Қоғам

Биыл ең төменгі жалақы неге өспеді?

Қазақстандағы ең төменгі жалақы әлемдегі соңғылардың бірі болып табылады. Ең төменгі жалақы былтыр 42 500 теңге еді. Бұл көрсеткіш биыл да өзгерген жоқ. Неліктен?

Шегерімдер қызметіне талдау жасайтын халықаралық рейтингтік Picodi компаниясының сарапшылары әлемнің  56 еліндегі ең төменгі еңбекақы қалай өзгергенін зерттеген.  Бұл зерттеу базалық азық-түлік қоржынымен салыстыру арқылы жүзеге асырылыпты.

Коронавирустың жалақы өсіміне әсері

Зерттеуге ең төменгі жалақыны үкіметтері бекіткен 56 ел қатысқан. Кейбір елдерде ең төменгі еңбекақы салық ұстауға (Филиппин, Гонконг) жатпайды екен.

Алайда, елдердің басым көпшілігінде «таза» және «лас» жалақылар арасындағы айырмашылық екіден бастап, ондаған пайыздарға дейін құбылатын көрінеді. Сондықтан да зерттеулерде нетто сомасы қарастырылған, яғни жұмыскерлердің нақты қолына тиетін ақшалары ескерілген екен.

Зерттеу өткізілген елдердің үштен бірі 2021 жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны көтеруге шешім қабылдай алмаған. Олардың ішінде Армения, Әзербайжан, Эстония мен АҚШ бар, мұнда тіпті 2009 жылдан бері федералдық мөлшерлеме өзгермеген.

Ең төменгі жалақының мейлінше үлкен өсімі Украинада тіркелген (өткен жылмен салыстырғанда 27%). Әйтсе де, бұл елдегі жалақыны доллармен есептегенде ең төмендердің бірі күйінде қалып отыр (171%).

Қазақстан екінші жыл қатарынан осы рейтингтегі соңғы орындардың бірінде қалып келеді. Іс жүзінде ең төменгі еңбекке ақы төлеу өзгерген жоқ және сол күйі 42 500 теңгені құрайды.

Ал, сақтандыру жарналарының артуы салдарынан «таза» еңбекақы былтырғы жылдан төмендеп, енді 37 400 (2020 жылмен салыстырғанда -1,1%) теңгені құрапты. Салыстырар болсақ, Германияда ең төменгі жалақы 1,5%-ға, Ресейде – 5,5%-ға, Польшада – 9,8%-ға, ал Беларусьте – 6,7%-ға өскен.

Биыл тағы да азық-түліктің қымбаттауы байқалуда

Зерттеулер шартты азық-түлік қоржынын құраған және азық-түліктің бағаларын ең төменгі жалақымен салыстырған. Қоржын мынадай азық-түліктен құралған: нан, сүт, жұмыртқа, күріш, ірімшік, ет, жеміс-жидектер мен көкөністер.

Бұл тізім соншалықты тапшы болғанымен, ондағы аталған азық-түлік түрлері (көрсетілген сандарында) орташа статистикалық ересек адамның қоректік заттарға деген ең төменгі қажеттіліктерін қанағаттандыра алады:

  • сүт (10 литр) – 3200 теңге;
  • нан (10 бөлке нан) – 1360 теңге;
  • күріш (1,5 кг) – 510 теңге;
  • жұмыртқа (20 дана) – 720 теңге;
  • ірімшік (1 кг) – 2450 теңге;
  • ет (6 кг) – 11170 теңге;
  • жеміс-жидектер (6 кг) – 3620 теңге;
  • көкөністер (8 кг) – 2250 теңге.

Мұндай азық-түлік қоржынының құны 2021 жылдың басында 25 280 теңгені құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 13,87%-ға көп.

Осылайша жинақталған азық-түліктік қоржын салықтарды төлеп болғаннан кейінгі ең төменгі еңбекақының 67,6%-ын құрайды екен. Былтыр мұндай ара-қатынас 58,7%-ға тең болыпты.

Бұдан шығатын қорытынды: Қазақстан азаматтарының ең төменгі жалақысының жағдайы нашарлай түскен.

Ең төменгі жалақыға қай елдерде өмір сүруге болады?

Шындығында, әр отбасының өз тағамдық әдеттері бар. Дегенмен, зерттеумен айналысқандар нақ сондай азық-түліктердің әр түрлі елдердегі құнын салыстырған, сосын ресми ең төменгі табыстардың қанша пайызы негізгі азық-түліктік қоржынды жабуға кететінін тексерген.

Азық-түлік бағаларының ең төменгі еңбекақыға ең тиімді қарым-қатынасы Ұлыбританияда, Ирландияда және Австралияда тіркелген. Бұл елдерде азық-түлік қоржыны жергілікті ең төменгі еңбекақының  7%-дан 7,6%-ын ғана құрайды екен.

Осы рейтингте Қазақстан 67,6% көрсеткішімен 56 елдің арасында 54-ші орынға жайғасыпты. Бұл ретте Филиппин (53-орын) мен Арменияның (52-орын) жағдайлары сәл жақсырақ екен.

Ал, Өзбекстан мен Нигерия сияқты елдердегі ресми ең төменгі жалақы тіпті ең жұпыны азық-түлік жиынтығын сатып алуға да жарамайтын көрінеді.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button