Мәдениет

Дэвид мүсіні: ең әйгілі туынды туралы сіз білмеген 5 факт

Әр шығармасы культке айналатын, қолы тигеннің бәрін жауһар ғып жіберетін талай таңғажайып кемеңгер суретшілер дүниеден өткен. Солардың ішінде ең керемет әсер қалдырған Ренессанс дәуірінің түлегі, көркемөнер шебері Микеланджело еді. Ол тарихтағы ең мықты өнер туындыларын жасап қана қоймай, шығармашылығы арқылы «Құдайдың жүзін көрсетті». Бірақ бүгін біз «Құдайдың бейнесін қалай жасағаны» туралы емес, суретшінің тағы бір әйгілі туындысы, әлемдегі ең үздік мүсіндердің бірі саналатын Дэвид мүсіні жайлы сөз қозғамақпыз.

Дэвид библиялық кейіпкер. Ол алып әрі айбатты Голиафты жеңген қарапайым бақташы бейнесінде суреттеледі. Дэвидтің мүсіні 1501 жылы Флоренциядағы Санта-Мария-дель-Фьоре шіркеуінің тапсырысымен салынған. Бес метрлік мәрмәр мүсінді жасауға Микеланджелоны ежелгі гректердің Геракл жайлы идеялары шабыттандырған.

Дэвид мүсіні туралы бұдан басқа да көпшілік біле бермейтін қызықты деректер бар.

ДЭВИДТІҢ ҚОЛДАРЫНЫҢ ҰЗЫНДЫҒЫ ӘРТҮРЛІ

Көпшілік Дэвидтің оң қолының денесіне пропорционал еместігі Микеланджело жұмысындағы кемшілік деп санайды. Бірақ бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Ең ұлы мүсіншілердің бірегейі мұндай айқын қателік жіберуі мүмкін бе?

Кейбір сарапшылар мұны әдейі жасалған деп санайды, өйткені Микеланджело ортағасырлық библиялық кейіпкерлердің иконографиясына сүйенген. Ол уақыттарда Дэвид картиналарында «ману фортис» сақталған, бұл «мықты қол» дегенді білдіреді.

Дэвидтің қолы ғана емес, басы да денесіне кері пропорционал. Бұл да мүсіншінің қателігіне жатпайды. Өйткені, алғашында мүсінді шіркеудің төбесіне орналастыру жоспарланған болатын. Сонда төмендегілер жоғарыдағы мүсінге қарағанда басы түзу боп көрінетін еді. Алайда, мүсіннің өлшемі өте үлкен болған соң, шіркеудің дәлізіне қойылды.

ДЭВИД САЯСИ СИМВОЛҒА АЙНАЛДЫ

Библиялық кейіпкер күш-жігердің де символы бола білді. Жас әрі әлсіз бақташының алпауытты жеңгені қуатты үкіметтерге қарсы күресіп жүрген адамдарды шабыттандырды.

Флоренция тұрғындары мүсінге ерекше мән беріп, одан өз қалаларының бейнесін көрді. XV ғасырдың соңғы онжылдығында құдіретті Медичилер әулеті Флоренциядан жер аударылған болатын, бірақ тұрғындар олардың қайтып оралатынынан қауіптенді. Дэвидке алпауыт Голиаф қатер төндіргеніндей, олар да алып әулеттен қорғанғысы келді. Дэвид секілді жеңуді қалады.

Алайда, үміттері ұзаққа созылмады. 1512 жылы қала қайтадан Медичилердің қарамағына өтті. Соған қарамастан, Микеланджелоның мүсіні Флоренция тұрғындары үшін саяси маңызға ие боп қала берді.

ДЭВИД ҚОЛЫНАН АЙЫРЫЛЫП ҚАЛҒАН

Саяси символ болу сіз ойлағандай оңай жұмыс емес. 1527 жылы Медичилер әулетіне қарсы бүлік болып, сондай дүрбелең кезінде бүлікшілер Синьория алаңына жақын орналасқан Палаццо Веккьо ғимаратына қарай тас, кірпіш секілді кез келген ауыр заттарды лақтыра бастайды. Өкінішке орай, бұл тастар мүсінге тиіп, Дэвидтің сол қолын үш бөлікке бөліп сындырды.

Сәулетші, суретші Джорджо Вазари бөлінген кесектерді біріктіріп, қайта жапсыру үшін сақтап қойған.

МИКЕЛАНДЖЕЛО ДЭВИДТІ МҮСІНДЕГЕНДЕ НЕБӘРІ 26 ЖАСТА ҒАНА БОЛҒАН

Иә, бұл деректі білгенде «Бұл жасымда мен не бітірдім?» деп өзіңізді жазғыратын шығарсыз. Бұған тағы қоса кететіні, Микеланджело Дэвид мүсінін (1501) жасауға кіріспей тұрып та Италияның ең танымал суретшісі атанған. Оның әйгілі «Пьета» туындысы (1498-1499) үлкен жетістікке жеткізген.

ВИКТОРИЯ ПАТШАЙЫМ ДЭВИДТІҢ ЖЫНЫС МҮШЕСІН ЖАПЫРАҚПЕН ЖАБУДЫ БҰЙЫРҒАН

Жылдар бойы бұл жауһар туындының қаншама көшірмесі жасалды. Солардың бірі 1857 жылы Виктория патшайымға сыйға тартылған. Алып мүсін Лондондағы Виктория мен Альберт музейіне қойылады. Патшайым жаңалықты естіп, бірден музейге барады. Жалаңаш Дэвидті көрген патшайым есеңгіреп қалады да, тіпті аздап қорланғандай сезінеді. Сондықтан ол бірнеше мүсіншіге Дэвидтің жыныс мүшесін жабу үшін алып жапырақ мүсіндеуді бұйырған.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button