Қоғам

Instagram тарихындағы ең танымал фотосуреттер

Биыл күзде Instagram қосымшасының алғашқы нұсқасының іске қосылғанына тура 10 жыл толды. Instagram-дағы алғашқы жарияланым – Кригердің South Beach айлағындағы яхталарды көрсететін фотосуреті еді. Бұл фотосурет осы 10 жылдың ішінде 38 мың шамасында лайк жинапты. Содан бері әйгілі платформаның аудиториясы көз ілеспес жылдамдықпен көбейгені соншалық, қазір ең танымал суреттер он миллионнан көп лайк жинайды.

Бүгін сіздерге Instagram тарихындағы ең көп лайк жинаған фотосуреттерді ұсынамыз. Кейбір суреттерге қарап таңғаласың, тіптен езуіңе күлкі үйіріледі…

Жұмыртқаның суреті – 54,8 миллион лайк жинаған. Сену қиын болса да, бұл факт. Кәдімгі тауық жұмыртқасының суреті шынында да, желі қолданушыларының ең сүйікті фотосына айналған.

Әйгілі рэпер XXXTentacion-ның өлер алдындағы соңғы суреті – 21,6 миллион лайк жинаған. Бұл фотоның лайктары әлі күнге өсіп келеді.

Актер Чедвик Боузманның қайтыс болғаны туралы отбасының жариялаған жазбасы – 18,9 миллион лайк жинаған. «Кек алушылар» («The Avengers») фильмдер топтамасында суперқаһарман «Қара пантераны» сомдаған актер қатерлі ісіктен қайтыс болды.

Америкалық модель Кайли Дженнердің дүниеге келген қызының алғашқы суреті – 18,5 миллион лайк жинаған. Әлемдегі ең жас миллиардер жүктілік кезеңі мен босанғанын ұзақ уақыт бойы жасырып жүрген болатын.

Дженнифер Энистонның «Достар» («Friends») телехикаясындағы әріптестерімен түскен суреті – 16,2 миллион лайк жинаған. Қарапайым фото болса да, желі қолданушылары үшін қаншама эмоция мен естеліктерді еске түсірген бұл суреттен көпшілік лайктарын аяп қалмады.

Кайли Дженнердің бұрынғы жігіті Травис Скотты туған күнімен құттықтауы – 15,9 миллион лайк жинаған.

Әйгілі баскетболшы Леброн Джеймстің аңызға айналған Коби Брайантты еске алуға арналған жазбасы – 15,4 миллион лайк жинаған. Коби Брайант биыл ақпанда қайтыс болған болатын. Ол қызымен бірге тікұшақ апатына ұшыраған еді.

Кайли Дженнердің ваннаға түсіп жатқан тәп-тәтті қызының суреті – 15,3 миллион лайк жинаған.

Актер Дуэйн Джонсонның үйлену тойындағы сурет – 14,5 миллион лайк жинаған. Шамасы ерлі-зайыптылардың ең әдемі әрі жарасымды жұптардың бірі болып саналуы тегін емес шығар.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button