Мәдениет

2021 жылы шығатын жаңа кітаптар: Стивен Кинг, Шэрон Стоун, Харуки Мураками

2021 жыл – жаңа кітаптардың жылы болғалы тұр. Жылдың ең ұзақ күттірген кітаптарынан құр қалмас үшін сізге арнап Толкиннен бастап Кадзуо Ишигуроға дейінгі авторлардың шығармаларын топтастырдық.

J.R.R. TOLKIEN «THE NATURE OF MIDDLE-EARTH»

Ұзақ уақыт бойы Дж.Р.Р.Толкин «Хоббит» және «Сақиналар әміршісі» шығармаларының авторы ретінде танылды. Десе де, өмірін әкесінің мұрасына арнаған ұлы Кристофердің еңбегінің арқасында 40 жылда автордың 25 кітабы жарық көрді. Кристофер әкесінің жұмыс дәптерлерін, жазбаларының түпнұсқаларын және басқа материалдарды редактор Карл Хостеттерге берген еді, соның негізінде Жерорта әлемінің ақпараттық нұсқаулығы жасалды.

STEPHEN KING «LATER»

Наурызда Стивен Кингтің жаңа романы жарық көреді деп күтілуде. Сюжет желісі бойынша тылсым күші бар бала Нью-Йорк полициясына қылмыстық істі ашуға көмектеседі. Ал кісі өлтірген адам көпшілік арасына сіңіп үлгерген болатын. Бұл тергеу бала үшін бәрінің бастамасы ғана, ол өз құрдастарынан тез есейеді.

RAY DALIO «THE CHANGING WORLD ORDER»

«Принциптер» бестселлерінің авторы, әйгілі инвестор Рэй Далио әлемдік нарықты зерттеуге жарты ғасырын арнаған. Бұл кітабында ол келешектің бұрынғы замандардан түбегейлі өзгеше болатынын көрсету үшін тарихтағы ең шиеленісті экономикалық және саяси кезеңдерді зерттеп жазған.

RICHARD OSMAN «THE THURSDAY MURDER CLUB»

Жастары 80-ге келген қарттар үйінің 4 тұрғыны қызық үшін бейсенбі күндері ашылмаған қылмыстық істерді тергейді. Қариялар ауылдастарының жұмбақ өлімін және мәйіттің жанынан табылған құпия фотосуретті зерттеп жүріп, өздері де қылмыстық істің ішіне кіріп кетеді. Осы сюжет бойынша кино түсірілу де жоспарланып отыр.

KADZUO ISHIGURO «KLARA AND THE SUN»

Бұл Ишигуроның Нобель сыйлығын алғаннан кейінгі алғашқы романы. Роман «жасанды дос» Клара жайлы. Ол дүкеннің сөресінде тұрып өзін біреудің сатып алғанын күтеді. Бірақ оны сатып алған кезде, Клара адамдар берген уәделерге сенудің қаншалықты қауіпті екенін түсінеді.

SHARON STONE «THE BEAUTY OF LIVING TWICE»

Шэрон Стоун бұл кітабында Пенсильваниядағы ауыр балалық шағы, Голливудтағы мансап жолының басталуы, екі рет некеге тұрғаны туралы және өзі түскен фильмдердің түсірілімі жайында жазады. Сондай-ақ, ол ЖҚТБ жұқтырған адамдарға қатысты дискриминациямен қалай күрескені туралы да баяндаған.

HARUKI MURAKAMI «FIRST PERSON SINGULAR»

Кітап бірінші жақтан баяндалған және әртүрлі тақырыптарға арналған:  жастық шақтың естеліктері, музыка мен медитация, бейсболға деген сүйіспеншіліктен бастап, жапондық автордың шындық пен иллюзияның шекарасын бұзатын ертегіге тән эпизодтарына дейін қамтиды. Бірақ бұл көркем шығарма ма әлде мемуар ма – оны оқырман өзі шешеді.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button