Қоғам

ХХІ ғасырдың ең үлкен терактілері

Лаңкестік шабуыл мен теракті – қай мемлекетке болмасын сабақ, етек-жеңін жинауға себеп болатыны анық. ХХІ ғасырдың басы – лаңкестік шабуыл өршіген, етек алған кезең болды. Қазіргі оқиғаларға қарап, терактінің әлі де жойылмағанын байқаймыз.

Ендеше әлемде болған ең үлкен терактілер жайлы бірер ауыз сөз қозғап көрсек.

1. 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-та болған теракті – әзірше әлемдегі ең үлкені, қаза болған адам саны жағынан ең қайғылысы. Мұндай теракт бұрын-соңды болған емес.

«Әл-Кайда» қозғалысының (Қазақстанда тыйым салынған) 19 жендеті төрт бірдей жолаушылар ұшағын басып алады. Оның екеуі Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының ғимаратына келіп соғылып, біреуі Пентагонның ғимаратына бағытталады. Ал төртінші лаңкестер мен жолаушылар бір-бірімен қақтығысып, ұшақ қанаты бақылаудан шығып, Пенсильвания штатындағы қалаға кеп құлайды.

Қайғылы оқиғадан 2998 адам қаза тауып, 25 адамның мәйіті сол күйі жоғалып кетті.

Уақыты: 2001 жыл 11 қыркүйек

Қаза тапқандар саны: 2998 адам

Ел (қала): АҚШ, Арлингтон, Шенксвилл

Ұйымдастырушы: Әл-Кайда (Әл Қағида)

2. 2003 жылы Ирак соғысы басталып, түрлі лаңкестік оқиғалар болғаны белгілі. Алайда 2007 жылы 14 тамызда болған оқиғаның жарасы әлі жазылмады. Сол күні Кахтания қаласында төрт жағармай тиелген көлік жарылып, алапат жарылыс көпқабатты үй мен ғимараттардың тас-талқанын шығарды. Бұл көлікке лаңкестер әдейі жарылғыш затты байлап, дұшпаны – езид қозғалысының өкілдері шоғырланған аумаққа жіберген екен.

Бұл террористік шабуыл – Ирактағы ең үлкен қанды оқиға боп тарихта қалды. 789 адам қаза тауып, 1500-ден астамы жарақат алған.

Уақыты: 2007 жыл 14 тамыз

Қаза тапқандар саны: 789 адам

Ел (қала): Ирак, Кахтания қаласы

Ұйымдастырушы: Әл-Кайда (Мұхаммед әл-Аафри)

3. Кавказ аймағы – Беслан қаласында болған теракт Ресейде осы күнге дейін болған терактілердің ең үлкені. Солтүстік Осетия халқы мұны әлі күнге дейін ұмытқан жоқ. Теракт 2004 жылы 1 қыркүйек күні болған.

Шешен жауынгерлері дәл Білім күнінде Беслан қаласының №1 орта мектебіне басып кіріп, 1000 адамды тұтқынға алады. Басым көбі – балалар. Қарулы күш пен полиция лаңкестермен байланыс орнатып, келісімге келуге тырысқанымен түк шықпады. Ресми деректерге сүйенсек, террористер тұтқындарды 2 күн бойы босатпай, аш-жалаңаш ұстапған. 3 қыркүйек сағат 13.00 уақытында тұтқындардың жүйкесі сыр беріп, лаңкестердің өзіне қарсы шыға бастаған. Кейбірі қашып, лаңкестер оған оқ жаудырады. Арнайы жасақтың ойлануына уақыт болмады. Лаңкеске қарсы күрес штабы ғимаратты басып алуға бұйрық береді. Арнайы жасақ ғимаратқа штурм жасап кіреді.

Қайғылы оқиғадан 335 адам қаза табады. Оның 186-сы – балалар мен жасөспірімдер.

Уақыты: 2004 жыл 1 қыркүйек

Қаза тапқандар саны: 335 адам

Ел (қала): Ресей, Беслан қаласы

Ұйымдастырушы: Шешен жауынгерлері (Шамиль Басаев, Абу-Дзейт, Магомед Хашиев, Руслан Хучбаров)

4. 2017 жылы 14 қазанда Сомалиде екі бірдей теракт орын алды. Могадишо қаласында мина қойылған екі көлік жарылып, 587 адам қаза табады. Тағы жүздеген адам ауыр жарақат алады.

Жарылған жүк көлігінің бірі дәл қонақ үйдің түбіне келіп опат болады. Қарама-қарсы бетте қаланың үлкен базар орналасқан. Қонақ үйдің ғимараты үйіндіге айналып, бейбіт тұрғындардың көбі құлаған үйіндінің арасында қалды.

Ал екінші көлік барып қала әкімшілігінің маңында жарылады. Бұдан екі адам қайтыс болды.      

Лаңкестің топтардың бірде-бірі мойындамады. Бірақ Сомали билігі терактіні «Әл-Каида» мен «Аш-Шабаб» радикалды тобы бірігіп ұйымдастырды деп кіналайды.

Уақыты: 2017 жыл 14 қазан

Қаза тапқандар саны: 587 адам

Ел (қала): Сомали

Ұйымдастырушы: Әл-Кайда мен Аш-Шабаб (болжам бойынша)

5. 2001 жылы 10 тамызда Ангола астанасында жолаушылар пойызы жарылып, 250 адам қайтыс болады. Терактіні Анголаның тәуелсіздігі үшін күрескен Ұлттық одақ ұйымы мойынына алып, билікке қарсы ескерту жасағанын айтады.

Қарулы топ билік өкілдері бұл пойызбен қару-жарақ тасыды, оны арнайы сарбаздар күзетке алды деп айыптап, терактіні қасақана жасаған. Пойызға мина қойып жарған.  

Қаза тапқандардың бәрі бір қабірге жерленіп, ескерткіш тас қойылған.

Уақыты: 2001 жыл 10 тамыз

Қаза тапқандар саны: 250 адам

Ел (қала): Ангола, Зенза қаласы

Ұйымдастырушы: Анголаның тәуелсіздігі үшін күрескен Ұлттық одақ ұйымы

Бұдан басқа, Индонезияның Бали аралында, Үндістанның Бомбей қаласында, Испанияның Мадрид қаласында, Ресейдің Мәскеу қаласында, Пәкістанның Қарашы қаласында да ірі терактілер болған. Одан 130-220 адам қайтыс болған.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button