Мәдениет

Канн фестивалі Оскардан несімен мықты?

Көпшілік көрермен голливудтық фильмдерді жақсы көреді. Сол фильмдер жайлы сұрай қалсаңыз, кім түсіргенін, қандай актерлер ойнағанын картина туралы рецензиялармен қоса талдап айтып береді.

Жылда Оскар сыйлығын кім алыпты деп елеңдеп отыратыны да рас. Біз мұны жаман деуден аулақпыз. Тек Оскардан өзге де альтернативтердің бар екенін айтқымыз келеді.

Мәселен, Канн кинофестивалі. Кино сыншылар мен киногерлердің арасында бұл фестивальмен тең келетін биік шың жоқ. Канн фестивалінен жүлде алған режиссер әлемдік кино тарихында алтын әріптермен жазылды дей беріңіз. Тіптен актерлердің өзі Каннан сыйлық алу үшін барын салады.

Бұл екі фестивальдің айырмашылығы неде дейтін болсаңыз, Канн нағыз өнерді бағалайды, ал Оскар коммерциялық фильмдерге негізделген. Коммерцияға негізделгендіктен де Оскарды бәрі біледі.

Канн фестивалінің өзге фестивальдерден тағы бір ерекшелігі мұнда ең жоғарғы сыйлық «Үздік фильм» номинациясы емес, «Алтын пальма бұтағы» сыйлығы.

Халықаралық Канн кинофестивалі Оскардан несімен мықты деген сұрақ туындайды. Бұған Каннан жүлде алған картиналар жауап берсін.

«Qadam.asia» бүгін 2010 жылдан бері қарай «Алтын пальма бұтағы» сыйлығын жеңіп алған картиналардың ішінен іріктеп 5 фильмді назарларыңызға ұсынбақ. Оскарда жеңімпаз атанған фильмдермен салыстырып көріңіз.

«Өткенін еске алған Бунми»

(Түпнұсқа атауы «ลุงบุญมีระลึกชาติ», «Дядюшка Бунми, который помнит свои прошлые жизни»)

2010 жыл

Режиссері: Апичатпонг Вирасетакул

Тайландтық картина бүйрек ауруы асқынып, өмірінің соңғы күндерін өткізіп жатқан Бунмидің өмірін суреттейді. Табиғатынан бұйығы Бунмиге әйелі мен ұлының елесі көрінетін болады. Бірақ бұл елес адам кейпінде емес, әлдеқандай құбыжық қалпында көрінеді. Ол өзінің ауруы жайлы ойлана жүріп, көрерменді күрделі философияға жетелейді. Фильмнің соңында Бунми өзі туылған үңгірді табады. Енді ол өз өмірін сол жерде аяқтағысы келеді.

Кейбір сыншылар бұл фильмнің басты кейіпкері адам (Бунми) емес, табиғат деген пікірді алға тартады.

«Сүйіспеншілік»

(Түпнұсқа атауы «Amour»)

2012 жыл

Режиссері: Михаэль Ханеке

Жұптары жазылмаған күйі қартайған ерлі-зайыптылардың бір-біріне бауыр басқан қарым-қатынасын эстетикалық биікке көтере білген картина кинематография тарихындағы ең үздік фильмдердің бірі ретінде бағаланған. Аяқ-қолы істемей қалған кәрі әйеліне жалғыз өзі қамқорлық жасайтын Жорж қария барлық ауыртпалықты асқан шыдамдылықпен, тіптен сүйіспеншілікпен көтеріп алады.

Белгілі сыншы Питер Дебраж айтқандай, оның әйеліне деген сүйіспеншілігі соншалық, қозғалыссыз қалған зайыбының мүгедектер арбасынан орындыққа ауысуына көмектесетін сахна қасіретке толы би билеп жатқандай әсер қалдырады.  

«Қыс ұйқысы»

(Түпнұсқа атауы «Kış Uykusu»)

2014 жыл

Режиссері: Нури Бильге Джейлан

Картина уақытында актер болған, қазір Каппадокиядағы шағын қонақ үйдің иесі Айдин есімді адам туралы баяндайды. Айдын сол өңірдегі ең дәулетті адамдардың бірі. Бірақ бақытсыз. Қысқы қар көмкерген үйінде ол жақында ажырасқан қарындасымен және суынып кеткен әйелімен жалғыз қалады. Олардың үйлері театр сахнасына ұқсайды, өте әсем безендірілген, алайда өздерінің жаны кірлеп кеткен.

Үшеуі де өз қасіреттеріне бауыр басқан шарасыз адамдар.

«Мен, Дэниел Блейк»

(Түпнұсқа атауы «I, Daniel Blake»)

2016 жыл

Режиссері: Кен Лоуч

Фильмнің бас кейіпкері 59 жастағы ағаш ұстасы Дэниэл Блейк. Ол инфаркттан кейін жұмыс істеуге қабілетсіз болып қалған, сондықтан мемлекеттен берілетін әлеуметтік көмекке мұқтаж. Алайда, оған түрлі себептермен әлеуметтік көмек берілмейді. Енді ол ең болмағанда күн көріске ғана болса да көмек алу үшін мемлекеттік бюрократиямен күресуге мәжбүр болады. Бұл кішкентай адамның алып жүйеге қарсы жанайқайы еді.

Бір күні ол Халыққа қызмет көрсету орталығында өзі сияқты әлеуметтік көмек ала алмай жүрген жалғызбасты анамен кездеседі. Енді Дэниэл жалғызбасты анаға көмектесудің жолдарын қарастырады. Бұл кішкентай адамның алып жүрегінен туған шынайы қамқорлық еді.

«Дүкен ұрылары»

(Түпнұсқа атауы «万引き家族», «Магазинные воришки»)

2018 жыл

Режиссері: Хирокадзу Корээда

Кедей жапон жұмысшысы Осамидің отбасы тек әжесінің зейнетақысымен күнелтеді. Сондықтан олар кейде азық-түлік дүкендерінде ұсақ ұрлықпен айналысады. Бір күні кезекті ұрлықтан қайтып келе жатқан Осами көшеден әбден тоңып қалған кішкентай қызды көріп қалып, үйіне алып келеді. Әйелі көшедегі қызды салқын қабақпен қарсы алса да, үйіне кіргізеді. Өздеріне де ақшаны есеппен жұмсайтын отбасы бүлдіршін қызға бауыр баса бастайды.

Бірақ бір күні олар теледидардан жоғалған қыз туралы хабарламаны көреді. Содан бастап олардың өмірінде қиындықтар орын алады.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button