Мәдениет

«Борат 2» фильмі «Алтын глобустың» екі бірдей жүлдесін жеңіп алды

Қазақстанды масқаралайтын «Борат 2» фильмі «Алтын глобус» сыйлығын тапсыру салтанатында «Үздік комедия» номинациясын жеңіп алды. Ал Саша Барон Коэн «Үздік актер» деп танылды.

Лос-Анжелес пен Нью-Йоркте «Алтын глобус» сыйлығын тапсырудың кезекті салтанатты шарасы өтті. Пандемияға байланысты марапаттау салтанаты АҚШ-тың батыс және шығыс жағалауындағы екі қалада бір уақытта өтті. Шараны Тина Фей мен Эми Полер жүргізді.

Осы салтанатты шарада қазақ елін масқаралаған «Борат 2» фильміне екі жүлде бұйырған.

Бірінші жүлде «Үздік комедия немесе мюзикл» номинациясы бойынша берілді. Басты рөлді сомдаған Саша Барон Коэн «Комедия немесе мюзиклдегі үздік актер» номинациясы бойынша марапатталды.

Сыйлықты Голливудтың шетелдік баспасөз қауымдастығы (HFPA) – 90 халықаралық журналистен тұратын топ табыстайды. Енді фильм «Оскар» номинациясына ілігуі тиіс.

«Борат-2» фильмінің сюжеті бойынша қазақстандық танымал журналист Борат Сағдиев тағы АҚШ-қа барады. Ол жақта елдің саяси өмірі мен алдағы президент сайлауы туралы зерттейді. Адамдарды ызаландырады, коронавирус пандемиясымен қолға скороводка алып күреседі және демократтардың қарсыластарымен әңгімелеседі.

Фильм премьерасы 2020 жылы 23 қазанда Amazon Prime-да – АҚШ президентін сайлау қарсаңында болған еді.

Бірінші «Борат» 2006 жылы шыққан болатын. Ал «Борат 2» 2020 жылы жарық көрді. Енді міне, халықаралық беделді сыйлыққа ие болып отыр.

«Qadam.asia»

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button