Қоғам

TOP 10: Қазақстанды әлемге танытқандар

Қазақстанның көк туын желбіретіп, әлемге асқақтатып жүрген, әнұранымызды шырқап, қазақ халқының абыройын биікке көтерген қазақстандық ТОП 10 кімдер? Qadam.asia редакциясы осы ондықтың кімдер екенін ұсынады.

1. Әбдіжәміл Нұрпейісов

Қазақстанның Халық жазушысы осыған дейін бірнеше рет Нобель сыйлығына ұсынылған. 2013 жылы Нобель комитетіне номинант ретінде ұсынылған 195 қаламгердің ішінен 5 адамдық қысқа тізімге – шорт-листке дейін барады. Оның «Қан мен тер», «Соңғы парыз» романдары әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, дүниежүзіне белгілі жазушылардан жоғары баға алған. 

2018 жылы ресейлік жазушы, «Художественная литература» баспасының директоры Георгий Пряхинның бастамасымен Ә.Нұрпейісов кезекті рет Нобель сыйлығына ұсынылады. Бірақ, сол жылы әдебиет аталымы бойынша сыйлық үлестірілмей қалады. Сондықтан, 2019 жылы екі жылдың қорытындысы бойынша екі қаламгерге сыйлық бұйырады. 2018 жылғы лауреат польшалық жазушы Ольга Токарчук деп танылған.  

Көрнекті жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовке Кеңес өкіметінің ең беделді КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілген. Бұл мәртебелі сыйлықты жазушылардан  Қазақстанда  үш  қаламгер: Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жұбан Молдағалиев қана алған. Биыл 96 жасқа келген қаламгер Алматы қаласында тұрады. 

2. Тоқтар Әубәкіров

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы. 

1991 жылы 2 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспан астрофизикасын бақылау жұмыстарымен де айналысты. 1991 жылы 10 қазанда Жерге оралды.

Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқанға дейін де ерліктер жасаған. 1989 жылы бірінші болып авиатасушы крейсердің алаңқайына «МиГ-29к» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырады. Сондай-ақ, ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізген. 

Әлем бойынша ғарышқа ұшқан санаулы адамдардың бірі Тоқтар Әубәкіров қазақ халқының даңқын көкке көтерді. 

3. Жақсылық Үшкемпіров

Алтын медальді иеленген қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы. 

1980 жылы Мәскеу қаласында ХХІІ Олимпиада ойындары өтеді. Классикалық күрестен бақ сынаған Жақсылық Үшкемпіровтің Олимпиада ойындарына жолдама алуы қиынға соғады. Себебі, Кеңес өкіметі тұсында мұндай ірі жарыстарға әртүрлі қитұрқылықтармен аз халықтардан шыққан спортшыларды жібермей қоятын. Әртүрлі сылтаулармен бұған дейін де Олимпиада ойындарына жолдама ала алмай келе жатқан палуанның жасы ол кезде 29-ға келген еді.

Түрлі халықаралық турнирлердегі жеңістері мен Одақтық біріншіліктегі чемпион атанған табысынан кейін ғана Ж.Үшкемпіров өмірінде бірінші рет Олимпиада ойындарына кандидаттық жолдама алады.

48 кг салмақта күрескен ол атағы жер жарған қарсыластары румын Александру, поляк Керпач, болгар Христов, венгр Шерештерді шебер техникасымен, шапшаңдығы және төзімділігімен жеңіп шықты. Осылайша, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болды.

Жақсылық Үшкемпіров осы 2020 жылдың 2 тамыз күні дүниеден өтті.

 4. Дәрежан Өмірбай

Халықаралық Канн кинофестивалінен жүлде алған тұңғыш қазақ режиссері. Оның «Киллер» көркем фильмі 1998 жылы Канн кинофестиваліне «Ерекше көзқарас» номинациясы бойынша қатысып, үздік фильм атанады. 

Тоқсаныншы жылдары бір топ қазақ режиссерлері авторлық-интеллектуалдық фильмдер түсіре бастайды. Кейіннен олар қазақ киносының «Жаңа толқыны» деп аталды. «Жаңатолқындықтардың» идеологиядан тәуелсіз авторлық фильмдері түрлі халықаралық беделді фестивальдерден жүлделі оралып жатты. Бұл қазақ киносының жаңа кезеңі болатын.

«Жаңатолқындықтардың» қатарындағы Дәрежан Өмірбайдың алғашқы толық метражды фильмі «Қайрат» картинасы 1992 жылы Локарно кинофестивалінен «Күміс Леопард» сыйлығын жеңіп алады. 1995 жылы оның «Кардиограмма» фильмі Венеция кинофестиваліне қатысып, ЮНЕСКО сыйлығын иемденеді. 

Бұдан бөлек, оның фильмдері Ашхабад, Страсбург, Сингапур, Тегеран, Үш континент секілді көптеген кинофестивальдерге қатысып, жоғары дәрежелі сыйлықтардың лауреаты атанған. 

5. Геннадий Головкин

Қазақстандық кәсіпқой боксшы IBF және IBO тұжырымы бойынша екі дүркін әлем чемпионы. 

Ол әртүрлі тұжырымдар бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы: 

  • WBA тұжырымы бойынша – 2010-2018; 
  • IBF тұжырымы бойынша – 2015-2018 жж және 2019 жылдан қазіргі уақытқа дейін; 
  • WBC тұжырымы бойынша – 2016-2018;
  • IBO тұжырымы бойынша – 2011-2018 жж және 2019 жылдан қазіргі уақытқа дейін; 
  • The Ring тұжырымы бойынша – 2018 жылы. 

Геннадий Головкин беделді америкалық «USA Today» басылымының нұсқасы бойынша «Жыл боксшысы» атанған. Ол кәсіпқой бокс тарихында орташа салмақ бойынша 89,7% нокауттық үлесімен бірінші орында тұр.

Кәсіпқой боксқа ауысқан жылдары ол Давид Лемье, Дэниел Джейкобс, Вилли Монро, Сауль Альварес сынды бокс жұлдыздарымен жұдырықтасты. Қазір әлемде GGG лақап атымен танылған боксшыны танымайтын адам кемде-кем. 

6. Эмир Байғазин

Ол халықаралық Берлин кинофестивалінің негізгі байқауына қатысқан алғашқы қазақстандық режиссер. «А» класты кинофестивальдер негізгі және екінші сатылы байқаулардан тұратынын ескерсек, Э.Байғазиннің бұл жетістігі қазақ киносының үлкен белесі еді. 

Марапаттау салтанатында Эмир Байғазиннің дебюттік «Асланның сабақтары» («Harmony Lessons») картинасы «Күміс аю» сыйлығын жеңіп алды. Сол жолы онымен бірге Стивен Содерберг, Гас Ван Сент, Бруно Дюмон секілді белгілі режиссерлер бақ сынаған болатын.  

Эмир көптеген халықаралық кинофестивальдердің жүлдегері әрі үздік азиялық режиссерлердің қатарында есімі аталады. Сондай-ақ, ол 2018 жылы Венеция кинофестивалінде «Көкжиектер» аталымы бойынша үздік режиссер деп танылып, «Алтын арыстан» сыйлығын иемденеді. 

7. Самал Есләмова

Ол посткеңестік елдердің ішінен Канн кинофестивалінде «Үздік әйел рөлін» жеңіп алған алғашқы актриса. 

Бұл сыйлық оған 2018 жылы Сергей Дворцевойдың «Айка» фильміндегі рөлі үшін тағайындалды. Самал бұл фильмде Қырғызстаннан келген мигранттың рөлін ойнайды. Қазақстандық актрисаға даңқ сыйлыған «Айка» картинасының түсірілімі алты жыл бойы жалғасған.

Бұл жетістігі үшін Самал Есләмоваға «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағы берілді.

8. Димаш Құдайберген

Әлемге әйгілі мега жұлдызға айналған қазақстандық әнші.

Оның шетелдегі танымалдылығы 2017 жылғы «Singer 2017» жобасынан бастау алады. Музыкалық сыншылар Димаштың 6 октаваға дейін даусын құбылта алатынын таңданыспен айтады.

2018 жылғы 19 қарашада Лондонда оның жеке концерті өтеді. Концертке әлемнің 47 елінен тыңдармандар келген.

2019 жылдың 22 және 23 наурыз күндері ол Мәскеудің Кремль сарайында екі концерт береді. Ресейдің бас сахнасы – Кремльдің алты мың орындық залы лық толған концертке әлемнің 56 елінен тыңдармандар келген. 

2019 жылғы 10 желтоқсанда ол Нью-Йорк қаласында өзінің кезекті жеке концертін береді. Концертке әлемнің 54 елінен тыңдармандар келген.

9. Сабина Алтынбекова

Тайбэйде өткен қыздар арасындағы волейболдан XVII Азия чемпионатында ең сұлу волейболшы атанған қазақстандық спортшы.

Сабина туралы Тайван, Жапония және басқа да көптеген азиялық телеарналар репортаждар түсірді, ал интернетте көптеген роликтер пайда болды. Азиялық жанкүйерлер Сабинаның келбеті жапондық аниме кейіпкерлеріне ұқсайтынын айтады. 

2014 жылы ол Қазақстандағы «Қызыл ай» қайырымдылық қорының ресми волонтеры атанады. Әлемге әйгілі бұл қордың еріктілері арасында Хайди Клум, Пирс Броснан, Джеки Чан сияқты атақты адамдар бар.

Сабина 17 жасында-ақ Қазақстанның волейболдан әйелдер құрамасының мүшесі атанған.

10. Данэлия Төлешева

Әлем тыңдармандарының сүйіктісіне айналған қазақстандық жас әнші. 

Оның танымалдылығы Украинадағы «Голос. Діти» бағдарламасындағы жеңісінен басталды.  Ол сондай-ақ, «Балалар Евровидениесі – 2018» байқауында Қазақстанның атынан ән айтып, алтыншы орын алған болатын.

Биыл халықаралық «America’s Got Talent 2020» байқауына қатысып, финалға дейін барды. 

Данэлия бүгінгі дейін Жасмин, Нюша, Валерия сынды ресейлік әншілермен және ZAZ, Эйва Макс секілді мега жұлдыздармен дуэт орындады. 

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button