Мәдениет

Қабдеш Жұмаділовтің қазақ әдебиеті мен тарихына қосқан үлесі

Қабдеш Жұмаділовті қазіргі қазақ әдебиетінде Мұхтар Әуезовтан кейінгі соңғы алып деп бағалаушылар көп. Социалиалистік реализмге бой бермей, қазақ тарихы мен мәдениетін танытар, түрен тақырыпта жол салған еркін жазушы болды.

Қабдеш Жұмаділовтың өзі өмірде Мұхтар Әуезовті пір тұтқан жан. «Менің пірім – Мұхтар Әуезов. Ол кісінің кітабын алғаш 13 жасымда оқыдым. Қалаға жиі қатынайтын ағам бар еді. Сол кісі бір күні «Абай» атты екі томдық кітабын алып келіпті. Бірінші бетте ай маңдайлы керемет адам отыр. Орыс тіліне тісіміз батпай жүргенде мен еуропалық әдебиетті алғаш Әуезовтан алдым. Ол еуропалық мәдениетті бойына сіңірсе, біз Әуезовты бойымызға сіңірдік» деген екен жазушы бір сөзінде.

  Әрине, Қабдеш Жұмаділовтың қазақ әдебиеті мен тарихына қосқан үлесін айтып не өлшеп біту мүмкін емес. Бірақ кейбір ерліктері мен қазақ мәдениетіне қосқан ерлігін айта кетпеске болмайды. Солардың кейбіріне тоқталып өтелік.

1. Қазаққа Қабанбай батырды таныстырды. Жазушының көп томдығының сүбелінің бірі – «Дарабоз» романы. Кітаптың басты кейіпкері – Қабанбай батыр. Қабанбай бейнесі бұған дейін қазаққа жөнді танылмаған, көмескі тұлға еді. Қазақстан тарихында да жарқырап ашыла қоймаған кезі. Осы кітаптан кейін ғана Қабанбайдың ерлігі, оның қолбасшылығы шындап танылды.

Оның Абылай ханның сенімді серіктерінің бір болғаны, тіпті, жоңғармен соғыста қауіпті шептерге Қабанбайды қалқан қылып ұстағаны белгілі болды. Дарабоз 300 рет жекпе-жекке шығып, жау батырын жастандырып, қазақ әскерінің рух-айбарына айналған. Егер Қабанбай батыр болмаса, бұл соғыста қазақтың жеңе қоюы екіталай еді.

Үш жыл өткеннен кейінгі Қабанбай батырдың ерлігін қазаққа танытқан да осы – Қабдеш Жұмаділов болды.

 2. Гиннестің Рекордтар кітабына енген Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романын жарыққа шығарды.

Қажығұмар Шабданұлы – түрмеде ұзақ жыл отырып роман жазып, Гиннестің Рекордтар кітабына енген ірі тұлға. «Қылмыс» атты 6 томдық роман жазған. Оның төртеуін түрмеде отырып жазды. Бұл – әлем әдебиетінде бұрын-соңды болмаған құбылыс.

Бұған Қабдеш Жұмаділов қалай көмектесті дейсіз ғой? Қажығұмар жазушы қытай түрмесінде отырған кезінде жазған романын үзік-үзік етіп, жырым-жырымдап Алматыдағы Қабдеш Жұмаділовқа жіберіп отырған. Соны Қабдеш төте жазудан кириллицаға ауыстырып, редакторлығын жасап, Мәдениет министрлігімен келісіп, алты томдық кітапты тап-тұянақтай етіп шығарады.

«Қылмыс» романы – Қытай қазақтарының 50 жылдық тарихын қамтитын ірі туынды. Қазақ әдебиетінде «Абай» роман-эпопеясымен шоқтығы бір. Бұл шығарма – Шығыс үлгісімен жазылған тұңғыш туынды, әдебиеттегі төңкеріс.

«Қылмыс» романы – дәуір шығармасы. Әуезовтің кезіндегілер Әуезовше жаза алған жоқ. Енді осы жерде Қажекең жақсы форма тапқан. Біз кейде Шығыс әдебиетін мүлде ұмытып кетеміз. Біз «Қылмыс» романының көркемдік деңгейін әлі бағалай алмай жатырмыз» деген еді Қабдеш Жұмаділов.

3. Абылай ханның еңбегін елге таныта білді. Қабдеш Жұмаділов – Абылай хан туралы, оның айналасы, ханды қоршаған мүйізі қарағайдай батырлары жайлы көркем шығарма жазған адам. Шығарма жазу үшін олардың тарихын, іс-әрекетін, тірлігін зерттеген. Сонда жазушының бір айтқан сөзі бар: «Сонда көз жеткен бір нәрсе – Абылай ханның қазақ халқына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екен» дейді.

Абылай хан 1754 жылы қазақ жерін басқыншылардан толық азат етті. 40 жоңғарлармен соғыс жүргізді. Мұны жазушы «Отан соғысы» деп атайды. Өйткені Абылайдың бүгінгі тілмен айтқанда, біздің бес облысты (ШҚО, Алматы, Оңтүстік Қазақстанды, Жамбылды, Түркістан мен Ташкентті) жоңғарлардан аман алып қалған.

«Егер Абылай жоңғарларды қазақ жерінен қуып шықпағанда, қытайлар бұл халықты «жер бетінен тып-типыл құртып жібере алмас еді. Ал Абылай өлгеннен кейін, 10 жылға жеткен жоқ, Оңтүстік Қазақстанды Қоқан басып алса, солтүстік өңірлерге Ресей қол сала бастады» дейді жазушы.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button