Қоғам

Жыл басынан бері үй бағасы қымбаттады ма?

2021 жылдың қаңтар айында Қазақстанның тұрғын үй нарығындағы орташа баға 2,3%-ға өскен.

Бір қарағанда жылдың басында тұрғын үй бағасына әсер ететіндей бағдарламалар шыққан жоқ, доллар бағамының өсімі де байқалмады. Сондықтан үй бағасы да тұрақтылығын сақтайды деп болжауға болатын еді.

Алайда, республика көлемінде желтоқсан аймен салыстырғанда үй бағасының аз да болса өсімі байқалуда.

Тұрғын үй нарығындағы ең үлкен өзгерістер Петропавл мен Павлодар қалаларында болды. Бұл қалаларда баға 5,2%-ға өскен. Петропавлда 1 шаршы метр үшін 308 425 теңге болса, Павлодарда 255 650 теңгеге жетті.

Өскемен мен Көкшетауда өсім 4,8%-ға және 4,2%-ға жеткен. 1 шаршы метр үшін Өскемендегі баға 296 625 теңге, Көкшетаудағы баға 263 575 теңге.

Ал Қызылордада үй бағасының орташа құны 3%-ға өсіп, 156 625 теңгені құрады.

Басқа қалалардағы баға көрсеткіші:

Шымкент – 312 875 теңге/шаршы метр (+ 2,8%);

Ақтөбе – 178 800 теңге/шаршы метр (+ 2,8%);

Семей – 237 050 теңге/шаршы метр (+ 2,7%);

Тараз – 214 950 теңге/шаршы метр (+ 2,7%);

Талдықорған – 259 850 теңге/шаршы метр (+ 2,6%);

Қарағанды ​​– 287 825 теңге/шаршы метр (+ 2,4%).

Алматыда 1 шаршы метрдің құны 468 400 теңгеге жетті. Бұл желтоқсандағы бағамен салыстырғанда 2,3%-ға қымбат.

Елордада 1 шаршы метрдің құны 357 125 теңгені құрады. Яғни баға 1,5%-ға өскен.

Қостанай мен Атырауда тұрғын үй бағасының өсімі 2%-дан төмен. Қостанайда 1 шаршы метрдің құны 253 825 теңге, Атырауда 283 150 теңге көлемінде.

Еліміздегі екі қалада тұрғын үй бағасының төмендеуі байқалған. Оралда 3,2%-ға, Ақтауда 4,6%-ға төмендеді. Үй бағасы Оралда 1 шаршы метрге 228 725 теңге, Ақтауда 191 875 теңге.

Зейнетақы төлемдерін алу үй бағасына қаншалықты әсер етуде?

Сарапшылардың пікіріне сәйкес, қаңтар айының екінші жартысында бірқатар қалаларда бағаның өсу қарқыны байқалған. Бірақ бұл өзгеріс Зейнетақы жинақтарын алу мүмкіндігі бойынша көш бастап тұрған өңірлерде соншалық байқалған жоқ.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, артық қаражаты бар салымшылардың көпшілігі Алматы мен Елордада және Қарағанды, Маңғыстау, Атырау облыстарында тұрады.

Алайда, бұл өңірлерде тұрғын үй бағасының қарқынды өсімі әлі байқала қоймады.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button