Қоғам

Отбасы және Отан: Мемлекет басқарып отырған 12 әйел

Жуырда Молдовада өткен президент сайлауында оппозиция кандидаты Майя Санду жеңіске жетті. Осылайша ол Молдова тарихында, тіпті ТМД елдері арасында президент атанған бірінші әйел болмақ. 

Дүниежүзінде мемлекет басқаратын 12 әйел бар: оны – президент, екеуі – патшайым. Олардың арасында 25 жасында таққа отырғаны, жетпіске таяған шағында сайлауға түсіп президент атанғаны да бар. Сонымен бірге екі мерзім қатарынан сайланған әйел президенттер де кездеседі. Qadam.asia сайты дүниежүзінде мемлекет басқарып отырған әйелдер туралы шолу ұсынады.

Грузия президенті Саломе Зурабишвилидің билікке келгеніне екі жылға жуықтады. Ол 2018 жылы 28 қазанда екі турдан тұрған сайлауда (жетінші президент сайлауы) жеңіске жетті. Ел тарихындағы алғашқы әйел президентті ұлықтау рәсімі 16 желтоқсанда өтті. 68 жастағы саясаткер алты жылға сайланған. Саломе Зурабишвили сайлаудағы жеңісінен кейін Тбилиси Мәскеумен ынтымақтастықтан кез келген түрінен бас тартатынын мәлімдеді. Себебі ол Ресей Грузияның жауы деп санайды. 

Бидхья Деви Бхандари – Непалдың екінші президенті. 2015 жылы 29 қазанда президент лауазымына сайланды. Непал Конституциясы бойынша президентті парламент депутаттары жасырын дауыс беруі арқылы анықтайды. Елде президент бес жылға сайланатынын ескерсек, 59 жастағы саясаткердің өкілеті аяқталуға жақын. Ол – Непалдағы әйел құқықтары үшін белсенді күресіп келе жатқан феминист саясаткер. Заңнамаға парламенттегі әрбір үшінші орынға, сонымен бірге президент немесе вице-президент лауазымына әйелдер отыру керек деген ережелер енгізіп, жаңа сайлаулар тағайындалуына ықпал етті. 

Сингапурдың сегізінші президенті Халима Якоб 2017 жылдың 13 қыркүйегінде өткен сайлауда бәсекелессіз жеңіске жетті. Себебі одан басқа төрт саясаткер президенттікке үміткерлерге қойылатын талапқа сай болмай, сайлауға түсе алмады. Бұған дейінгі Сингапур президенттері арасында әйел адам болмаған. 66 жастағы саясаткердің өкілеті 2023 жылы аяқталады. Халима Якоб – дүниежүзіндегі хиджаб киетін алғашқы президент. Негізгі ұстанымы – экстремистік терроризм мен исламфобияға қарсы күрес. Ол 2019 жылы Иорданиядағы Корольдік ислам стратегиялық сараптама орталығы жүргізген зерттеу бойынша дүниежүзіндегі ең ықпалды ТОП-50 мұсылманның қатарына кірді. 

Цай Инвэнь – ішінара мойындалған Қытай Республикасы (Тайвань) президенті. 2012 жылы президент сайлауында жеңіліп қалған. 4 жылдан кейін 2016 жылы 16 қаңтарда қайта сайлауға түсіп, жеңіске жетті. Осылайша ел тарихындағы алғашқы әйел президент атанды. Тайваньда президент төрт жылға сайланады. 64 жастағы саясаткер биыл 11 қаңтарда екінші мерзімге қайта сайланды. Мемлекет басқарудағы негізгі мақсаттарының бірі – Қытайдан толық тәуелсіздік алу. Ол біржынысты некені заңдастыруды қолдайды. 2018 жылы үкіметті Азаматтық кодекске біржынысты некені заңдастыруға итермеледі. Инвэнь есімі (қыт. 英文, пиньинь Yīngwén) қазақ тіліне аударсақ «ағылшын тілі» дегенді білдіреді. 

Эфиопия президенті Сахле-Ворк Зевде – бұл мемлекет тарихындағы бірінші әйел басшы. 2018 жылы 25 қазанда оны ел парламенті президент етіп сайлады. Эфиопия конституциясы бойынша мемлекет басшысын заң шығарушы орган сайлайды. 70 жастағы Сахле-Ворк Зевде елдің алтыншы президенті. Өкілетінің аяқталуына әлі төрт жыл бар. Ол президент болып сайланғанға дейін БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриштің Африка одағындағы арнайы өкілі қызметін атқарды. 

Ұлыбритания корелевасы ІІ Елизавета 1952 жылдың 6 ақпанында таққа отырды. 25 жасында әкесі VI Георг қайтыс болғаннан кейін билікті қолына алған, қазір 94-те. ІІ Елизавета – Ұлыбритания тарихындағы ең жасы үлкен және тақта ұзақ отырған монарх. Сонымен бірге дүниежүзі бойынша ең егде жастағы мемлекет басшысы. Дәстүр бойынша патшайым ел басқаруға іс жүзінде әсер етпейді. Оның міндеті халықаралық саммиттерде елдің атынан шығу және Ұлыбритания монархиясының беделін сақтау. ІІ Елизавета Ұлыбритания патшалығымен қоса Австралия, Антигуа және Барбуда, Багам аралдары, Барбадос, Белиз, Гренада, Канада, Жаңа Зеландия, Папуа-Жаңа Гвинея, Сент-Винсент және Гренадиндер, Сент-Китс және Невис, Сент-Люсия, Соломон аралдары, Тувалу, Ямайка сияқты 15 мемлекеттің патшайымы болып саналады. 

Катерина Сакелларопулуды. Грекия парламентінің депутаттары 2020 жылдың 22 қаңтарында сайлады. 13 наурыздан бастап президент қызметіне кірісті. Ел тарихындағы бұған дейін әйел президент болмаған. 64 жастағы саясаткер Грекияның 13-президенті (үшінші Грек Республикасының сегізінші). Ол мемлекетті 2025 жылға дейін басқарады. Катерина Сакелларопулу прогрессив көзқарастарымен танымал: азаматтық құқық пен бостандық,  экология проблемалары қызықтырады. Табиғатты қорғау заңнамасы бойынша бірнеше ғылыми жұмысы бар. 

ІІ Маргрете – Глюксбург әулетінен шыққан Дания патшайымы. 1972 жылы 14 қаңтарда әкесі ІХ Фредерик қайтыс болғаннан кейін таққа отырды. 80 жастағы ІІ Маргрете – тәуелсіз Дания тарихындағы алғашқы әйел басшы. Оның білімдарлығын мақтауға болады: саясаттану, заң, әлеуметтану, философия мен тарихқа дейінгі археологияны оқыған. Дат, ағылшын, француз, швед және неміс тілдерін біледі. Кембридж және одан өзге төрт университетті бітірген.

Словакия Республикасының президенті Зузана Чапутова 2019 жылы екі кезеңнен тұрған сайлауда жеңіске жетіп, 15 маусым күні президент лауазымына сайланды. 47 жастағы саясаткерге елді басқаруға бес жыл өкілет берілді. Ол тәуелсіз Словакия тарихындағы сегізінші президенті (алғашқы әйел). Зузана Чапутова – еуропашыл саясаткер. Еуроодақтың Ресейге қарсы санкцияларын қолдайтынын айтқан. Сыбайлас жемқорлық пен кемсітушілікке қарсы. Әйелдердің түсік жасату құқығын сақтауды және ЛГБТ құқығын қорғауды қолдайды.  Экобелсенді президент қоршаған ортаны қорғаудағы қызметі үшін 2016 жылы “жасыл Нобель” Goldman премиясын алған.

Симонетта Соммаруга – Швейцарияның биылғы (172-ші) президенті. Бұл елде президентті парламент бір жыл мерзімге ғана сайлайды. Симонетта Соммаруга 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекетті басқарып отыр, өкілеті осы жылдың 31 желтоқсан күні аяқталады. 60 жастағы саясаткер 2015 жылы да президент болған. Швейцария Конфедерациясында тарихында одан өзге төрт әйел мемлекет басқарған. Швецарияда президент үкімет отырыстарын басқарады, дауыстар тең болғанда ғана пікірі шешеді. Негізгі билік Федеральды Кеңестің құзырында. 

Эстония президенті Керсти Кальюлайд билікке 2016 жылы 10 қазан күні келді. Үш кезеңінен тұрған сайлауда басым дауыспен жеңіске жетіп, ел тарихындағы бірінші әйел президент атанды. Эстонияда президент бес жыл мерзімге сайланады, яғни 51 жастағы саясаткер тағы бір жыл елді басқарады. Керсти Кальюлайд мемлекет басшысы болып сайланғаннан кейін президент сарайына көшпей, Таллиннің Нымме ауданындағы өз үйінде тұра беруді шешкен.

Молдовада 2020 жылдың 15 қарашасында өткен президент сайлауының екінші турында Майя Санду жеңді. Қарсыласы қазіргі президент Игорь Додоннан көп дауыс жинады. Енді 23 желтоқсаннан бастап алдағы төрт жыл елді басқарады. 48 жастағы саясаткер Молдованың алтыншы (бірінші әйел) президенті болмақ. Ол төрт жыл бұрын да сайлауға түсіп, қазіргі президенттен жеңіліп қалған еді. Майя Санду АҚШ-тағы Дүниежүзілік банк директорының кеңесшісі қызметін атқарған. 2019 жылдың 8 маусымы мен 14 қарашасы аралығында Молдова премьер-министрі болды. Қызметінен айырылғаннан кейін оппозицияға өткен. 

Майя Санду – Еуропамен тығыз байланыс орнатуды қолдайды, бірақ Мәскеумен де ара қатынасты бұзғысы келмейді. Оның пікірінше, Молдованың басты мәселесі – жемқорлық. Еуропашыл саясаткер мемлекет қаржысын құртпау үшін президент резиденциясына көшпей, Кишиневтегі екі бөлмелі үйінде тұра беруге ниетті. Роза Отынбаеваның Қырғызстанды уақытша басқарғанын айтпасақ, ТМД елдері тарихында президент сайлауында жеңген бірінші әйел – Майя Санду.  

Посткеңестік елдер арасында Беларустье де әйел президент болуы әбден мүмкін еді. Саясаттанушы Ернұр Молдашевтің айтуынша, 2020 жылғы президент сайлауында кандидаттардың бірі болған оппозиционер Светлана Тихановская наразы халықты төңірегіне топтастыра алды.

Светлана Тихановская – ел ішіндегі наразылық толқынын жүйеледі, бір арнаға әкеліп, наразы халықты төңірегіне топтастыра алды. Сондықтан оның саяси карьерасының болашағы бірінші кезекте өзіндік бағдарламасы мен жетістіктеріне емес, Беларусь еліндегі протесттік потенциалға байланысты. Елдегі әлеуметтік жағдайдың нашарлап, дағдарыстық ахуал әрі қарай жалғаса берсе, Тихановскаяның да рейтингі пропорционал түрде жоғарылай бермек. Оның саяси тағдырын шешетін фактор жынысы, жетістіктері мен әрекеттері емес, елдегі қазіргі биліктің алдағы саясаты болмақ, – дейді ол.

Сонымен бірге саясаттанушы Қазақстанда әйел  адамның президент болуына қатысты пікір білдірді. Ол ел азаматтары президенттікке кандидаттың әлеуметтік-демография сипатына қарағанда оның іскерлік және мораль қасиеттеріне баса мән беретінін айтты.

“Бұрынырақта жүргізген әлеуметтік сауалнамамамыздың нәтижесіне сүйенсек, қазақстандықтардың көбіне президенттің жасы, түрі, жынысы мен шыққан ортасы маңызды емес. Сауалнамаға қатысқан адамдардың 58%-і президент елді тиімді басқара алатын адам болғаны маңызды десе, 20%-і өз тарихы мен дәстүрін сыйлайтын, ел мәселесіне қанық адам болғаны дұрыс деп белгілеген. Дегенмен де азаматтар кандидаттардың іскерлік қасиеттері тең болған жағдайда идеал президенттің образын қазақ ұлтынан шыққан, жасы 40 пен 60 арасындағы, интеллектуал еңбек иесі болатын ер адам деп елестетеді. Сол үшін әйелдің президент қызметінде легитим билікке ие болуында белгілі бір кедергілер кездесуі мүмкін екенін жоққа шығармаймын, – дейді Ернұр Молдашев.

Күнту АРЫНБЕК, арнайы Qadam.asia үшін.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button