Мәдениет

Қазақтың тұңғыш скрипкашысы Әлім Алмат жайлы сіз білмеген 5 дерек

Әлім Алмат – бір ғасыр өмір сүрген қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби скрипкашы. Ол 1917 жылы Ырғыз жерінде өмірге келіп, 2018 жылы Стамбұлда қайтыс болады. Өмірінің көп бөлігін Стамбұлда өткізген, содан болар аты аңызға айналған тұлғамыз жайлы жастар жағы көп біле бермеуі мүмкін. Qadam.Asia бүгін скрипкашы атамыз жайлы 5 дерек ұсынады.

Әлім Алматтың скрипкаға деген талантын Темірбек Жүргенов ашқан.

Нағашы жұрты Жүргеновтер әулетімен достық қарым-қатынаста болған екен. Ол кезде Темірбек Жүргенов Ташкент қаласындағы Қазақ педагогикалық институтының директоры еді. Ел басына қиын-қыстау күн төнгенде, алыстағы ағайындар балаларын ел асырып, оқуға жібереді. Осылайша, Әлім туған ағасы Файзолламен бірге Ташкентке оқуға келеді. Бұл оның өнер жолындағы алғашқы қадамы болатын. Темірбек нағашысы Әлімді музыка училишесінің скрипка бөліміне түсіріп, 2 семестр оқытады, ал ағасы Файзолланы Мәскеудегі кинооператорлар дайындайтын оқуға жібереді.

Әлім Алмат 1936 жылғы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндігіне барған топтың құрамында болған.

Ол өз естеліктерінде «таңертеңгі сағат 9-дан басталатын дамылсыз дайындықтарға Темірбек Жүргеновтің жиі қатысатынын, театрдың Мәскеуге «Қыз Жібек» операсымен барғанын, Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Құрманбек-Шара Жандарбековтердің есінде қалғанын, үлкен театрдағы ложада отырған И.Сталиннің сол жағында 3-4 адамнан кейін Темірбек ағасының да отырғанын, концерттердің зор аншлагпен өткенін, соңынан И. Сталин, Л. Мирзояндардың қатысуымен банкет болғанын, Күләштің ән салғанын» ерекше сезіммен жеткізеді.

Оқуы аяқталмай соғысқа кетеді…

Саяси қуғын-сүргіннің салдарынан талантты студенттің болашағы бұлыңғыр тұманға айналады. 1939 жылы ол әскерге шақырылып, Брест қамалына жіберіледі. 1941 жылдың маусымында немістердің қолына тұтқынға түседі. Музыкант екенін білгеннен кейін, бір неміс офицері оны Берлинге жіберген. Сөйтіп соғыстан кейін елге оралса Сталиннің зобалаңынан аман қалмасын біліп, Францияға бет алады.

Мұстафа Шоқайдың рухани ұлы

1947 жылы Францияға Мұстафа Шоқайдың зайыбы Мария апамызды іздеп барып, қамқорлығында болады. Көп жақсылық көргендіктен, ол кісіні «Мария анам» деп отырады екен. Әлім Алмат жайлы алғашқы деректер де Мария Шоқайдың естеліктерінде кездеседі: «Германиядан скрипкашы Әлім келді. Ол өте жақсы скрипкашы болатын. Оған консерватория бітіргені туралы диплом керек еді. Өзі Москва (қателескен болуы мүмкін, негізі Алматы, Q.A) филармониясының студенті еді. Соғыстың кесірінен оқуын аяқтай алмаған. Мен оны Париждегі Рахманинов атындағы орыс консерваториясына жаздырдым. Бірақ ол профессор Андреевті педагог ретінде ұнатпады, мәшһүр бір француз профессорынан жеке сабақ ала бастады, экстерн ретінде емтиханға кірді. Емтиханды жақсы тапсырып, дипломын алған соң Түркияға кетті. Түркияда үйленіп, ресми қызметке тұрды. Қазір жеке дәрістер де беріп, музыкант-педагог ретінде үлкен табыстарға жетіп жүрген көрінеді», – деп жазады.

Өмірінің соңына дейін Стамбұлда тұрады.

1950 жылдары Әлім Алмат Түркияға барып тұрақтайды. Осы жерде «Ғалымжан Әбдісәлемұлы» деген негізгі аты-жөнін өзгертіп, Әлім Алмат атанады. Музыкант ретінде Стамбұлда мемлекеттік консерваторияда скрипкашы ретінде жұмыс істеп, 1975 жылы құрметті демалысқа шыққан. Үйіне қонаққа барғандарға Мұстафа Шоқай туралы, Алаш қайраткерлері жайлы қызықты әңгімелер айтып береді екен. Әйгілі скрипкашы атамыз 2018 жылдың 1 ақпан күні Стамбұл қаласында 101 жасқа қараған шағында дүниеден қайтқан.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button