Қадірлі Демократия, сізге сұрақ қоюға бола ма?
Мәртебелі Демократия, сіздің адамзат өркениетінде алар орныңыз ерекше. Оны ешкім жоққа шығара алмас. Алайда, кейде сізді түсіне алмай абыржып қаламыз. Яки сіздің данышпандығыңызға бойлауға қарапайым халықтың ақылы жетпейді, яки сіз тым ізгісіз.
Мәселе осы тым ізгі екендігіңізден шығып отыр. Әуелі адамзат тарихына бетбұрыс әкелген қарапайым ізгілігіңіз туралы айтқымыз келеді.
Әлем халықтары құлдықты жоя алмай Тобыл ойшылы сынды көкке қарап ойланып отырғанда, адамдардың теңдігі туралы ізгі мұратқа бастамашы болдыңыз. Әрбір адам баласы тең құқылы, оның жеке басына қол сұғуға, азаматтық құқықтарын аяқ асты етуге жол беруге болмайды деген бастамаңыз әлем саясатын өзгертті.
Нәсілдік кемсітулерге жол бермеуді Конституциялық тұрғыдан заңдастыру да сіздің арқаңызда жүзеге асты. Ғасырлар бойы ақ нәсілділер қара нәсілділерді езгіге салып келді. Құлдықты жою, нәсілдік тепе-теңдікті қалыптастыру – бұл орасан жеңіс.
Бертінге дейін жыныстық тепе-теңдікке қол жеткізу де өте қиын процесс еді. Әйелдерге теңдік алып беру, әйелдердің сайлау құқығына ие болуы, ер-азаматтармен моральдық-әлеуметтік құқықтарының теңестірілуі жолында жылдарға созылған күрес жүрді. Ақыры өзіңіздің табандылығыңыздың арқасында бұған да қол жеткіздік.
Мәртебелі Демократия, адамзат мұндай өркениетті қоғам қалыптастыруда сізге қарыздар. Қазір сізді үлгі тұтқан елдердің азаматтары тең құқылы өмір сүріп жатыр.
Сөз бостандығы, ой еркіндігі, азаматтық қоғам, адамның жеке басының хақы, моральдық, экономикалық құқықтарының тапталмауы – бұл сіздің көрегендігіңіз әрі өркениетті қоғамға тән озық факторлар.
Біздің еліміз Қазақстан да Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап сіздің жолыңызды – Демократия жолын таңдады.
ХХ ғасырда бүкіл әлем бойынша сізбен бәсекеге түсіп, алдыңызды орап кете жаздаған Социализм де соншалықты қараңғы идея емес еді. Социализмнің де өзіндік құндылықтары, адамзатқа ортақ мұраттары бар еді. Тек Социализмге иек артқан елдердің бәрі тирания мен геноцидке ұрына берді.
Сол жылдары біздің халық қырылып кете жаздады. 1916-1945 жылдар аралығында 7 миллионның төңірегіндегі қазақ қырылып кеткен. 7 миллион!
Демократия жолын таңдаған елдер сол уақыттарда өркендеп жатты. Адамның жеке басы түрлі езгілер мен шектеулерден толықтай азат етілді.
Мәртебелі Демократия, адамзат әзірге сізбен бәсекеге түсер альтернатив таба алмай келеді. Жаңадан пайда болған адамзатқа ортақ ізгі идеялар туып жатыр. Тек олар сізге жұтылып кетуде. Сіздің берік ұстындарыңызға негізделген сипат алып, дербес дамуға қауқарсыздық танытып жатыр.
Сіз шынында алыпсыз. Алып болғаннан кейін бе, кейбір дүниелерді байқамай қалсаңыз керек. Әйтпесе, сіз тұла бойыңыз ойдан тұратын идея емессіз бе?! Тек әрекетке айналғанда эмоцияға бой алдырып алатыныңыз болмаса…
Эмоция туралы айтқанда, сізді бір қоғамға орнату үшін де қантөгістер болып тұратынын айтқымыз келген. Бәлкім бұл кешірімді болар. Себебі, адамзат тарихында қантөгіссіз келген бірде-бір дін, ілім яки идея жоқ.
Мәртебелі Демократия, сізге қоятын сауалдарымыз бар еді. Сізге сұрақ қоюға бола ма?
Айтыңызшы, сіз тым ізгі боп кеткен жоқсыз ба?
Біздің елімізде «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы ұсынылып жатыр. 2020 жылдың қыркүйек айында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасының бірінші оқылымы болды.
Бізді осы мәселе қатты толғандыруда. Заң жобасының атауы өте әдемі. Мәртебелі Демократия, расында әдемі естіледі емес пе?!
Бірақ, осы заң бізге жақсылық әкелмеуі мүмкін деген қауіп бар. Халықтың басым көпшілігі наразылық танытуда. Бұл наразылық қайдан шықты?
Демократияның батыстық үлгісі деген ұғым бар. Яғни, батыс елдеріндегі қаншама жылдар бойғы тәжірибеден пісіп жетілген Демократия. Сіздің қазіргі кең тараған сипатыңыз. Бұл Демократияның халықаралық стандартының моделіне айналды.
Мәртебелі Демократия, біздің елдің тәжірибесінде бұл заңды қолдануға болмайды. Сіз мұны жақсы білесіз. Біз батыс қоғамы секілді емеспіз, біз өзгешеміз. Дәстүрлі құндылықтардан әлі толықтай бас тартпаған халықпыз.
Сонда біз ата-ана емес, жәй ғана асыраушыға айналуымыз керек пе? Баламызды сүндеттесек, оның құқығына қол сұққан боламыз ба? Біз әлі дамыған елдердің қатарына қосыла алмай жатырмыз. Біздің әр баламызға 15 шаршы метрлік бөлме беруге әлеуметтік жағдайымыз жетпейді. Аздап кедейлеуміз.
Қала берді, балаларымызды өзіміз тәрбиелегіміз келеді. Ұрып-соқпай, барынша болашағына капитал құйып, дамуына жағдай жасауды бұл заң болмаса да ойластырып жүрміз.
Мәртебелі Демократия, баяғы феодалдық замандарда келген діндер де халықтардың географиялық әртүрлілігіне қарай бейімделді емес пе? Біздің далаға келген Ислам діні біздің дәстүрлерімізбен дипломатияға келгенін есіңізге сала кетейік. Сіз мұны ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқандықтан, біз айтпасақ та білесіз.
Сіз де біздің халықтың тұрмысында әлі де қолданыста жүрген дәстүрлі отбасы құндылығымен санассаңыз екен. Біздің халықтың құндылықтары баланы жаныштауға құрылмаған.
Осы жолы баяғы діндердің географиялық ерекшеліктерге байланысты дипломатиялық жолын сынап көріңізші. Біздің елдің билігінде отырған өкілетті тұлғалардың басына тағы бір рет қонсаңыз екен. Тек ата-аналарды балаларынан айыруға болмайтынын айтып қоныңыз.
Мәртебелі Демократия, сіз идея емессіз бе?! Алып идея! Әсіресе, қолында билігі бар адамдардың басына қонғанда абайлаңызшы. Олар да пенде ғой, біліміне, мінез-құлқына, тәжірибесіне қарау керек. Әйтпесе, кейбір адамдар озбырлыққа, асыра сілтеуге бейім болады.
Жоғарыдағы заң қабылданып кетсе, балаларымыздан айырылып қаламыз ба деп қатты қорқамыз. Сізге отбасылардың бақытты болғаны керек емес пе? Ата-аналарынан айырылған балалардың саналы адам боп өсетініне кім кепіл? Балаларынан аластатылған ата-аналардың әрі қарай отбасы боп кететіне кім кепіл?
Мәртебелі Демократия, сіз неге сонша ізгісіз?
Балалардың құқығын қорғау үшін ата-аналарынан айыру қажет емес екенін қалайша түсінбейсіз?
Сіздің тым ізгі болғаныңыздан адамдардың жынысын ауыстыруды, біржынысты некеге тұруды, тіпті жан-жануарлармен де некелесуді заңдастырып жатырмыз.
Мәртебелі Демократия, бұл ізгілік пе, азғындық па? Өзіңіз айтыңызшы, осыдан адамзат не ұтады? Жынысын ауыстыру сол адамды бақытты ете ме? Біржынысты некеге отырған адамдар отбасы бақытын сезіне ме? Осындай ойларды қайдан тауып аласыз?
Баламыз біржынысты некеге отырамын десе, үндемей қарап отыр деп айтып жүрсіз. Адамның қалауы өзіне қол жұмсау болса, өле берсін – ол өзінің таңдауы дегенді де сіз айттыңыз.
Адам құқығы шектелмеу керек деген сөз – адам барлық қалауын қанағаттандыруы керек деген сөз емес шығар. Сізге дейін салтанат құрған идеялар неліктен бұндай нәрселерге жол бермегені туралы ойланып көріп пе едіңіз?
Сіз әуел баста халық билігі ретінде өмірге келдіңіз. Баяғыда-а, ғасырлар қойнауында. Содан бері адамзаттың теңдігі, жеке тұлғаның құқығы мен өзіндік пікірі жолында күресіп келдіңіз. Сіз жеңіске жеткен идеясыз.
Мәртебелі Демократия, сіз ойланыңызшы, жақсылап ойланыңыз. Ізгілік категорияларын тағы бір рет сарапқа салыңыз, азғындық деген ұғым барын есіңізге алыңыз.
Біз сізден балаларымызды құшақтап тұрып сұраймыз!
«Qadam.asia»