Қоғам

Азық-түлік бағасын қалай арзандатуға болады?

Қымбатшылық халықты қысып барады. Үкімет азық-түлік бағасын ұстап тұру мен қымбатшылықты тоқтату мәселесін күн тәртібіне қойды. Бірақ шешімі қандай болары белгісіз. Қымбатшылықты тоқтата ала ма әлде жоқ па – бұл сауал да алдағы күннің еншісінде.

Қымбатшылықтың ызғарын ең алдымен сезінетін – саудагерлер. Өндіріс пен халық арасында дәнекер болып жүрген бұл қауымның баға саясатын бір кісідей түсінер әлеуеті бар. Өз айтары мен түйген ойы бар десек артық емес. Сондықтан Qadam.asia тілшісі базар мен көтерме базар саудагерлерімен тілдесіп, «азық-түлік бағасын қалай арзандатуға болады?» деген сауалдың жауабын білуге тырыстық.

Райхан БЕЙСЕНБАЙҚЫЗЫ, Көк базарда ет сатушы

Қуаңшылық басылсын

Биыл ет қымбат. Бір айда 1900 теңгеден 2300 теңгеге бір-ақ көтерілді. Базарда сатушы боп жүргеніме 20 жыл болды. Ет бағасының түскенін көрген емеспін. Биыл неге ет ерекше қымбаттап тұр дегенге келсек, ауыл-аймақта қазір қуаңшылық. Соярға мал жоқ. Бәрі көтерем. Қазір бордақыда тұрған малдар ғана сатылып жатыр. Ол да бітудің алдында тұр. Елде мал да, ет те жоқ. Ел-жұрттың бәрі мал көтерем болған соң, шетінен сатып жатыр. Демек ет әлі де қымбаттауы мүмкін.

Баға қымбаттаған соң, сатып алушылар да аз. Егер бұрын бір аптада 4 бас жылқының етін сатсақ, қазір біреуге де жетпейді.

Еттің бағасын арзандатуға бола ма жоқ па, білмеймін. Бірақ бұрынғы бағасын ұстап тұруға болады. Ол үшін ауылдағы шаруаларға, мал күтіміне үкімет тарапынан қолдау керек. Олай болмаса, биыл ел-жұрт соғымсыз, етсіз қалады.

Жарқын ӘУБӘКІРҰЛЫ, Жұлдыз көтерме базарының сатушысы:

Монополияға жол жоқ

Биыл қуаңшылық. Содан ұн мен сұйық май, күріш қымбаттап жатыр. Енді қант та қымбаттай бастады. Қазақстанда қант өндірісі – монополия. Былтыр Белоруссиядан қант келетін. Соның есебінен 50-60 теңге болсын, арзан болды. Биыл бірақ беларусь қанты жоқ. Ал біздікілер бағаны қайта өсіріп жіберді.

Баға біздің (сатушылардың – ред.) қолда емес. Өндірушілердің өзі ең алдымен баға қояды. Ал көтерме саудашылар ары кетсе, 10 теңге ғана қосады. Бізге өндірушілер әр квартал сайын баға өседі деп ескертіп кетеді. Біз де соған дайын отырамыз. Шамамен, квартал сайын баға 10 пайыз қымбаттап келеді.

Қымбатшылықты қалай тоқтатуға болады дегенге келсек, басты үш себебін айтып көрейін.

Біріншіден, мемлекет монополияны тез арада ретке келтіріп, қолға алуы керек. Монополия бар жерде бағада рет болмайды.

Екіншіден, шағын бизнес өкілдеріне, яғни, саудагерлерге жасалған салықтық мораторийді ұзарту керек. Қазір мемлекет тарапынан дүкендерге бухгалтерлік есеп тапсыруға міндеттеп жатыр. Егер бұл енгізілетін болса, онда бағаның қазіргі қымбаттағаны түк болмай қалады. Нағыз қымбатшылық сонда басталады.

Үшіншіден, ірі супермаркеттер қазір қаланың түкпір-түкпірінен ашылып жатыр. Оған шектеу қою керек деп ойлаймын. Бұрын базарға ағылатын жұрт қазір супермаркетке бара салатын болды. Ал супермаркет – монополия. Егер жақын аумақты бір өзі жаулап алса, бір өзі баға қоюшы әрі сатушы болмақ. Ал базардағы баға супермаркеттен 10-20% арзан.

Шаһар ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ, көтерме базарының сатушысы:

Баға биліктің ғана қолында

Ел-жұрттың бәрі бағаны сатушылар қымбаттап жатыр деп ойлайды. Бірақ біз қара халықтың бірі ғанамыз. Бағаның неге көтеріліп жатқанын биліктен сұрау керек. Өйткені кеден салығын, логистика, жол салығын реттейтін де – билік.

Бағаның көтеріліп кетуіне логистика себеп. Себебі бензин бағасы, неге екені белгісіз, көтеріліп барады. Енді магистраль жолдарды ақылы етейін деп жатыр. Ол ақылы болса, азық-түлік тағы қымбаттайды. Жыл басында 5 литрлік сұйық май 1 000 теңге тұратын, қазір 4 000 теңгеге бір-ақ шықты. Не сұмдық?!

Жол шығыны азаймай, баға түспейді. Бұл – анық.

Маржан БЕЙБІТҚЫЗЫ, Жұлдыз көтерме базарының сатушысы

Баға бізге қымбаттап келеді

Бағаны ең алдымен қоятын – бұл өндірушінің өзі. Олар көтерме базарға өкілдерін жіберіп, өздері әкеп береді. Біз оны қоймаға қойып, содан сатамыз. Сондықтан баға неге қымбаттап жатыр дегенді сол өндірушілерден сұрау керек.

Елде байлар байып, халық кедейленіп жатыр. Оны өзіміз де көріп жүрміз. Бағаны реттеуге мемлекеттің өзі кіріспей, нәтиже шығару қиын. Фабрика мен зауыттар, фирма мен кәсіпорындар бағаны өзі түсірмейді.

Оқи отырыңыз: Инфляция: Қымбатшылықты тоқтата аламыз ма?

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button