ҚоғамМәдениет

Әлем көшбасшылары қандай үйде тұрады?

Мемлекет басшыларының резиденциясы – бұл ең алдымен сол елдің визит картасы. Сондықтан, елдегі ең әдемі ғимарат та президенттің үйі боп саналатыны жасырын емес. Бірақ сол үйлердің қабырғасында қанша құпия жасырынғанын кім біледі? Бүгін біз әлемдегі ең сәнді президент резиденцияларымен таныстырамыз.

Алворада сарайы, Бразилия Президентінің резиденциясы

Сарай 1958 жылы Оскар Нимейердің (ХХ ғасырдың ең көрнекті сәулетшісі) жобасы бойынша салынған. Ғимарат Параноа су қоймасындағы түбектердің бірінде орналасқан.

Ғимарат үш қабатты, ауданы 7000 ш.м. Қабылдау бөлмелері бірінші қабатта, басқа қабаттарда асхана, кітапхана, коммуналдық бөлмелер, президент пен оның отбасының апартаменті, қонақ бөлмелер, бассейн және музыка бөлмесі бар.

Сарайды Президенттің күзет батальоны күзетеді, ал ғимаратта 70 адам қызмет етеді.

Апостол сарайы, Рим Папасының резиденциясы

Сарай 1377 жылдан бері Рим Папасының резиденциясы боп есептеледі. Қабырғалары мен төбелеріндегі суреттер Рафаэльдің, оның шәкірттерінің және басқа да суретшілердің еңбектері. Сарайда Микеланджелоның фрескалары, Рафаэльдің жұмыстары деп аталатын ең үлкен өнер туындылары сақталған.

Апостол сарайының ғимараттар кешеніне Папаның апартаменттері, Рим-католик шіркеуінің кеңселері, бірнеше шіркеу, Ватикан мұражайлары және Ватикан кітапханасы кіреді. Қабылдау бөлмелері сарайдың үшінші қабатында (Климентин, консисторлар залы, ұлы және кіші тақ бөлмелері) орналасқан.

Букингем сарайы, Ұлыбритания Патшайымы Елизавета II-нің Лондондағы ресми резиденциясы

Сарай 775 бөлмені қамтиды. Оның 19-ы мемлекеттік бөлмелер, 52-сі корольдік және қонақтар үшін, 188-і қызметкерлерге арналған, 92 кеңсе, 72 жуынатын бөлме, сонымен қатар, сарайда жеке пошта, кинотеатр, бассейн бар. Қамал 20 гектар жерде орналасқан, оның 17 гектарын бау-бақша алып жатыр. 1828 жылы жасанды тоған салынған. Сарайда картиналар, фарфор, көне жиһаздар секілді құнды өнер туындылары өте көп.

Жыл сайын тамыз, қыркүйек айларында корольдік отбасы сарайды босатып, басқа жаққа кетеді, осы кезде сарайдың есігі келіп көрушілерге ашылады. Патшайым сарайда болған кезде сарай шатырынан патша туы желбіреп тұрады.

Перу үкімет сарайы, Перу Президентінің резиденциясы

Қазіргі сарай 20 ғасырда француздық барокко сәулеті стилінде салынған. Бас сәулетшісі Рикардо де Яха Малаховский атты поляк сәулетшісі болған.

Мұнда Перу тарихының қайраткерлеріне арналған салтанатты залдар мен бөлмелер көп. Сарайда әйгілі суретшілердің картиналар коллекциясы сақталған алтын қонақ бөлме бар, оның жанында президент пен оның отбасының ресми резиденциясы орналасқан. Сарай түгелдей мәрмәрмен, бағаналармен әшекейленген.

Химералы үй, Украина Президентінің резиденциясы

Химералы үй – Киевте орналасқан модерн стиліндегі кірпіш ғимарат. Атауы ғимараттың ішінде де, сыртында да әшекейленіп тұрған көрнекті скульптуралық өнер туындыларымен байланысты. Тематикасы – құрлықтағы және су астындағы жануарлар әлемі, аңшылық атрибуттар, ертегідегі тіршілік иелері.

Ғимаратты сәулетші Владислав Городецкий 1901-1903 жылдары өз отбасына арнап жобалаған. Мүсіндік декорацияларды мүсінші Элио Салья өз эскиздері бойынша жасады.

Үй Украина Президентінің резиденциясы ретінде 2005 жылдың көктемінен бері қолданылып келеді. Үшінші, төртінші және бесінші қабаттарда әртүрлі жиналыс бөлмелері орналасқан, ал алғашқы екі қабатта кеңселер мен қызмет бөлмелері бар. Үй архитектуралық ескерткіш боп есептеледі.

Casa Rosada (қызғылт үй), Аргентина Президентінің резиденциясы

Резиденция Буэнос-Айрес орталығында, Пласа-де-Майо алаңының шығыс жағында орналасқан. Резиденция тек жұмыс істеуге арналған ғимарат ретінде саналады, ал президенттің өзі қаланың сыртында тұрады. Ғимарат XVI ғасырдың соңында салына бастады, содан кейін ол жартылай қирады, қайта өңделді, тек 1898 жылы ғана ғимарат толығымен аяқталып, безендірілді.

1957 жылы ғимаратта бұрынғы президенттерге тиесілі заттарды сақтау үшін мұражай ашылды. 2009 жылы сарай аумағы Колумб саябағының аумағымен біріктірілді.

Қазіргі уақытта сарайда президент жұмыс істейтін Ривадавия кеңсесі (бұл кеңсе Аргентинаның бірінші президентінің атымен аталған), Аргентинаның президенттерінің бюсттері қойылған зал және сарай мұражайы бар.

Мадридтегі Король сарайы (Шығыс сарай), Испания корольдерінің резиденциясы

Сарай Мадридтің батыс бөлігінде Мансанарес өзенінің жағасында орналасқан. Филипп V-нің бұйрығымен Филиппо Джуварра, Джованни Баттиста Сачетти және Франческо Сабатини атты архитекторлардың басшылығымен итальялық барокко стилінде салынған. Сарайдың құрылысы 1738 жылы басталып, 1764 жылы Карл III басқарған тұста аяқталды.

Сарайдың маңында 19 ғасырда негізі қаланған үлкен саябақ бар, сол саябақта Пәуеске мұражайы орналасқан. Мұнда испан корольдерінің түрлі экипаждары, ландо, мерекелік күймелер мен арбалар коллекциясы бар.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button