Қоғам

2021 жылы қандай бағдарламалар арқылы үй ала аламыз?

Біздің ең маңызды мәселелеріміздің бірі – баспана. Үй алу үшін шамамыз жеткенше капитал жинап жүрміз. Алайда мемлекеттік арнайы бағдарламар болмаса, жиналған қаражатымыз үй алу үшін әзірге жеткіліксіз. Биыл қолжетімді баспанамен қамту жұмыстары қалай, қандай бағдарламалар негізінде жүргізілетінін білу бәріміз үшін маңызды.

Әуелі 2020 жылдың статистикасына көз жүгіртсек.

Былтыр Алматыда қолжетімді баспанамен қамту жұмыстары мемлекеттік және қалалық тұрғын үй бағдарламалары бойынша жүзеге асты. Осының арқасында 2020 жылы 2 535 алматылық отбасы қолжетімді баспанамен қамтамасыз етілді.

Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен қолға алынған «Алматы жастары» бағдарламасы аясында жас отбасыларға 949 пәтер берілді.

Бұл бағдарламаға білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік салалар мен БАҚ-та жұмыс жасайтын жастар, сонымен қатар ЖОО мен ҒЗИ қызметкерлері қатысқан болатын.

Тағы 432 пәтерді «Шаңырақ» бағдарламасының шарттарына сәйкес кезекте тұрғандар алған, ал 360 отбасы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдетілген несие шарттары бойынша баспаналы болған.

Көпбалалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ мүгедек бала тәрбиелеп отырған үйелмендер «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жыл ішінде 365 пәтер алды.

Коммуналдық тұрғын үй қорынан 429 пәтер халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасыларға бөлінді.

Осы статистика негізінде жоғарыда айтылғандай 2 535 алматылық отбасы қолжетімді баспанамен қамтамасыз етілгенін біле аламыз.

Бұл жұмыс алдағы жылы да жалғаса ма?  

2021 жылы қалай үй ала аламыз?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы 700 мың азаматтың Зейнетақы қорындағы ақшасының бір бөлігін ала алатынын айтқан еді. Президенттің сөзінше, азаматтар қордан алған қаражатын баспана алуға, емделуге, әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсай алады.

Соңғы статистика бойынша, 800 мыңнан астам адам зейнетақы қорынан қаржысының бір бөлігін алайын деп отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл адамдардың басым көпшілігі алған ақшасын тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында жұмсайды.

Жақында ғана атауын өзгерткен «Отбасы банк» алдағы уақытта Зейнетақы қорында жиналған қаражатты пайдалану бойынша бірыңғай оператор атануға ниетті.

«Адамдар ақша жинай бастады. Енді бәрі ақшаның жұмсалуын есептеп, қиын пайыздарды түсіне бастайды. Олар шешімді саралап барып қабылдайтын білімді клиентке айналады. Қазірдің өзінде олар егер «Отбасы банкте» жылдық 5 пайызбен несиеміз бар болса, қарызды не үшін өтеу керекпіз деп сұрай бастады. Зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін тағы бір пәтер сатып алуға пайдалануға болады. Бұл халықтың сауатты бөлігі. Жинақтау бойынша олардың деңгейі жоғары, олармен басқаша жұмыс істейміз», – дейді Банк Төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Халықтың баспанаға қатысты сауатының өскенін құзырлы мекемелердің өзі мойындай бастады. Бұл қуанышты жайт. 

Жоғарыда айтқанымыздай, былтыр «Алматы жастары» бағдарламасы аясында жас отбасыларға 949 пәтер берілген. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев 2021 жылы да «Алматы жастары» бағдарламасы жалғасын табатынын айтқан болатын.

Демек, биыл да осы бағдарлама негізінде 35 жасқа дейінгі алматылықтардың біразының баспана алуға мүмкіндігі бар деген сөз. Тек жастардың көпшілігі «Алматы жастары» бойынша берілетін 13 миллион теңге аз екенін айтып жүр.

2020 жылы «Алматы жастары» бағдарламасы іске қосылғаннан кейін қаладағы үйлердің бағасы айтарлықтай өскен. Берілетін 13 миллион теңгеге 1 бөлмелі пәтер алу мүмкін болмай қалды. Сондықтан, берілетін соманы көбейту керек деген ұсыныс айтылуда.

Бұдан бөлек, «Баспана Хит», «7-20-25», «Нұрлы жер», «Әскери өнім», «Бақытты отбасы» және «Өз үйім» секілді бағдарламалардың да бар екенін еске салғымыз келеді.

Бұл бағдарламалардың қайсысы тиімді, қайсысының пайызы төмен, қайсысы сізге қолайлы екенін өзіңіз таңдайсыз.

Тек кез келген бағдарламаның шарттарымен танысарда мұқият оқып шығуыңыз, түсінбеген сұрақтарды сұрап, толыққанды жауап алып, түсініп алуыңыз өте маңызды.

Сонымен қатар, жыл басынан бастап ертерек қамдануыңыз керек екенін де ескеріңіз. Себебі, баспанаға қатысты бағдарламалар іске қосылған сайын үй бағасы өсе береді. Сарапшылардың айтуынша, жыл соңына қарай үй бағасы 20-30 %-ға қымбаттауы мүмкін.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button