Саяхат

Оңтүстік Кореяға қалай баруға болады – саяхатшы кеңесі

Саяхат өміріңізді түбегейлі жаңа бағытқа ауыстыратын тылсым күш секілді. Жаңа мәдениет, жаңа адамдар мен жаңа орта. Сіз білмеген, сіз бастан кешпеген өмір. Соның бір парасын білмек мақсатта Оңтүстік Корея еліне саяхаттап қайтқан отандасымыз Альбина Жаймаеваның саяхатты неден бастағанын біліп көрдік.

– Корей мәдениетіне қызығушылық неден басталды?

– Колледждің соңғы курсында оқып жүргенде құрбым EXO тобы туралы жиі айтатын. Құрбымның оларды зерттейтіні және кез келген белсенділігіне қатты қуанатынын бақылау өзіме қызықты болды. Бірақ бұл нәрсе мені аса қатты тартқан жоқ.

Кейіннен ағылшын тілін үйренуді бастап, Skyeng арнасындағы бейнероликтерді көретінмін. Арнадан TheEllenShow-да BTS тобының қатысушыларын талдаған видеоны тамашалап, оларға деген әуестігім арта түсті. Кейін топтың ағылшын тілінде сөйлескен күлкілі бейнероликтерін көріп жүрдім. Солай ағылшын тілін үйрену барысында к-поп әлеміне келдім. Ал Сеулге саяхат арманымның жүзеге асуы болды.

– К-попты ұнатын да, ұнатпайтын да жандар бар. Бәрін бірдей қызықтыру шарт емес. Ал бұл толқын Сізге несімен ұнайды?

– K-поп – бұл мотивация, ынта, жауапкершілік, шығармашылық әлеміндегі шексіз мүмкіндік. Тілін түсінбесең де, елітіп әкетеді. Өнері – адамзатқа ортақ. Адамзатта біріктіруге бар. Өнерде шекара мен шек болмайды деген – осы.

– Оңтүстік Кореяда қыдыруға арналған орын жетерлік. Саяхаттауды жоспарлаған жандарға қайда баруды ұсынасыз?

Шопинг жасағыңыз келсе, Мендон кварталына барыңыз. Онда шетелдік бренд, элиталық әмбебап дүкен мен корей косметикасысының дүкендері бар. Сондай-ақ сауда ауданында өте дәмді көше тағамдары сатылады. Кореядағы тағам бағасы аса қымбат емес. Дәмді тағамдарды ұнататын әуесқойлар үшін тамаша мүмкіндік.

Кешкі серуенді көңілді өткізуге Хондэ ауданына баруды ұсынамын. Себебі онда қала жастарының барлығы жиналады. Қызыққа толы ауданда биші жігіттер мен қыздарды көп кездестіретін боласыз.

Сонымен қатар қаланың ең бай ауданы Каннам мен к-поперлерге арналған SM Town ғимаратына, Everland ойын-сауық паркінде уақытты көңілді өткізуге болады.

– Инстаграм парақшаңызда концерттен фото, видеолар жариялапсыз. Ондай к-поп іс-шараларға қалай қатысуға болады?

– Концерт пен шоуға арналған билеттерді туристік компания ұсынады. Сондай-ақ бұл билеттер тур құнына кіреді. Жалғыз барғанда ондай концерттерге ілігу қиын. Сондықтан олардың уақытын күні бұрын қарап, билетті ертерек алып алыңыз.

Бірінші сапарымда SBS Show-ына қатыстым. Онда Pentagon,CIX бойз-бендтері мен NCT тобының мембері болды. Келесінде MGMA деп аталатын марапаттау рәсіміне бардым. Шара кезінде Mamamoo, TXT, Twice, Кым Чан Ди және де басқа әртістердің көп бөлігін көрдік. Концерт қызықты өтті, барлығы жоғары деңгейде болды.

Кореяға екінші сапарым KBS song’s festival-імен есте қалды. Концертке қатысқан менің қуанышымда шек болмады. Өйткені 4-5 метр қашықтықтан BTS, GOT7, MostaX, Seventeen секілді танымал топтардың өнерін тамашаладым.

Карантиннен кейінгі саяхатқа Альбинаның пайдалы кеңестері сізге керегі анық:

•         Өзіңізбен бірге бос чемодан алыңыз. Себебі Кореяда шоппинг жасауға арналған жерлер өте көп. Сонымен қатар, тауарға қосылған құн салығын қайтарғыңыз келсе, TaxFree чектерін сақтап жүріңіз. Оларды әуежайда айырбастауға болады.

•         Уақытыңызды тиімді ету үшін ерте жатыңыз. Сонда саяхаттан көбірек ләззат алатын боласыз.

•         Корей тілінде бірнеше сөз үйреніп алған жөн. Мысалы, «рахмет», «өте дәмді», «кешіріңіз», «сәлем» деген күнделікті қолданыстағы сөздер. Егер ағылшын тілін білсеңіз, сізде аса қиындық болмайды. Өйткені кәрістердің көбі ағылшын тілін біледі.

•         Телефондағы жадты күні бұрын тазарту керек. Өйткені саяхатта жүріп көп суретке түсетініңіз, видео түсіретініңіз белгілі.  

•         Ең керек дәрілерді алуды ұмытпаңыз (бас ауруы, іш ауруы). Себебі олардың атауы басқаша болуы мүмкін.

Сұхбаттасқан – Ақдидар Әбдімаулен

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button