Бизнес

Оффлайн саудадағы қауіпсіздік қағидалары

Онлайн сауда жасағанда алаяқтықтың құрбаны болмас үшін ескеру керек бірнеше ережелер бар. Бірақ одан бөлек, онлайн процесс аяқталған соң, сатушымен кездесіп, тауарды алатын кездегі оффлайн сауданың да қауіпсіз өткені маңызды.

Оффлайн сауда жасағанда есте сақтайтын қағидалар:

Алдын-ала төлем жасаудың қажеті жоқ.

Тауардың жарты құнын немесе толықтай төлеуді, әдетте, өз қауіпсіздігін ойлайтын саудагерлер немесе алаяқтар ғана сұрайды. Егер тапсырыс жасаған дүкенге аса сеніңкіремейтін болсаңыз, онда алдын-ала төлем жасаудың қажеті жоқ. Тіпті ЖК куәлігін алаяқтардың өзі де жасата алады. Бұған алданып қалмаңыз.

Кездесетін орынды қауіпсіз жерге белгілеңіз.

Тауарыңызды алатын кезде қауіпсіз жерге бара жатқаныңызға сенімді болуыңыз керек. Егер күдігіңіз басым болса, ең дұрысы, жаныңызға досыңызды ертіп алғаныңыз жөн. Сатушының арам пиғылы болатын болса, жалғыз өзіңізге ситуациядан шығуға қиын болады. Осыны ескеріңіз.

Сатушыға сіздің жеке мәліметтеріңіздің керегі жоқ.

Тауарын сатып жатқан адам туу туралы куәлігіңізді де, төлқұжатыңызды да, жүргізуші куәлігіңізді де, нотариустан ешқандай қағаз да қажет етпейді. Төлем картаңыздың нөмірін, CVV код және басқа да маңызды жеке деректеріңізді ешкімге бермеңіз. Оны тек алаяқ сатушылар ғана сұрайды. Егер алданып қалсаңыз, картаңыздағы ақшаны банк те қорғай алмауы мүмкін.

Тауардың іске жарамдылығын тексеріңіз.

Тапсырыс берген затыңыз қолға тиген бетте, ең алдымен, сапасын жақсылап тексеріп алғаныңыз жөн. Тауарыңыз бір аптаға жетпей бүлініп қалатын, іске жарамсыз дүние болып шығуы да мүмкін. Сондықтан, бастысы – сіздің көңіліңізден шығатын сапада болуы қажет. Егер сіз ойлағандай болмай шықса, тауарды дер кезінде қайтарып, ақшаңызды сақтап қала аласыз.

Мұндай қарапайым ережелер жеке басыңыздың қауіпсіздігін сақтау үшін қажет. Егер алаяқтыққа тап болған болсаңыз, OLX қолдау қызметіне хабарласыңыз. Олар сіздің болжамдарыңызды растай алады және өзіңізді қорғауға, сатушымен дұрыс байланыс орнатуға көмектесетін іс-қимыл жоспарын ұсынады. Оффлайн келіссөздер жасасқанда да онлайн саудада ескеретін қағидаларды ұмытпаңыз!

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button