Мәдениет

Аяжанның ауызбен салған картиналарын сатып аласыз ба?

Аяжанның қол-аяғы туғаннан бері қозғалмайды. Диагнозы ДЦП 1-топ. Дәрігерлер ота жасау қауіпті, денсаулығы одан әрмен нашарлауы мүмкін депті. Жігері жасымаған ол қылқаламды тісіне қыстырып аузымен сурет салады.

Картиналары бұған дейін бірнеше рет аукционда сатылыпты. Ақшасы қайырымдылыққа аударылған. Картиналарыңды қаншадан сатасың десек, қаншадан сатуға болатынын білмеймін дейді…

«Qadam.asia» ерекше қабілетке ие Аяжан Жуатаймен сұқбаттасты.

Аяжан, сенің сурет өнеріне деген қызығушылығың және суретті ерекше әдісте салатының бізді ерекше тәнті етті. Сурет салуды қай кезден бастадың?

Алғаш рет 4-5 жасымда дайын суреттерді бояуды бастадым. Кейіннен өзім сурет салсам деген қызығушылық оянды. 13 жасымда суретті өзім салып, өзім бояп көрмекші болдым. Қадамым сәтті болды. Сол кезде ерекше шабыттандым. Содан бері сурет салуға машықтандым.

Суретті қалай саласың?

Басында бір суретті алып, соған қарап отырып ұқсатып салатынмын. Кейіннен өз бетімше фантазияммен салуды қолға алдым.

Басында маған сурет салуды үйрететін адам болмады. Кейіннен 5 сыныптан бастап мектепке бардым. Бұл Қаратау қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернаты еді. Сол жерде суреттің қыр-сырын меңгердім.

«Аузыммен жазу да жазамын, инемен тігін де тігемін»

Дәрігерлер саған қандай диагноз қойды?

Менің диагнозым ДЦП 1-топ. Бұл ауру менде туғаннан бері бар. Екі қолым, екі аяғым дұрыс жұмыс істемейді. Негізі қол-аяғым жан сезеді, бірақ саусағыма қысып бірнәрсені ұстай алмаймын.

Сондықтан ауызбен сурет салуды бастадым. Ауызбен жазу жаза аламын, инемен тігін тіге аламын.

Сонда қылқаламды тісіңе қыстырып аласың ба?

Иә, тісіме қыстырып алып сурет салуды меңгергенмін.

Тігін тіккенде инені де тісіңе қыстырып аласың ба?

Иә, солай. Инені тісіме қыстырып алып өрнек тігемін, киімнің жыртығын да жамаймын.

Негізінен қандай бейнелерді саласың?

Көбіне анимациялық персонаждарды салғанды ұнатамын. Күз мезгілін жақсы көремін. Сондықтан күзгі пейзаждарды көп саламын. Бастысы, көңіл-күйімді бейнелейтін картиналар салған ұнайды.

Аяжан, өнеріңе таңғалып отырмын. Енді өзің, отбасың туралы айтып берші.

Мен 1996 жылы 13 қазанда Қаратау қаласында дүниеге келіппін. Үйде үш қызбыз. Мен отбасының тұңғышымын. Әкемнің есімі Әлім, анамның аты Айман. Ата-анам мені осы күнге жеткізді. Солардан үлгі алып өсіп келемін.

Сатылған суретінің ақшасын қайырымдылыққа жұмсапты

Суреттерің сатылымға шыққан екен. Алғашқы суретің қай кезде сатылды?

2015 жылы Елордада өткен республикалық «Жұлдызай» атты конкурсқа қатыстым. Сол кезде аукционда менің суретім сатылды. Оның ақшасы қайырымдылық қорына жұмсалды.

Кейіннен қалалық, аудандық конкурстарға шақырту жібере бастады. Бірақ, мұндай шақыртулар сирек болады. Рас қой, ауылдағы мені ешкім тани бермейді.  

Өкінішке қарай, мектеп бітіргеннен кейін оқуға түсе алмадым. Шалғайдағы қалашықта өзіңді дамыту қиын.

Аяжанның журналистика факультетіне түскісі келіпті

Қандай мамандыққа түскің келіп еді?

Мені ақылы оқуға түсіруге үйдегілердің жағдайы болмады. Анамның да ары-бері мені алып жүруге денсаулығы жарамады.

Журналистика факультетіне түссем деп армандайтынмын. Радиода диктор болғым келетін. Кішкентай кезімнен радио тыңдап өстім. Ол кезде ауылда свет жоқ, үйде теледидар да болмады. Азаннан-кешке дейін радио қосулы тұрады. Дикторлардың әдемі даусына, жүргізгендеріне қызығатынмын.

Құрбыларымен бірге кәсіп ашып, өнерімен ақша тапқысы келеді

Журналистикада әлі де бақ сынап көргің келе ме? Әлде суретшілігіңді дамытқың келе ме?

Қазір суретшілігімді барынша дамытуға бағыт алдым. Алдағы жоспарым, өзім сияқты мүмкіндігі шектеулі құрбыларым бар. Мәселен, бір құрбым қолы дұрыс істемесе де тігін тігеді, тіптен әдемі киімдер тіге алады. Мен соған киімнің эскизін салып берсем, ол сол киімді тіксе, солай кәсіппен айналыссақ деймін.

Мен инені тісіме қыстырып тігін тігетін болсам, құрбым қолымен тіге алады. Қолдары толық жұмыс жасамаса да, екі саусағына инені қыстырып киім тігуге мүмкіндігі бар. Екеуміз бірігіп кәсіп ашып, өнерімізбен ақша тапқымыз келеді.

Аяжан, жаңа диагнозың туралы айттың. Емделуге бола ма екен, дәрігерлер не дейді?

Кішкентай кезімде анам мені алып емдетем деп Алматыға да, Елордаға да барған екен. Дәрігерлер тәуекел ету қауіпті, денсаулығы одан да нашарлауы мүмкін деп қайтарыпты. Ота жасалған жағдайда кері әсер беруі мүмкін екен.

Бірақ, қозғалта алмағаныммен, аяқ-қолым жан сезеді.

Ең үлкен арманың қандай?

Ең үлкен арманым – қолымнан іс келетінін дәлелдеу. Өзімнің бір шаруаға жарайтынымды дәлелдегім келеді. Жұрт қатарлы жоғары оқу орнын бітіріп, бір мамандықты меңгергім келеді. Сосын мамандығыма сай жұмыс істегім келеді.

Көбісі 1-топтағылармен жұмыс істеуге болмайды деп айтады. Ал менің жұмыс істеп, қоғамға пайдалы адам болғым келеді.

Аяжан, картиналарыңды қаншадан сатушы едің?

Картиналарымды конкурс ұйымдастырушылары өздері сатады. Өз еркіммен сатып көрмеппін. Одан түскен пайданы қайырымдылыққа аударады. Мен тіпті қаншадан сатылатынын да білмеймін.

Ең әдемі картиналар

Сұқбатымызды осы жерден аяқтадық. Қарапайым қазақ қызы. Ұяң, ибалы, сөйлескенде тәрбиесіне тәнті боласың. Тісіңе қыстырып аузыңмен сурет салу деген ғажап емес пе?!

Аяжан өте жігерлі қыз екен. Өнерге деген адалдығы бөлек әңгіме. Тіптен, картиналарыңды сатылымға шығарайық, бағасын қанша деп қояйық деп сұрағанымызда, «Мен қаншадан сатуға болатынын білмеймін. Сіздіңше, қаншадан сатуға болады?» деп жауап берді.

Иә, қаншадан сатуға болады? Қолын қозғалта алмайтын қыздың аузымен салған картиналарын сіз қаншадан сатып алар едіңіз?

Егер Аяжанның картиналарын сатып алатын адамдар табылса, оған көмек болар еді. Өзіне керегін сатып алады яки ата-анасына қолғабыс болады.

Төменде Аяжанның қолынан шыққан ең әдемі картиналар:

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button