«Қазақстандықтар әлемдегі ең…»: қандай рейтингтерді басып оздық?
Әлемдік зерттеу, сараптау институттарының рейтингісінде Қазақстанның аты да аталып жатады. Ең үздік елдердің қатарынан табылмасақ та, кейбір қызықты рейтингтерде үздік боп шығады екенбіз.
Қазақстандықтар әлемдегі ең салқынқанды халықтың бірі атанды
Қоғамдық пікірлерді зерттейтін АҚШ-тың Gallup институты 2015 жылы тұрғындардың эмоционалдық деңгейі бойынша 148 елдің рейтингісін жариялаған. Рейтинг бойынша қазақстандықтар ең салқынқанды халықтардың бірі болып шықты. Еліміз тізімді тұйықтаған 5 елдің қатарына кірген.
Халыққа соңғы күнде ашу, ыза, қуаныш сияқты позитивті немесе негативті эмоцияларды басынан өткерген-өткермегені туралы сұрақ қойылады. Рейтинг сұраққа жауап берушілердің сезімдері бойынша жүргізілген сауалнама нәтижесінде құрылған. Қазақстан ең эмоциясыз елдердің бестігінен табылды. Сауалнамаға қатысқандардың 41%-ы эмоцияға берілгендерін растаған.
Ең эмоционалды елдер деп Боливия мен Эль-Сальвадор (59%) танылыпты. Олардан сәл кейін тұрған Эквадор, Филиппин, Никарагуа, Гватемала және Ирак (58%) халқы да эмоцияға берілгіштігін байқатқан. Үздік үштікке Камбоджа, Колумбия, Коста-Рика мен Гондурас (57%) енген. Осылайша ең эмоционалды елдердің дені Латын Америка мемлекеттері болып шығыпты.
Қазақстандықтар әлемдегі ең ақылды адамдар тізіміне енді
2019 жылы Vouchercloud порталы үш көрсеткішке: Нобель лауреаттарының санына, ел тұрғындарының орташа IQ көрсеткішіне және мектеп үлгерімінің критерийлеріне сәйкес жасалған әлемнің ең ақылды елдерінің рейтингісін жариялаған болатын.
Қазақстан әлемнің ең ақылды 25 елінің қатарына кірмесе де, рейтинг құраушылар отандық оқушылардың жетістіктерін жоғары бағалады. Мектеп оқушыларының ең үздік жетістіктері бар елдер рейтингісінде Қазақстан Швейцария, Израиль, АҚШ және басқа да көптеген елдерді басып озып, тоғызыншы орынға тұрақтаған. Бұл нәтиже рейтинг авторларын таң қалдырмай қоймады.
Аталған тізімде Ресей алтыншы орынға табан тіресе, әлемнің ең ақылды оқушылары Сингапурден болып шықты.
25 ақылды елдің қатарына Жапония, одан кейін Швейцария мен Қытай енді. Ал бұл рейтингте жоғары көрсеткіш көрсеткен АҚШ Нобель сыйлығын алған тұлғалармен көшке ілессе керек.
Қазақстандықтар әлемдегі ең аз қимылдайтын халықтар қатарында екен
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанды жалқау ел санатына жатқызады. Сарапшылардың мәліметінше, қазақстандықтардың физикалық белсенділігі төмен. Себебі халықтың төрттен бір бөлігі спортпен мүлде айналыспайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 168 елге зерттеу жүргізе келе осындай қорытынды шығарды. 55 елде халықтың үштен бірі физикалық белсенділік пен спортқа мүлде назар аудармайды.
Қазақстан сол тізімнің ортасында тұр. Біздің ел тұрғындары теледидардан спорттық бағдарламалар көріп, спорттық танымын арттырады, бірақ өздері спортпен шұғылдануға келгенде ерінетін боп шықты.
Ал, көршілес Қырғызстанда көрсеткіш бізден жақсы. Ол елде халықтың тек 14%-ы спортпен айналыспайды. Белоруссияда да сондай. Өзбекстан мен Украина, Ресей Қазақстанның көрсеткішіне жақын. Уганда мен Мозамбик ең белсенді ел деп танылды. Ол жақта халықтың 6%-ы ғана салауатты өмір салтын ұстанбайтын көрінеді.