Қоғам

«Коронавирустан да қауіпті»: Билл Гейтс адамзатқа төнген қай қатерді болжап отыр?

Microsoft корпорациясының негізін қалаушы Билл Гейтс коронавирусты жеңгеннен кейін адамзатты басқа қауіп-қатер күтіп тұрғанын ескерткен болатын. Мультимиллиардер бұл туралы YouTube-тегі Veritasium арнасына берген сұхбатында айтты. Ғаламдық жылынуға байланысты табиғи апаттардан қаза табатындардың саны жыл сайын арта түсетінін және пандемия кезіндегіден әлдеқайда көп адам құрбан болатынын да болжап отыр.

Ғалымдар климаттың өзгеру жылдамдығының артқанына бұрынғыдан да көбірек мән беруде.

Полярлы мұздықтардың еруі, өсімдік жамылғысы мен жабайы табиғаттың жоғалуы, апатты дауылдар – Жердегі өмірдің көптеген аспектілеріне әсер етеді. Ғаламдық жылыну тек Жердің жылынуын ғана білдірмейді, бұл әлеуметтік, экономикалық дағдарысқа әкеледі, физикалық денсаулыққа залалын тигізеді.

Ғаламдық жылыну қазірдің өзінде мұхит деңгейінің көтерілуі, құрғақшылық және ауа-райының өзгеруі нәтижесінде адамдарға, өсімдіктерге және жануарларға айтарлықтай әсер етуде. Әлем ғалымдары мұны халықтың денсаулығы мен экологиялық проблема ретінде мойындап та қойған. Бүгін біз жаһандық жылынудың қоршаған ортаға және біздің өмірімізге әкелетін ең қорқынышты 9 салдары жайлы айтпақпыз.

ЖҰМАҚТАЙ БОЛҒАН АРАЛДАР СУ ТҮБІНЕ КЕТЕДІ

50 жылда мұхит деңгейі 10 сантиметрге көтерілді. Бұл алдағы жылдары да жалғаса беретін, тіпті үдей түсетін тенденция. NASA сарапшыларының пікірінше, алдағы 100-200 жылда мұхит деңгейі кем дегенде бір метрге көтерілуі мүмкін.

БҰҰ-ның соңғы есебінде егер жылыну 2°C температурада сақталса, мұхит деңгейі 43 сантиметрге көтерілетінін, ал жылыну қазіргі деңгейде жалғасса, онда өсім 84 сантиметрге дейін барады деп тұжырымдады.

Теңіз деңгейінің көтерілуінің алғашқы «құрбандары» Тынық мұхит архипелагтары, атап айтқанда, Маршалл аралдары, Полинезия аралдары, Мальдив аралдары және Азияның кейбір аймақтары (Филиппин, Индонезия) деп күтілуде. CNRS-тің 2014 жылғы зерттеуіне сәйкес, 10 000-нан 20 000-ға дейінгі аралдар бір ғасырда толығымен жойылып кетуі мүмкін.

Кейбір елдер қазірдің өзінде мұндай апатқа дайындық шараларын жасауда. Тынық мұхитындағы Бикини атоллының тұрғындары АҚШ-тан баспана сұраған болатын.

МАЙАМИ, ТОКИО, АМСТЕРДАМ ЖӘНЕ ТАҒЫ БАСҚА ҚАЛАЛАРДЫ СУ БАСАДЫ

Теңіз деңгейінің көтерілуінің тағы бір салдары: теңіз деңгейінен төмен салынған көптеген ірі қалаларды су шайып кетуі мүмкін. Бұл әсіресе Майами, Нью-Йорк, Токио, Сингапур, Амстердам, тіпті Роттердамға да қатысты.

Колорадо университетінің Колорадо астродинамикалық зерттеулер орталығының профессоры Стивен Неремнің айтуынша, Флорида штатындағы кейбір қалалар үшін, әсіресе Майами үшін «тым кеш болып кеткен сияқты». Ал, егер қазба отынын тұтынуды азайту үшін ештеңе жасалмаса, Нью-Йорк 2085 жылы өмір сүруге жарамсыз қала болып қалуы мүмкін.

АЛАПАТ ДАУЫЛДАР МЕН ЦИКЛОНДАР

Сарапшылар дауылдар мен үлкен циклондар жаһандық жылынудың тікелей салдарының бірі болып табылады дейді. Кариб теңізі аймағына әсер ететін Харви, Ирма, Мария, Хосе, Катрин сияқты дауылдар өз энергиясын мұхиттар шығаратын энергиядан алады.

Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық эксперттер тобының климатологы Валери Массон-Дельмоттың айтуынша, Атлант мұхитының беткі температурасы мен биіктіктегі температураның айырмашылығы жоғары болған. «Климаттың өзгеруіне дауыл сияқты ауа-райы құбылыстары тікелей әсер етпейді. Бірақ бұл олардың қарқындылығын, жиілігін немесе ұзақтығын арттырады », – дейді ол.

АПТАП ЫСТЫҚТЫҢ РЕКОРДТЫҚ КӨРСЕТКІШІ

Ғалымдар парниктік газдар шығарындыларының мөлшеріне байланысты 2100 жылға қарай Жер бетінің орташа температурасы 0,3-тен 4,8°С-қа дейін көтеріледі деп күтеді.

БҰҰ өткен онжылдықты (2010-2019 жж) тарихтағы ең жылы кезең болды деген еді. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым 2019 жылды 2016 жылдан кейінгі ең ыстық жыл болды деп мәлімдеген. 2020 жыл да бұдан қалыспады.

ОРМАНДАРДЫҢ ӨРТЕНУІ ЖИІЛЕЙДІ

Португалия, Канада, АҚШ, Италия, Франция, Сібір, Аустралия… Орман өрті соңғы жылдары күшейе түсті. Мұның бірден бір себебі: жылу толқындары жиілеп, нәтижесінде ормандардың өртенуіне әкеп соқтыратын құрғақ және өте ыстық климаттың пайда болуы.

Климатолог Эрве Ле Тренің пікірінше, «жаһандық жылыну – өрттің көбеюін түсіндіретін факторлардың бірі».

280 МИЛЛИОНҒА ЖУЫҚ КЛИМАТТЫҚ БОСҚЫНДАР БОСЫП КЕТЕДІ

Климаттың өзгеруі төтенше ауа-райы құбылыстарының жиілігі мен қарқындылығын арттырады. Алдағы онжылдықтарда одан әрі күшейеді деп күтіліп отырған табиғи апаттар халықтың көші-қонын тудыруда. БҰҰ өзінің 2019 жылғы есебінде 2050 жылға қарай әлемде 280 миллион адам босып кетеді деп болжайды.

Франсуа Олланд: «Бүгінгі таңда климаттық босқындар әскери босқындарға қарағанда көбірек. Олардың шамамен 80% -ы Оңтүстікте тұрады, бірақ олар сол жақта қала ма? Алдағы жылдары: он, жиырма немесе отыз жылдан соң босқындар саны арта түседі», – деп болжауда.

IDMC (Ішкі орын ауыстыруды бақылау орталығы) мәліметтері бойынша, 2011-2014 жылдар аралығында климаттық жағдайға орай 83,5 миллион босқын анықталған.

2030 ЖЫЛҒА ҚАРАЙ КЕДЕЙЛЕРДІҢ САНЫ АРТАДЫ

Дүниежүзілік банк 2015 жылдың қараша айында жариялаған баяндамасында парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша мақсаттар орындалмаса, 100 миллионнан астам адам нағыз кедейлікке ұшырауы мүмкін екендігін айтқан. «Климаттың өзгеруінен бірінші кезекте зардап шегетіндер өте кедей жандар. Біздің алдымызда тұрған күрделі мәселе – климаттың өзгерісінен он миллиондаған адамдардың ең нашар деңгейдегі кедейлігіне ұласпауы», – деген еді Дүниежүзілік банк тобының президенті Джим Юн Ким.

Халықтың ең кедей тобына жауын-шашынның азаюына байланысты егіннің шықпауы, азық-түлік бағасының көтерілуі қауіп төндіреді. Бұл әсіресе Африка континентінің тұрғындарына ауыр соққы болуы мүмкін.

Азық-түлік бағасы 2030 жылға қарай 12%, 2080 жылға қарай 70% өседі.

БҰҰ 2080 жылға қарай 600 миллионға жуық адам тамақтанудың жеткіліксіздігінен зардап шегуі мүмкін деп есептейді. Ауа-райының құбылмалылығы мен қарқындылығының артуы, температура мен теңіз деңгейінің көтерілуі, су тасқыны мен құрғақшылық тамақтануымызға айтарлықтай әсер етеді.

АУРУ-СЫРҚАУ КӨБЕЙЕДІ

Дүниежүзілік банк ғаламдық жылынудың түрлі ауру тудыратынын да айтып өтеді. Мәселен, іс жүзінде маса арқылы берілетін аурулардың таралу мерзімін ұзарта алады. 2-3°C дейін жылыну безгекке бейім адамдардың санын көбейтеді. Көбінесе судың ластануынан болатын диарея аурулары алдағы 15 жыл ішінде 10% өсуі мүмкін. ДДСҰ-ның 2014 жылғы бағалауы бойынша, ғаламдық жылыну жылына, шамамен, 250 000 адамның өліміне соқтыруы ғажап емес.

ЖАНУАРЛАРДЫҢ ӘРБІР АЛТЫНШЫ ТҮРІ ЖОЙЫЛЫП КЕТУІ МҮМКІН

Жаһандық жылынудың флора мен фаунаға әсері туралы жүздеген зерттеулердің нәтижелерін талдай отырып, американдық зерттеушілер парниктік газдар шығарындыларының қазіргі деңгейі сақталса, жануарлардың әрбір алтыншы түрінің жойылып кетуі мүмкін екенін анықтады.

Жойылу қаупі әлемнің әр аймағына байланысты әр түрлі: түрлердің 23% -ы Солтүстік Америкада, 14% -ы Аустралия мен Жаңа Зеландияда жойылу алдында тұр. Кейбір ғалымдар тіпті алтыншы жаппай қырылу басталды деп сендіреді. Бұл біздің планета 66 миллион жыл бойы бастан кешпеген жағдай десек те болады.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button