Қоғам

Карантинде өткен ерекше тойлар

Карантин жағдайларына қарамастан отбасы құрғысы келетін жас жігіттер мен қыздардың қатары азаймады. Тіпті, жағдайдан шығып ерекше той ұйымдастырып жатқандары бар. Шынымен қазіргі туындаған кедергілерден компромисті шешім қабылдау, болашақ отбасыда болатын мәселелерді жеңіл шешуге үлкен тәжірибе болатыны анық. 

Мысалы, Еуропада карантин шаралары неке қию салтанатын өткізуге кедергі болмады, себебі Швеция тұрғыны Александер Клерн мен Норвегия тұрғыны Камила Ойорд екі ел шекарасында неке жүзіктерімен алмасты. Норвегия шетел азаматтарына шекарадан өтуге рұқсат бермегендіктен той қонақтары орманда жиналып, шекараның арғы бетінен жас жұбайларға тілектерін жолдады. 

АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында шіркеудегі қонақтардың орнына адамдардың суреттері жабыстырылып, неке қию рәсімі өткен.  Паррис пен Эмили көп адам қатысатын іс-шараларға тиым салынғандықтан, тойға туыстары мен достарын шақыра алмаған. Салтанатты рәсімде екі жастың жақын адамдары және фотограф қана болған. Ал ілініп тұрған суреттердегі адамдарды той иелері мүлде танымайды екен. Қонақтардың орнына шіркеуге келушілердің суреттерін жас жұбайларға жақсы көңіл күй сыйлау үшін шіркеу әкімшілігі жабыстырған екен. 

Ригада жас жұбайлар АХАЖ бөліміне химиялық қорғау костюмдерімен келген. Бұл суретті алғашында Instagram-да Латвия астанасының бұрынғы әкімі Нил Ушаков жариялаған. Кейін ол суретті өзінің аккаунтынан өшірді, алайда сурет әлеуметтік желі қолданушылар арасында қызу талқыға түсіп, ерекше тіркеу ретінде есте қалғандай. 

Тағы бір жұп үйлену тойын виртуалды ойында өткізген екен. Animal Crossing ойынын жақсы көретін ғашығын Назмул Ахмет әдеттегідей бірге ойын ойнауға шақырған, алайда қызықты ойынның орынына қызды жүректер мен гүлге толы виртуалды әлем күтіп тұрды. Күйеу жігіт ойынға достарын да шақырып нағыз тойдың атмосферасын жасай алған екен. 

Бұндай креативті қазақстандықтар да ұйымдастырған. Мысалы, журналист Марк Брюшко бақылау-өткізу бекеттерінде сюжет түсіріп жатқан сәтінде сүйіктісіне ұсыныс жасаған. Ал, тікелей эфирді көрген қалыңдық телефон арқылы өз келісімін берген. Нұр-Cұлтан қаласында қызмет атқарып жүрген күйеу жігіт ұсынысты наурыз айына жоспарлаған болатын, алайда инфекцияға байланысты Қарағандыдағы сүйіктісіне жете алмаған.

3:40 минуттан бастап көруге болады

Онлайн тойлар да басында жәй ғана қалжың ретінде қабылданса, қазір қалыпты жағдайға айналып кетті. Тіпті, бұндай шараның бірі Оңтүстік Корея мен Қазақстанның төрт қаласын байланыстырған. Дүйсеновтер отбасы қыздары Қорланды Оңтүстік Кореяда білім алып жатқан жігітке ұзатса, Қорланға құдалар сырғаны Көкшетау қаласынан арнайы жеткізумен беріп жіберген. Онлайн кездесуде тамада да болған. Осылай жас жұбайлар ешкімге де, ешнәрсеге де өздерінің ең бақытты күндерін бұзуға мүмкіндік бермеді. 

Пандемия тойға ғана байланысты емес, басқа да көптеген жоспарларды өзгертуге мәжбүрледі. Бірақ бұл жағдай үйлену тойлардың ерекше, әдеттен тыс өтуіне әсер етті, сонымен қатар қалта қағарлық шығындар да қысқарды. Ал ең маңыздысы – жастардың бақыты үшін көптеген қонақтарға арналған мерекелер ұйымдастырудың маңызды емес екенін дәлелдеген сияқты. Кез келген кедергілер мен шектеулерге қарамастан, әрбір адам қоғамға өзінің отбасы атты кірпішін қалай алады. 

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button