Үй алу үшін депозит ашарда нені ескеру қажет?
Үй сатып алу үшін көбіміз ақша жинап жүрміз. Ақшаны көбейту мен сыйақы алып отырудың жолы депозит екенін де көпшілігіміз білеміз. Алайда, депозит ашарда нені ескеруіміз керек екенін білеміз бе? Депозиттің тиімділігін арттырудың тетіктерін меңгере алдық па?
2021 жылдан бастап Зейнетақы қорындағы ақшамыздың бір бөлігін баспана жағдайын жақсарту үшін ала алатын болдық. Алған ақшамызды депозитімізді толтыру мақсатында пайдаланар болсақ, төмендегі ережелерді көбейту кестесін жаттағандай жаттап алуымыз керек.
Тағы оқи отырыңыз: «Зейнетақы қорындағы ақшаны қалай аламыз?»
«Qadam.asia» үй алу үшін депозит ашарда нені ескеруіміз қажет екенін айтып береді.
Депозиттің нақты кірістілігін қалай бағалауға болады?
2018 жылғы қазаннан бастап Қазақстанда жаңа депозиттік жіктеуіш – жинақ, мерзімді және мерзімсіз салымдар қолданылады. Осы салымдар түрінің кез келгені «жинақтау арқылы ақша табуға» мүмкіндік береді. Теңгемен салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемелері жоғары, ал шетел валютасындағы депозиттер бойынша – ең төмен.
2019 жылғы қыркүйектен бастап мерзімді емес салымдар бойынша ұсынылатын сыйақы мөлшерлемесі Қазақстан Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің негізінде есептеледі.
Маңызды:
Бір жылдан асатын мерзімді және жинақ салымдары бойынша ұсынылатын ең жоғары сыйақы мөлшерлемелері бәсекелес нарықта қалыптасқан сыйақы мөлшерлемелерінің негізінде есептеледі, сондықтан да мұндай салымдар бойынша кірістілік те жоғары.
Есте сақтаңыз:
Мерзімсіз салым – бұл ең қарапайым депозит: банктік салым шартының қолданылу мерзімі салымшының ақшасын кез келген сәтте сыйақысын жоғалтпастан пайдалануына шектеу жасамайды. Мерзімсіз салым көзделмеген шығыстар туындаған кезде қаржылай «қауіпсіздік жастығын» қалыптастыру үшін қажет.
Мерзімді салым – мерзімсіз салымға қарағанда неғұрлым жоғары кірістілік алуға мүмкіндік береді. Мұндай салымдар бойынша ақшаны депозиттен ішінара және толығымен мерзімінен бұрын төмен сыйақымен алуға болады. Ақша банкке хабарланғаннан кейін 7 күннен кешіктірілмей беріледі.
Кірістілігі ең жоғары салым – жинақ салымы. Сыйақы мөлшерлемесінің жоғары болуы – ақшаны мерзімінен бұрын алуға шектеу үшін өтемақы болып табылады. Жинақ салымдары бойынша ішінара мерзімінен алуға болмайды. Тек толығымен алу қажет. Ал мерзімінен бұрын алған кезде банк есептелген сыйақыны жылдық 0,1%-ға дейін немесе одан да аз төмендетеді, ал ақша 30 күннен ерте берілмейді.
Сондықтан да, жинақ салымы бүкіл салым мерзімі ішінде депозиттен ақшаны пайдаланбауға сенімді салымшылар үшін қажет. Аталған салым мөлшерлемесінің жоғары болуы және пайыздарды капиталдандыру есебінен ірі зат сатып алуға және жинақталған ақша үшін көп кіріс алуға ақшаны жылдам жинақтауға көмектеседі.
Салымдардың кірістілігі туралы не білу қажет:
- Капиталдандырылатын депозиттер бойынша, сондай-ақ шетел валютасындағы жинақ салымдары бойынша кірістілік айтарлықтай жоғары;
- Депозиттің кірістілігі жылдық пайызбен көрсетіледі;
- Егер сіздің валюта нарығындағы ахуалды жан-жақты бағалау үшін дағдыларыңыз бен ресурстарыңыз болмаса, валюталар бағамдарының ауытқуынан депозит есебінен ақша табуға талпынбаңыз.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКҚ) кепілдіктері
Маңызды:
Теңгемен мерзімсіз және мерзімді салымдар бойынша кепілдік қоса алғанда 10 миллион теңгені құрайды, жинақ салымдары бойынша қоса алғанда 15 миллион теңгеге дейін, шетел валютасындағы депозиттердің барлық түрлері бойынша (мерзімсіз, мерзімді, жинақ) – қоса алғанда 5 миллион теңгеге дейін (банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні белгіленген валюталар айырбастаудың нарықтық бағамына балама).
Салымшының теңгемен де, шетел валютасында да бір банкте орналастырылған екі және одан да көп депозиті болған жағдайда, қоса алғанда 15 миллион теңгеге дейін жиынтық кепілдікті өтемақы төленеді.
Есте сақтаңыз:
Егер сіздің салымыңыздың сомасы кепілдікпен өтеу сомасынан асып кеткен жағдайда, ҚДКҚ ең жоғары сома шегіндегі өтемақыны төлейді. Осы сомадан асып кеткен қалдықты салымшы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген кезектілік тәртібінде мәжбүрлеп таратылатын банктің тарату комиссиясынан алуға құқылы.
ҚДКҚ мөлшерлемелері
Маңызды:
2019 жылғы 30 шілдеде Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жинақ, мерзімді және мерзімсіз салымдар бойынша шекті сыйақы мөлшерлемелерін есептеудің жаңа әдістемесіне көшкені жайлы жариялады.
Есте сақтаңыз:
Қыркүйек айынан бастап ҚДКҚ өзінің интернет-ресурсында ай сайын теңгемен салымдардың барлық түрі бойынша ұсынылатын ең жоғары сыйақы мөлшерлемелерінің кестесін жариялап отырады. Қандай да бір айдың ұсынылатын ең жоғары жаңа сыйақы мөлшерлемелері ай сайын жарияланады және салым мерзімі олардың қолданылу мерзіміне ұзартылуын қоспағанда, бұрын ашылған салымдарға қолданылмайды.
Сыйақыны капиталдандыру дегеніміз не?
Маңызды:
Егер сіз өз жинақтарыңыз арқылы көбірек пайда алғыңыз келсе – капиталдандырылатын депозитті қарастырыңыз. Банк кезеңнің соңында депозит сомасына сыйақыны автоматты түрде есептейді және келесі кезеңнің соңында салымыңыздың сомасын ғана ескермей, бұрын есептелген сыйақыны ескере отырып сыйақы есептейді. Банк шартта көрсетілген кезеңнің: тоқсан болсын, ай, тіпті күн болсын соңында автоматты түрде сыйақыны капиталдандырады. Егер банктік салым шарты сыйақыны капиталдандыруды көздемесе, банк сыйақыны әр кезеңнің соңында тең бөліктермен есептейді немесе төлейді.
Есте сақтаңыз:
Депозит сомасы сыйақы есебінен ай сайын ұлғаяды, демек, депозиттің нақты кірістілігі де өседі. Егер ірі көлемдегі салым болса, бұл одан әрі тиімді. Егер капиталдандыру болмаса, банк тең сыйақыны әр айдың соңында төлейді. Банк банкрот болған жағдайда ғана қор капиталдандырылған сыйақыға кепілдік беретінін есте сақтаған жөн.
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап сыйақысының есептелген не капиталдандырылған болуына қарамастан, депозит бойынша сыйақыға кепілдік берілген ең жоғары сомалар шегінде ҚДКҚ-ның кепілдігі қолданылады.
Номиналдық және тиімді мөлшерлемелер
Банктердің депозит өнімдері туралы жарнамада сыйақының номиналдық мөлшерлемесі және тиімді – ЖТСМ көрсетіледі. Олардың арасындағы айырмашылық қандай?
Есте сақтаңыз:
Номиналдық мөлшерлеме – кезең үшін сыйақы есептелетін жылдық пайызбен көрсетілген мөлшерлеме. Мысалы, ай сайынғы мөлшерлеме белгіленген пайыздың 12 айдағы үлесі ретінде есептелетін болады.
Тиімді мөлшерлеме – бұл номиналдық мөлшерлеме плюс сыйақыны капиталдандыру есебінен болатын кіріс.
Егер банк депозит бойынша жоғары кірістілікті ұсынса ше?
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының Директорлар кеңесі теңгемен салымдардың барлық түрі бойынша ұсынылатын ең жоғары сыйақы мөлшерлемелерін ай сайын қайта қарайды. Кестелер тұрақты түрде қордың сайтында жарияланады. Бірақ бұл ұсынылатын мөлшерлемелер – кез келген банк мөлшерлемені одан жоғары ұсынуға құқылы. Мұндай банк депозиттерге кепілдік беру жүйесінің резервіне ең жоғары коэффициентпен жарна төлейді.
Маңызды:
Депозиттер бойынша ерекше тартымды талаптар банкте өтімділікпен проблемалардың бар екенін білдіреді деп саналады: банк аз уақыттың ішінде көбірек депозит тартуға тырысады.
Есте сақтаңыз:
ҚДКҚ мөлшерлемесі жоғары депозиттерге барлық қалған депозиттердегідей талаптармен кепілдік береді, сондықтан да сізді кірісінің жоғары болуы қызықтырса, кепілдік берілген сома шегінде салыңыз. Депозиттер бойынша ұсынылатын кірістіліктің өзгерістерін ҚДКҚ сайтынан білуге болады.
Салымдарды әртараптандырыңыз
2015 жылғы тамызда Қазақстан Ұлттық Банкі еркін айырбастау бағамына өтетінін жариялады. Енді айырбастау бағамын Ұлттық Банк емес, валюта нарығына қатысушылар қалыптастырады. Соның салдарынан валюта бағамы әлсіреу жағына да, нығаю жағына да қарай өзгеруі мүмкін.
Есте сақтаңыз:
Егер айырбастау бағамының қозғалысын болжап, барлық тәуекелді бағалау үшін сіздің арнайы экономикалық біліміңіз болмаса, негізгі жинағыңызды ұлттық валютада, ал қалған бөлігін шетел валютасында сақтаңыз.
«Qadam.asia»