Гиннестің рекордтар кітабында қанша қазақ бар?
Тәуелсіздік тарихындағы Гиннестің рекордтар кітабына ену ең алдымен Қазақстанның өзінен басталды. Қазақстан бұл кітапқа «теңізге шығар жолы жоқ құрлықтағы ең үлкен мемлекет» ретінде кірген.
Ал, қазақ перзенттерінің Гиннестің рекордтар кітабына енуі бұдан ертерек басталған болатын.
«МиГ-29к» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен қондырған қазақ
Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер 1989 жылы 1 қарашада алғашқы болып авиатасушы крейсердің алаңқайшасына «МиГ-29к» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырады. «Тбилиси» крейсерінен жаңа әдіспен ұшақты көкке көтеру оқиғасына сол кезде бүкіл әлем көз тіккен болатын.
Бұл әдістің ерекшелігі: ұшақ трамплиннен түскендей төмен құлдилап келіп, бірден көтеріліп кетуі керек. Ол әрине ұшақтың маторына байланысты еді. Барлық мәселе бірнеше секундта шешілуі керек еді. Сәл іркіліс болса, бітті: ұшақ судың астына кіріп кетеді. Сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров құлдилап та, көтеріліп те үлгерді. Авиация тарихында бірінші рет мұндай әдіспен ұшуды жүзеге асырған қазақтың осы ерлігі Гиннесстің рекордтар кітабына енгізілді.
Ғарыштағы ең ұзақ сапар
Қазақтың екінші ғарышкері Талғат Мұсабаев та рекордшы атанған. Ол бір ай ішінде бес рет (30 сағат 8 минут) ашық ғарышта болған сапары үшін Гиннестің рекордтар кітабына енген. Ғарышқа сапарларының бірінде Талғат Мұсабаев ажал аузынан қалады. Өзінің айтуы бойынша, ашық ғарышқа шыққан кезде, кемеге бекітетін тетік ажырап кетеді. Кемеден алыстай түсіп, енді оралмастай болған. Сол кезде Құдайдың құдіретімен ғарышкер аман қалады.
Гиннестің рекордтар кітабына жеті рет енген қазақ
Қазақстандық марафоншы Марат Жыланбаев рекордтар кітабына жеті рет енген. Ол Еуропаның ең биік шыңы – Эльбрусқа (5642 метр) марафондық жүгіріспен жеті күнде жүгіріп шықты. Марат Жыланбаев 1992 жылы 20 күнде Қарақұм шөлін (1200 километр), 1993 жылы 24 күн ішінде Сахара шөлін (1700 километр), сол жылы 22 күнде Үлкен Виктория шөлін (1600 километр), 1994 жылы 17 күнде Мохава шөлін (1218 километр) кесіп өтті.
Қытай қазақтары әлемді несімен таңғалдырды?
Қытайда тұратын ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Болат Бейнелұлы мен Гүлзат Азанбекқызы 2008 жылы ұзындығы 100 метр, салмағы 1 тонна қазы жасап, оны Гиннестің рекордтар кітабына енгізді. Олар рекордтың Қытай мемлекеті атынан жариялануына қарсы болып, «Қазақ халқының ұлттық тағамы» деп тіркеткен.
Бұдан бөлек, 2010 жылы Қытайдағы Шыңжан-Ұйғыр автономиялық районында бір мезгілде 10 мың 450 домбырашы «Кеңес» күйін орындап, айды аспанға бір-ақ шығарады.
2012 жылы Қытайда тұратын қазақ жігіті Болатбек Кәрімханұлы жасаған кішкентай домбыра «әлемдегі ең кішкентай аспап» ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Домбыраның ұзындығы – 45 миллиметр, ені – 14 миллиметр.
Қытайдағы қазақтар Еуразиялық киім көрмесіне қатысып, ұзындығы – 3,37 метр, етегінің кеңдігі 12, 30 метр, сондай-ақ етегіндегі желбірі 50 қатпардан тұратын сахналық қазақ көйлегін рекордтар кітабына енгізді. Бұл көйлектің авторы – Қытайдағы қолөнер шебері Зиятхан Айдарханқызы.
Шанхайдағы қазақ шеберлері пісірген «Ең үлкен таба нан» да Гиннесстің рекордтар тізіміне енген. Оны пісіруге 8 қап ұн, 97 литр сиыр сүті, 200 жұмыртқа, 6 келі сары май жұмсалған. Бұл таба нанның диаметрі – 2,53 м, қалыңдығы – 14,5 см.
Ауыр атлетикада жасалған үш рекорд
Рекордтар кітабына енген қазақстандық өзге ұлт өкілдері де жетерлік. Олар өз жетістіктерімен Қазақстанның атын әлемге мәшһүр етті.
Қазақстандық ауыр атлет Мая Манеза 2010 жылы Түркияда өткен әлем чемпионатында 63 килограмм салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Ол осы сайыста 143 килограмдық штанганы серпе көтеріп, әлем рекордын жаңартты. Спортшының бұл нәтижесі Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Ал 2012 жылы Лондон олимпиадасында чемпион атанған ауыр атлет Илья Ильин қоссайыс (жұлқа және серпе көтеру) қорытындысы бойынша 418 килограмдық штанга көтеріп, әлем рекордын орнатты. Осы нәтиже кейін Гиннестің рекордтар кітабына еніп, Ильинге арнайы сертификат тапсырылды.
Зүлфия Чиншанлоның да ауыр атлетикадағы көрсеткіштері де Гиннестің рекордтар кітабына енген болатын. Алайда, Халықаралық федерация олардың үшеуін де допинг қолданғаны үшін жарыстан шеттеткен соң, зілтеміршілердің рекорды кітаптан алынып тасталды.
Накаунттың шебері де рекордтар кітабында
WBA (Super), IBO, WBC и IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Головкин Гиннестің рекордтар кітабына енді. Қазақстандық боксшы орта салмақтағы нокаутқа жіберу проценті жоғары боксшы ретінде рекордтар кітабына лайық деп танылған.
Головкин Гиннестің рекордтар кітабына енген кезде 36 жекпе-жек өткізіп, оның барлығында жеңіске жеткен еді. Ал сол кездегі 33 кездесуін нокаутпен аяқтаған. Головкинге бұл құрметті Флоридада өтіп жатқан WBC конвенциясында табыстады.
Қазақстанның таңғажайып рекордтары
2003 жылы қыркүйектің 27-сі күні бүкіл Қазақстанда саламатты өмір салтын насихаттау үшін өткізілген аэробикалық жаттығу рекордтар кітабына енді. Елдің бар өңірінде бір мезетте 4 миллион 845 мың 98 адам радиодан берілген әуен арқылы қимылдаған шара «әлемдегі ең көп адам қатысқан аэробикалық жаттығу» ретінде танылды.
Бұдан кейін 2011 жылы желтоқсанда Қазақ географиялық қоғамы 108 сағатта 2308 шақырымды еңсеріп, Оңтүстік полюске алғашқы автомобиль экспедициясын ұйымдастырады. Бұл экспедиция «Оңтүстік полюске құрлық арқылы жеткен ең тез орташа жылдамдықтағы сапар» ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.
«Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы әлемдегі шатырлы ең биік ғимарат ретінде Гиннестің рекордтар кітабына кірген. Оның биіктігі – 150 метр.
Сондай-ақ, 2012 жылы 16 желтоқсанда қара жорға ұлттық биін бір мезетте 400 адам билеп рекорд жасады.
Бұдан бөлек, «Хан Шатырда» әлемдегі ең үлкен ет асылды. Рас, Гиннестің рекордтар кітабының ресми өкілдері жылқының сойылуына қарсы болды. Соның салдарынан алғашқы рекорд саналмады. Әйтсе де бұл мақсат ақыры орындалды. 2015 жылы 6 шілдеде Астана қаласының 17 жылдығына орай салмағы 736 келі тартатын ет асылды. Бұл жолы кітаптың ресми өкілдері жылқы союға рұқсат берді. Тамақ үшін үлкен тайқазан Түркістаннан арнайы әкелінді. Онда 700 келі ет, 17 қап пияз, 300 келі қамыр жұмсалды. Әлемдік рекордтар кітабының өкілдері рекордты «Мемлекеттің басты ұлттық тағамының дайындалуы» деген атаумен тіркеді.
Ал 2015 жылы 1 мамырда Алматыда әлемдегі ең үлкен лағман әзірленді. Оның салмағы 687 келі болды. Бұл тағамды дайындауға 30 аспаз жұмылдырылды. Тағам құрамын толықтыру үшін 250 келі ұн, 200 келі көкөніс, 120 келі ет және 50 литр май пайдаланылды.
Сол сияқты 2014 жылы 7 қыркүйекте Алматы қаласында жалпы салмағы 856 кило болатын ең көп бауырсақ пісірілді.
Елімізден шыққан тәуекелшіл азаматтар рекордтар кітабын әлі де жаңартатынына сенімдіміз.
«Qadam.asia»