Жаңалықтар

Асхат Аймағамбетов мектеп формасын кию мәселесін қозғады

Оқушылар мектепке барады

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биылғы оқу жылы оффлайн болады дегенді ишаратпен жеткізіп, әлеуметтік желіде мектеп формасы жайлы пост жазып жариялады.

Министрдің айтуынша, оқушылар мектепке классикалық киіммен келуі тиіс. Ал бірыңғай мектеп формасын кию не кимеу ата-ана мен мектеп басшылығының еншісінде қалмақ.

«Ата-аналардың, мұғалімдердің, мектеп әкімшіліктерінің, білім басқармасы басшыларының пікірлерін тыңдап, көбісі мектеп формасын жақтайды деген қорытындыға келдім. Бұл шешімді қабылдаған кезде нені басшылыққа алғанымызды түсіндірейін.

Біріншіден, эпидемиологиялық жағдайды ескердік. Қазір еліміздің көптеген аймақтарында карантиндік шектеу шаралары күшейген. Дүкендер белгілі бір уақытта, кейбір қалаларда жұмыс күндері ғана  істейді. Егер ата-аналар балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай баратын болса, онда ұзын-сонар кезек болып, Covid-19 жұқтыру қаупін тудыруы мүмкін екенін білеміз. 

Екіншіден, кейбір отбасылардағы уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты мектеп формасын сатып алу отбасылық бюджетке қосымша жүктеме болуы мүмкін. Сондықтан, егер ата-аналар түрлі жағдайларға байланысты балаға мектеп формасын ала алмаса, онда уақытша, келесі оқу жылына дейін мектепке классикалық стильдегі киіммен баруға болады.  

Қорытындылай келе, мектеп формасына қатысты қандай шешім қабылданса да, осы мәселе төңірегінде пікірлер әр түрлі болатынын түсінемін. Мектеп формасын жақтаушылар да, қарсы болғандар да өз пікірлерін айтатыны белгілі.

Бірақ бұл мәселеде біз үшін қалыптасқан жағдайды объективті бағалау және ықтимал тәуекелдерді қарастыру маңызды болды«, – деп жазды министр желіде.

Ұқсас мақалалар

Back to top button