Денсаулық & Психология

Эмоционалды интеллект: Қазақ түсінігі, EQ белгілері

Интеллект дегеніміз – адамның танымдық, ойлау қабілеттерін біріктіретін, сипаттайтын қабілеттердің жиынтығы: тану, ойлау, сезу, жад, есте сақтау, қиялдау, суреттеу, кескіндеу, елестету. Заманауи ұғыммен қарасақ, интеллекті деген – адамның мәселені шеше алуы, қоршаған ортаны тануы және сол танығанын іске асыра алуы. Интеллектінің деңгейі белгілі бір міндетті шешу кезінде байқалады. Мәселен, өмір сүруге талпыну мен тірі қалуға деген ұмтылыс – адамзаттың өмір сүруге деген инстинкті десек, интеллектінің де деңгейі осы міндетті қаншалық шеше алатынымен өлшенеді.

Психологтардың айтуынша, адамның танымы мен ақыл-ойы екі басты бағытқа бөлінеді: бірі – пайым мен парасат, идея мен ақыл-ойға жауап беретін интеллект болса, екіншісі – сезім мен эмоцияға негізделген интеллект. Қарапайым тілмен айтқанда, бірі логикалық интеллект болса, екіншісі – эмоционалды интеллект.

Мұның ішінде қазіргі әлем эмоционалды интеллектіге аса мән беруде.

Эмоционалды интеллект (EQ) дегеніміз – адамның өзінің эмоциясы мен басқа адамдардың эмоциясын тани және бақылай алуы, оларды ажырата білуі және соны өзінің ойлануы мен іс-әрекетіне қолдануы. EQ екі қабаттан тұрады: біріншісі – адамның өз сезімін тануы, екіншісі – өзге адамдардың сезімі мен эмоциясын тани алуы.

Эмоционалды интеллект ұғымын алғаш қалыптастырған – АҚШ журналисі Дэниел Гоулман еді. 90-жылдары «Эмоционалды интеллект: IQ-дан да маңызды» атты кітабы жарыққа шығып, нағыз психологиялық бестселлерге айналады. Содан бастап бүкіл әлемнің назары EQ-ға ауады.

Гоулман адам жетістікке жету үшін ең алдымен зияткерлік интеллекті емес, эмоционалды интеллектінің қажет екенін дәлелдеп шығады. Яғни, эмоционалды интеллектісі жоғары адамдар тілтабысқыш, қабылдауы жылдам, сезімі мен эмоциясын бақылауда ұстай алатын сабырлы, салқынқанды, жеке пікірі мен сыни ойлауы бар тұлға болып қалыптасатынын алға тартады. 

Қазақ түсінігіндегі интеллект

Біздің ата-бабаларымыз да ақыл мен зияттылықты – интеллектуал ұғымын терең түсінген. Интеллектуал ұғымын «даналық, ақыл-парасат, пайым» деп түсінгені аңғарылады. Бұған би-шешендердің, дала даналарының айтқандары дәлел.

Абай Құнанбайұлы «Ақыл – жүректің суаты», Саққұлақ шешен «Адам басшысы – ақыл», Бөлтірік шешен «Сөзіңді тіліңе сөйлетпе, ақылыңды билет», Сарыбай би «Ақыл – алмас», Бекболат би «Ер ақылды болғанда елден қайрат табылар», Қазыбек би «Ашу дұшпан, ақыл дос» дейді. Ал Әйтеке бидің «ашу тұрған жерде ақыл тұрмайды» деп төрелік айтқаны ақылды қолдана білудің қаншалық маңызды екенін түсіндіреді.

Ашу деген – ағын су,

Алдын ашсаң арқырар.

Ақыл деген – дария,

Алдын тоссаң тоқырар, – дейді дала ділмары.

Дала би-шешендерінің ойынша, ақыл мен парасат кез келгенге бұйырмайды. Оны тұқымнан не көп тәжірибеден алады. Ақылдың бағалы болатыны да содан. Қазыбек би «Ақылшы болса, ағайын жақын», Дулат би «Жақсылардың ақылы – гауһар шырақ шаммен тең», «Ата-ананың ақылы – қазылған қара жолмен тең», Бертіс би «Ақылы елден артылған, ақылың болса мақтан» дейді. Ал Қорқыт ата «Ата малы пұл емес – баста ақыл болмаса» десе, Майқы би «Естіге айтқан ақыл сөз – шыңға тіккен тумен тең, ессізге айтқан ақыл сөз – құмға сіңген сумен тең», «Хан қасында ақылды би болса – қара жерге кеме жүзеді» дейді.  

Ақыл мен ес, парасат пен даналық жайлы қазақ мақал-мәтелдерінде де мысал жетерлік. «Ақыл көпке жеткізер, өнер көкке жеткізер», «Ақыл – арқау, білім – бақыт», » Ақыл – алтын сандық, Адамына қарай ашылар», «Ақылы аздың – ашуы көп, Таяз судың тасуы көп», «Ақылдыға сөз айтсаң, Аз ойланып біледі; Ақылсызға сөз айтсаң, Тыңдайды да, күледі», «Ақылды елге қарайды, Ақылсыз өрге қарайды» дейді халқымыз. Бұдан біз халық түсінігінде де эмоционалды интеллектінің анық белгілері барын байқаймыз. Яғни, эмоционалды интеллект – өзіңнің сезімің мен эмоцияңды (қазақ түсінігінде – ашу, ыза, беймағлұм күй, қаралы күй, кек) ұстай алу екені анық айтылған. Сондықтан эмоционалды интеллект ұғымы ең алдымен халық даналығынан бастау алады.

Эмоционалды интеллектісі жоғары адамның белгісі

Эмоционалды интеллектісі жоғары адамдар өте позитивті, жағымды ойға берілгіш келеді. Ісі ойлағандай, жоспарлағанындай болмай жатса да, қамықпайды. Керісінше, одан сабақ пен тәжірибе алуға, қорытынды шығаруға тырысады. Мұндай жағдайда мотивация адамды жетістікке жетуге ұмтылдырып, өзін-өзі реттеуге көмектеседі, соның арқасында сәтсіздіктен, шектеу мен депрессиядан босауына ықпал етеді.

Мұндай адам өзіне не керегін жақсы біледі және өзінің сезімі мен ойын айтудан қорықпайды, жасқанбайды. Қай кезде де айтуға әзір. «Менің ойымша, меніңше…» деп оқиғаға, жағдайға қатынасын, пікірін бірден білдіреді. Әрі мұндай адам өзінің жасаған ісі мен айтқан сөзіне өкінбейді, соған бола күйзеліске ұшырау деген жоқ.

Қорқу, жасқану, толқу, ұялу, өмірден түңілу, әлсіздік, енжарлық, тұйық, бұйығы сынды жағымсыз эмоциялардан ада. Бейвербалды қарым-қатынасты түсінеді, өзінің сезімі мен эмоциясына ерік бермейді.

Оның сезімі мен эмоциясы логикасы мен ақылына, шынайы ортаға сай. Табиғатынан тәуелсіз, өз-өзіне сенімді, генетикалық моральды қасиеті бар. Мотивациясы басым. Билік пен жетістікке, атақ-абыройға жақын келетіндіктен, жолы болмау, сәтсіздік сынды уақытша нәрселерге мән бермейді.

Өзгенің сезімі мен эмоциясын тани алады, қажет кезде оны түсініп өз тарапынан сезім білдіріп, қолдау таныта алады.

Эмоционалды интеллектісі төмен адамның белгісі

Өзінің сезімі мен сөзіне жауап бермейді, алайда оған бәрін кінәлап шығады. Әдетте, өз ойын білдірерде сөзін «…мен сіз солай деп ойлайды…» деп бастайды. «Менің ойымша» деп бастаудан жасқанады.

Өзінің сезімі мен эмоциясының қайдан және неге шыққанын түсіндіре алмайды, оның орнына өзгені кінәлап шығады. Өзінің сезімі жайлы өтірік айта салуы мүмкін, тым асырып не тым кішірейтіп жіберуі мүмкін.

Өзінің сезімін ашық білдірудің орнына іспен істегенді жөн көреді. Жанында біреудің болғанын, қолдағанын қалайды. Эмоциясы мен сезімін ішінде сақтап жүреді әрі ыңғайсыз орында, керегі жоқ жерде сыртқа шығарып, өзі ыңғайсыз күйде қалуы мүмкін. Керек емес жерде мінез шығарады. Біреуді кінәлауға, сынау, бұйрық беруге, нотация оқуға бейім келеді. Сөзінде алғырлық пен зеректік жоқ. Дау-дамайшыл, ашуланшақ, жасқаншақ, ызаға бойалдырғыш келеді.

Сондықтан эмоционалды интелектіні қалыптастыру мен дамытудың ең тиімді жолы бар болса, ол – тренинг не семинар арқылы емес, балабақшадан бастап мектеп қабырғасында өзге адамдардың сезімі мен эмоциясын көріп өскені маңызды. Өйткені эмоционалды интеллект – адам өмірінде үлкен орын алатын қабілет. Баланың өмірінді эмоционалды интеллектіні балабақша кезінен бастап дамыту өте маңызды.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button