орташа деңгейлі тұрғындарға арналғанықтан, тұрғын үй нарығындағы бағаны толықтай өзгерте алмайды.» 

Осы орайда, Статистика комитеті тұрғын үй нарығындағы бағаның өзгеруіне қатысты 2012 жылдан бері қарайғы салыстырмалы статистиканы келтірді.

Тұрғын үй нарығындағы бағаның өзгеруі

Тұрғын үй нарығындағы баға

Зейнетақы қорындағы ақшаны алу үй бағасына әсер ете ме?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында 2021 жылдан бастап Қазақстан азаматтары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салымының бір бөлігін ала алатыны туралы мәлімдеген болатын.

Салымшылар үш мақсатта, тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделу және жекеменшік қаржы компанияларының басқаруына беру үшін зейнетақы қорындағы ақшаларын ала алады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сенсек,  азаматтардың 80%-ы алған ақшасын тұрғын үй мәселесін шешу үшін жұмсайды. 

Бұл тұрғын үй нарығындағы бағаға әсер етпей ме?

Рүстем Жансейітов,

Экономист:

«Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу жылжымайтын мүлік бағасының, әсіресе, әлеуметтік үйлердің бағасының өсуіне алып келетіні сөзсіз. Бірақ бағаның өсуі қарқынды жүреді деп ойламаймын. Өйткені, халықтың Зейнетақы қорындағы ақшасы соншалықты көп емес.»

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитеті келтірген мәлімет.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button