Денсаулық & Психология

Балаңыздың ұйқысы ауысып кетті ме?

Қазір көптеген жас келіндердің енесі YouTube екені жасырын емес. Адамдардан сұрастырып жүргеннен гөрі YouTube-ке кіріп, проблемасын жаза салғанды жеңіл көреді.

Алайда, YouTube-тегі контент негізінен орыстілді. Салт-дәстүр, бала тәрбиелеудегі қазақы методикалар, халықтық ем-домдар туралы қазақтілді контент жоқтың қасы.

Әсіресе жүктіліктің әр кезеңі, бала туғаннан кейінгі әйелдің өзін-өзі оңалту шаралары, нәресте ауырып қалса не істеуге болатыны туралы қазақ тілінде кеңестер таппай әбігерге түсіп жатады.

«Qadam.asia» әйелдердің жүктілік кезеңі мен енді туған нәрестенің денсаулығына байланысты пайдалы кеңестермен бөліседі.

Бала түнде ұйықтамаса бұрынғылар не істеген?

Кішкентай сәбилердің ұйқысы алғашқы кезеңде тұрақсыз болып келеді. Бала бір айлық кезеңіне дейін күндіз де, түнде де көп ұйықтауы мүмкін. Ал өсе келе ұйкысының уақыты өзгере түседі.

Кейбір балалар түнгі ұйқысын ауыстырып алып жатады. Еш жылаусыз тек ұйқысы болмайтын балалар да кездеседі. Мұндайда халықтық методикаларға арқа сүйеген жөн болады.

Түнде ұйықтамайтын балаларға мынадай жөн-жоралғылар жасаған:

  • Баланың киімін оңынан теріс қаратып кигізіп қоятын болған;
  • Баланың әкесін таң атар тұста тауық қораға кіргізіп, отырғызып қоятын болған. Бұл баланы құс ұйқысынан айықтырады деп есептеген;
  • Үйден бір шелек су алып, оны көршінің бағындағы ағашқа құйған. Содан соң сол көршіден бір шелек су әкеліп өз бағына құйған. Осыдан кейін баланың ұйқысы ауысады деп сенген;

Сонымен қатар, баланың ұйқысы – алыстағы жолға шыққалы жатқан немесе сағынып жүрген жақын адамының шыбығы деп саналған. Сол адам бір мауқын баспай, баланың ұйқысы реттелмейді деп сенген.

Қазіргі медицина баланың ұйқысына қатысты не дейді?

Көптеген жас аналар халықтық ем-домнан гөрі, медицинаға жүгінгенді жөн санайды. Бір жағынан, бұл дұрыс та. Өйткені, баланың кез келген мазасыздығының қарапайым медициналық себебі болады.

Медициналық тұрғыдан қарасақ, бала ұйқысыздығының мынадай себептері болуы мүмкін:

  • Баланың қарны аш, тоймағаннан болуы мүмкін;
  • Баланың киім-кешегінің ыңғайсыздығынан, тым қымтап тастағаннан болуы мүмкін;
  • Іш қатулар немесе шаншулар болса;
  • Баланың бір нәрседен шошынғанынан;
  • Отбасындағы немесе анасындағы психологиялық жай-күйіне, стрессті қобалжуларына байланысты болуы мүмкін.

Бала дұрыс ұйықтауы үшін не істеу керек?

Баланың ұйқысы оның дамуы мен жетілуінде маңызды орынға ие. Тіптен, денсаулығының дұрыс болуы да соған байланысты. Халқымыз «бала ұйқымен өседі» деп бекер айтпаған.

Баланың дұрыс ұйықтауы үшін төмендегі кеңестерге құлақ түріңіз:

  • Балалар көбіне серуендегеннен соң жақсы ұйықтайды;
  • Ұйқыға жатқызбас бұрын шомылдырып алған жақсы әсер етеді;
  • Жақсы әуен мен ертегі терапиясы болса;
  • Баланы бір уақытқа бейімдеу арқылы режим қалыптастырса;
  • Қараңғылықта ұйықтауды үйрету қажет.

Бүкіл әлемге ортақ медицина да, халықтық ем-дом шаралары да бала денсаулығының жақсы болғанын қалайды. Сондықтан, жоғарыда айтылған кеңестерді саралап, қазіргі жағдайыңызға сәйкес келетінін таңдап қолданып көріңіз.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button