Қоғам

«15 минуттық қала», фриланс, кітап: 2021 жылдың жаңа трендтері

2020 жыл ең қорқынышты жыл ретінде жұрт есінде қалатын болады. Тіпті бұған «Time» журналы тарихтағы ең нашар жыл деп баға берді. Енді осы 2021 жылды барынша көңілді, қызықты әрі пайдалы өткізу өзіміздің қолымызда тұр. Ол үшін біз 2021 жылға арналған трендтерді өзіміз белгілеп, ұстануымыз керек және басқа адамдарға да шабыт сыйлауымыз тиіс.

2021 жылғы трендтер бүкіл онжылдыққа әсер етеді.

Биылғы жылдың трендтері алдағы 10 жылға жалғасатындай тренд болу керек және осы планетада өмір сүретіндер үшін жаһандық өзгерістерде маңызды рөл атқаруға тиіс.

Сонымен, жақсы өмір сүруіміз үшін барлығымыз ұстану керек жаңа жаһандық үрдістерге назар аударайық.

САНАЛЫ ӨМІРГЕ ҚАДАМ

Біз өзіміздің робот емес, ойлау қабілеті, таңдау еркіндігі бар саналы адам екенімізді естен шығармайық. Көзімізді кеңірек ашып, әлемге мұқият қарайықшы. Әр нәрсені зерттеп, талдап-таңдап үйрену керек.

Барлығы ұсақ-түйектен басталады, бірақ сол кішігірім нәрселер үлкен өзгерістерге әкеледі. Өміріңізді саналы түрде басқарғыңыз келсе, сізге арнап қысқаша тізім ұсынамыз:

  • Сатып алатын азық-түліктің құрамын оқыңыз;
  • Табиғи өнімдерді тұтынуға тырысыңыз: дүкендегі пакеттен бастап, полиэстерлі киімдерге дейін;
  • Сұраныстан ұсыныс туады. Сіз сапалы дүниені таңдасаңыз, өндіруші де сапаға ұмтылады. Сапасы төмен өнімдер мен қызметтерден бас тартыңыз;
  • Балалар әлемін ұмытпаңыз. Егер жаныңызда кішкентай бала болса, сөйлеген сөзіңізге, айтатын әңгімеңізге абай болыңыз;
  • Өз пікіріңіз болсын. Өзімнің ойым деп жүргеніңіз бір саясаткердің немесе блогердің ойы емес пе? Кейде біз басқалардың моделін қабылдап аламыз да, өзімізді ақылды санап жүреміз. Бұл дұрыс емес;
  • Үнемі дамып отырыңыз. Бір орында тұрып қалмай, жаңа білім алыңыз, оқыңыз, жұмыс ауыстырыңыз, тәжірибе жинаңыз, хобби табыңыз. Өзгерістерге дайын болыңыз.

ЖАПЖАСЫЛ ҚАЛАЛАР

Жайлы өмір іздеп бір қаладан екінші қалаға көшетіндер көп. «Халық аз жерде ауа көп» дейтін сөз де тегін айтылмаған. Тура мағынасында «қалада тыныс алу мүмкін емес».

Әсіресе, Алматы, Нұр-Сұлтан секілді үлкен қалаларда автомобильдер мен өнеркәсіптердің пайдаланылған газдарынан шыққан түтіннен ауа температурасы көтеріліп, адамның жайлылығына да, денсаулығына да кері әсер етеді.

Сондықтан, қалаларды жасылдандыру әр тұрғын үшін де, билік үшін де осы жылдың ең негізгі тренді болу керек.

2021 ЖЫЛҒЫ ТЕНДЕНЦИЯЛАР «15 МИНУТТЫҚ ҚАЛА» СИЯҚТЫ ҚАЛА ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫНА БАҒЫТТАЛУЫ КЕРЕК

Қалада жайлы өмір сүруге байланысты тағы бір тенденция – қалаған жерімізге жылдам жету. Біз енді жұмысымызға, мектепке немесе емханаға кетіп бара жатып, кептелісте өмірімізді жоғалтқымыз келмейді. Сондықтан, «15 минуттық қала» жобасына биліктегілердің және қала жоспарлаушыларының назарын аударту керек.

МЕЙІРІМ МЕН СЫЙЛАСТЫҚ

Егер барлығымыздың жүрегімізде мейірім, құрмет, түсіністік болса, бізді қоршаған әлем де басқаша болар ма еді. Біреуді сынап-мінемей жатып, фейсбукта ызалы пікір білдірмей жатып немесе автобуста жанжал шығармай жатып осыны ойлау керек сияқты. Бұл сіздің бірдеңеге көңіліңіз толмаса, үндемей қалуыңыз керек дегенді білдірмейді. Тек белгілі бір дүниеге байланысты үкім шығармас бұрын, түсіністік танытып, құрметпен қарау маңызды.

Мейірім мен сыйластық әрдайым сәнде болу керек.

КІТАП, ҰЗАҚ МӘТІНДЕРДІ ОҚУ – 2021 ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ ТРЕНДІ

Біз қысқа жаңалықтар мен әлеуметтік желідегі жазбаларды көп оқимыз. Соңғы жылдары адамдардың ақпаратты қабылдауын жеңілдететін медиа-тенденциялар дамыды. Олардың барлығы адамдардың ыңғайына қарай бағытталған. Өйткені көлемді мәтіндер оқырманды шошытады. Десе де, біз одан ақылды боп кетпейміз, ой-өрісіміз де керемет дамымайды. Сондықтан, биыл қалың-қалың кітаптарды оқып үйренуді бастау керек. Ұзын мәтіндерден, күрделі сөйлемдерден қорқудың қажеті жоқ.

АЗ ЗАТ ЖЕҢІЛ ӨМІР

Шын мәнінде, түрлі-түсті жарнамалар болмаса, бізге көп заттың да қажеті жоқ. Киімнің, интерьердің, т.б. соңғы сән үлгілері бізді көп жұмыс істеп, көп ақша құртуға мәжбүрлейді. Біз осы тұтынушылық шеңберінен шығып, өз жолымызбен жүруді үйренуіміз керек. Бақытты болу үшін көп нәрсенің қажеті жоқ екенін түсінгенде ғана өміріміз жеңілдей түседі.

ФРИЛАНС

Пандемия үйреткен бір жағымды дүние болса, ол – жолға, кептеліске уақыт құртпай-ақ үйде отырып жұмыс істеуге болатындығы. Қашықтықтан жұмыс істеу – уақытты үнемдей отырып, ақша табу, жақын адамдардың жанында болу. Бұл тенденция 2021 жылы да және одан кейін де өзекті болады деп ойлаймыз.

Егер сіз 2021 жылдың трендтері сәнді киім кию, соңғы үлгідегі телефон маркасы туралы болады деп ойлап, бірақ соған қарамастан, соңына дейін оқыған болсаңыз, онда текке кетпейтін мақала болды деп сенеміз.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button