Қоғам

Қазақстанда жаппай саусақ іздерін алу басталады: бұл не үшін керек?

Соңғы кезде қазақстандықтардың саусақ іздері алынады деген хабар шығып, бәрімізді шошытқан болатын. «Qadam.asia» бұл қандай процедура, қашан басталады және ең бастысы бұл не үшін керек деген сауалдарға жауап іздеп көрді.

Қазақстанда 2016 жылдың 30 желтоқсанында «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Заң қабылданып, ол 2021 жылдың 1 қаңтарында күшіне енуі керек еді.

Алайда, ҚР Ішкі істер министрлігі Заңның енгізілуін кейінге қалдыру туралы ұсыныс тастады. ҚР Ішкі істер министрлігі Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаменті директорының міндетін атқарушы А.Махамбетова кейінге қалдыру ұсынысы не үшін жасалғанын және саусақ іздерін тіркеу не үшін қажет екені туралы айтты.

«Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, саусақ іздерін тіркеуге қатысты Заңның жекелеген нормаларын 2023 жылдың 1 қаңтарына қалдыру туралы ұсыныс тастады. Қазіргі уақытта Заңға қатысты түзетулер Қазақстан Республикасының Парламентінде пысықталуда», – деп хабарлады ол.

Сонымен қатар, ол қазақстандықтар саусақ іздерін тіркеу процедурасынан тек 16 жасқа толуына байланысты төлқұжат немесе жеке куәлік алған кезде, сондай-ақ олардың қолданылу мерзімінің аяқталуына немесе жоғалуына байланысты құжаттарды ауыстырған кезде ғана өтетінін атап өтті.

Заңға сәйкес саусақ іздерін тіркеуге міндеттелетіндер:

– Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжатын немесе жеке куәлігін алуға жүгінген азаматтар;

–  Қазақстан Республикасының теңізшісіне жеке куәлік беру туралы шешім қабылданған Қазақстан азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар;

– Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

– Тұрғылықты тұруға ықтиярхат, азаматтығы жоқ адам туралы анықтама және босқын куәлігін алу туралы өтініш білдірген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

– жұмыс беруші жеке тұлғалардың үй шаруашылығындағы жұмыстарды орындау мақсатында Қазақстанға үй жұмысшысы ретінде келген иммигранттар;

– Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылуға жататын немесе реадмиссия туралы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық келісімдердің қолдану аясына жататын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

– Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының визаларын алу кезінде;

– Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстанның мемлекеттік шекарасынан өту кезінде.

Дактилоскопиялық ақпарат, яғни саусақ іздері – бұл адам саусақтарының папиллярлық өрнектерінің құрылымдық ерекшеліктері туралы биометриялық мәліметтер, бұл оның жеке басын және жеке деректерін анықтауға мүмкіндік береді.

Папиллярлық өрнектердің электрондық коды Қазақстан Республикасы азаматтарының биометриялық паспорттарында және жеке куәліктерінде болады.

Ішкі істер министрлігінің түсіндіруіне сәйкес, Қазақстан азаматтарының саусақ іздері туралы ақпарат иесіздендірілетін болады, яғни мәліметтер базасында саусақ іздерінің сандық моделі және бірегей идентификатор ғана болады, онда толық аты-жөні мен ЖСН-нің жеке деректері көрсетілмейді.

Сонымен қатар, заңға сәйкес саусақ іздері туралы ақпарат қол жетімділігі шектеулі жеке деректерге жатады.

Саусақ іздерін жинауды Көші-қон қызметі қызметкерлері қазақстандықтар жеке басын куәландыратын құжаттарды алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ЦОН) жүгінген кезде жүргізетін болады.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button