Технология

Желіде iPhone 13 жайында ақпарат пайда болды

Әлем iPhone 12 жаңа моделіне үйренбей жатып, интернетте iPhone 13 жайлы ақпараттар тарап кетті. Apple компаниясының iPhone 13 прототипі Touch ID сенсорынсыз шығады екен. Бұл туралы твиттер желісінде өзін Apple қызметкері ретінде таныстырған Джиорику (Jiorīku) жазған еді.

Инсайдердің айтуынша, iPhone 13-те түбегейлі айырмашылықтар болмайды. Десе де, аздаған жақсартулар енгізілетін көрінеді.

Тағы бір ескеретін жайт, он үшінші прототиптің дәл қазіргі кезеңінде саусақ іздері арқылы ашылатын Touch ID экранның бетінде болмайды екен. Саусақ ізі сенсоры айфонның бүйірінде орналасуы мүмкін. Немесе бұл жаңа модель тек Face ID жүйесін ғана оқитын болу керек. 

Болжамдарға сүйенсек, iPhone 13 суретті жаңарту жиілігі 120 Гц-ке дейін жоғарылаған экранмен жабдықталады.

Алайда, Джиорикудың твитін оқыған сарапшылар ақпараттың дұрыстығына күмән келтіріп отыр.  Оның себебі – жаңа iPad Air 4 планшетінде саусақ ізін сканерлеу функциясы іске қосылғандығы болатын. Бірақ Apple жаңалықтарын қадағалайтын мамандар Джиорику келтірген мәліметтердің беделді инсайдерлердің мәліметтеріне қайшы келетінін атап өтуді ұмытқан. Мәселен, жұртшылыққа сенімді ақпараттар таратып жүрген Минг-Чи Куо «тістелген алманың» он үшінші сериясы Touch-ID функциясын іске қосатынын ертеректе атап өткен болатын.

iPhone 13 жайлы қауесеттер он екінші серияның таныстырылымынан кейін күн сайын тарап жатыр.

Қытайлық Mydrivers ресурсы Apple жаңа айфонның фото-видео түсіру мүмкіндіктеріне көп көңіл бөлуді жоспарлап отырғанын айтады. Мәселен, iPhone 13 Pro Max анаморфты объективі 45 к/с жиілікте 8K дейін жоғары сапалы бейне түсіруге мүмкіндік береді.

Басқа дереккөздер iPhone 13 Pro Max қолданушылары 30 к/с мен 45 к/с режимдері арасында таңдау жасай алатынын растап отыр. 

Бұдан бөлек, видео түсірген кезде суретті тұрақтандырудың бірнеше технологиясы қолданылады деген ақпарат бар. Әзірше бағдарламалық, оптикалық жасақтамалар жайлы мәліметтер белгісіз болып отыр.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button