Үй жағдайында аспиринмен емделу өлім қаупін тудыруы мүмкін
1897 жылы Феликс Хоффман ойлап тапқан ацетилсалицил қышқылы (аспирин) қазіргі күні әртүрлі ауруларға қарсы қолданылатын препарат боп есептеледі. Аспирин алғашында талдың қабығынан әзірленетін, ал бүгінгі таңда бұл дәрі тек химиялық жолмен шығарылады. Науқастар жүрек талмасы мен инсульттің алдын алудан үміттеніп, аспиринді қабылдайды. Ал күнделікті өмірде аспириннің анальгетикалық әсеріне байланысты кез келген адам бас сақинасы ұстағанда ішеді.
Бұл препарат грипп пен суық тиюдің асқынуынан пайда болатын буын, бұлшық ет ауруларымен де жақсы күреседі. Соған қарамастан, дәрігерлер бұл дәріні грипп кезінде ыстық түсіру үшін тұтынуға болмайтындығын ескертеді. Оның орнына парацетамол қабылдаған дұрыс дейді. Ол аспиринге қарағанда пайдалырақ әрі ағзада жанама әсерлердің даму қаупін тудырмайды.
Мамандар аспиринді дәрігердің рұқсатынсыз қабылдамау керек дейді. Archives of Internal Medicine журналына шыққан мәлімет бойынша 100 000-нан астам адамның анализдері аспириннің денсаулыққа зиян екенін дәлелдеген. Анализдер қорытындысының нәтижесінен науқастардың іштегі қан кету қаупі жоғары болған деп хабарлайды BBC телерадиокорпорациясы.
2005 жылғы Ұлыбританияда шыққан нұсқау бойынша жүрек ауруының алдын алу үшін 50жастан асқан «қауіпті аймақтағы» адамдарға күніне 75 миллиграмм аспирин қабылдау міндеттелген. Бірақ кейіннен сарапшылар мұндай алдын алу шарасы өте зиянды екенін айтады. Бұл проблеманың шешімін Лондон университетінің профессоры Рэй Каусик табады. Ол әріптестерімен бірге жүрек талмасы, инсульт немесе рак ауруларына аспириннің қатысы жоқтығын анықтаған, бірақ соған қарамастан, аспирин іштен қан кету ықтималдылығын 30%-ға арттырған.
АҚШ-та аспиринді дәрігердің бақылауынсыз күнделікті пайдаланудан жыл сайын он мыңдаған адам өмірден өтетіні белгілі болған. Ал Финляндия дәрігерлері аспиринді жиі қабылдаған адамның миына екі мәрте қан құйылған соң бірден ажал құшатынын анықтаған екен.
Тайвандағы Чанг Гун медициналық колледжінің ғалымдары аспириннің төмен дозасының өзі бассүйекішілік қан кету қаупін арттыратынын айтқан еді. Бұл дәрі әсіресе дене салмағы төмен жастар үшін қауіпті деп жазады Daily Mail басылымы 2019 жылдың 13 мамырдағы санында.
Аспиринді қабылдайтын адамдарға кеңес:
- Бұл препаратты аш қарынға тұтынуға болмайды. Одан асқазан тітіркеніп, қабыну процестеріне, жүрек айнуына, құсуға алып келеді. Асқынған жағдайда асқазан жарасы, холецистит, панкреатит және тағы басқа асқазан-ішек жолдары ауруларын туындатуы мүмкін. Сол үшін аспиринді қабылдамас бұрын тойып тамақ жеп алу керек.
- Препарат өте уытты болғандықтан, қабылдау барысында көп су ішу керек. Солай ғана оның теріс әсерін аздап бейтараптандыруға болады.
- Дәріні кесектей ішкеннен гөрі, езіп ішкен дұрыс.
- Аспиринді басқа да ыстық түсіретін препаратпен бірге қабылдамаған жөн. Мұндай процесс науқастың жағдайын одан сайын күрделендіреді. Бұл әсіресе балалар мен қарттарға және созылмалы аурулары бар науқастарға қатысты ескертпе.
- Тек рұқсат етілген дозаны қабылдау керек, одан артық қабылдауға болмайды.
- Аспиринді ыстық сумен ішуге, артынша жылы орануға болмайды. Одан температура түспейді.
- Аспирин қабылдағаннан кейін жағдай нашарлайтын болса, міндетті түрде дәрігерге қаралу керек.
- Ауырған кезде денеде қан ұйып қалатын болса, аспиринмен емделу науқас үшін өлім қаупін тудыруы мүмкін.
Үй жағдайында аспиринмен емделуде абай болыңыз!