Ғылым

ҰБТ-ға дайындық: ақпаратты қалай оңай есте сақтауға болады?

Егер тест сұрақтарын бір күн қалғанда жаттайтын жаман әдеттен арылғыңыз келсе, біз сізге арнап бірнеше лайфхактар дайындадық. Бұл мақаланы оқып, ешқандай стрессіз тестке дайындалуды үйреніңіз.

Сіз ақпаратты қалай қабылдайсыз?

Біздің әрқайсымыздың материалды қабылдауда өз ерекшеліктеріміз бар. Тестке дайындалғанда осыны естен шығармау керек. Мәселен, сіз аудиал болсаңыз, оқулықтар мен конспектілерді дауысыңызды шығарып оқыңыз. Ал егер кинестетик болсаңыз, өзіңіздің жазған конспектілеріңізден шпаргалка жасаңыз.

Тағы бір  жақсы әдіс – ойлар картасы немесе интеллект картасы (mind maps). Ойлар картасын құру арқылы оқыған материалдарыңызды бір жүйеге сала аласыз. Толған ақпараттың ішінен тек керекті ақпаратты ғана алып, қалғанымен миыңызды толтырғыңыз келмесе, ойлар картасын құрып көріңіз.

Қиын сұрақтарды бірінші шешіп тастаңыз.

Тестке дайындық барысында өзіңізге түсініксіз, қиындық тудыратын сұрақтарға көбірек уақыт бөлу керек. Концентрацияңыз жоғалмай, өзіңіз шаршамай тұрып алдымен күрделі мәліметтерді оқыңыз да, жеңілдерін кейінге қалдырыңыз. Өйткені тестке дайындалудан қатты шаршайтын да кез болады, сонда қиын мәліметтерге мүлдем қарағыңыз келмей қалады.

Жаттауға емес, түсінуге тырысыңыз.

Жаттап алу – жеңіліске әкелетін стратегия, сондықтан жаттауға бөлетін уақытты түсінуге бөлген дұрыс. Көп сұрақтардан қиналсаңыз, солардың арасынан логикалық байланыс тауып, ассоцияция ойластырыңыз.

Әрине, әрбір пәнде жаттап алуға тиіс мәліметтер болады, мәселен: хронология, формула, анықтамалар, т.б. Соның өзінде егер логикасын түсінуге тырыссаңыз, жаттау да оңайға соғады.

«3-4-5» тәсілі

Тестке аз уақыттың ішінде дайындалу керек болса, «3-4-5» тәсілі жақсы көмектеседі. Бұл әдіспен дайындалу 3 күнді ғана қажет етеді: бір материалды әр күнде әртүрлі деңгейде оқып, қабылдау керек.

Бірінші күн: материалды толықтай түсініп оқып шығасыз. Бұл күннің нәтижесінде 3 деген бағаға тест тапсыра аласыз деп есептейік.

Екінші күн: оқып шыққан материалыңыздағы түсінбеген сұрақтарды шешумен айналысасыз. Егер барыңызды салып, екінші күні түсінбеген дүниелерді түсініп алсаңыз, 4 деген баға қанжығаңызда.

Үшінші күн: барлық сұраққа жауап беруіңіз керек. оқығаныңызды қайталайсыз, есте сақтайсыз. Үшінші күнгі жоғары дәрежелі дайындықтан соң 5 деген баға алатыныңызға сенімді болыңыз.

Екі күн оқып, бір күн қайтала.

Бұл өте жеңіл тәсіл. Оқу керек материалдарды екі күнге бөліп, тек түсініп оқуға жұмсаңыз, ал үшінші күні екі күнде оқығаныңызды қайталаңыз.

Дедлайн қойыңыз.

Әр ақпаратты жақсылап қабылдау үшін шексіз уақыт жұмсауға болады. Сондықтан, барлық ұсақ-түйекті есте сақтауға тырыспаңыз. Ең негізгі мәліметтердің ғана астын сызып үйрену керек және белгілі бір тақырыпқа оңай немесе қиындығына қарай шектеулі уақыт қойып, сол уақытта тек сол тақырыпты толықтай меңгеремін деп мақсат етіңіз.

Бір жерде тұрып қалмаңыз.

Егер бір сұрақ бойынша өте ұзақ уақыт отырғаныңызды сезсеңіз, оны өткізіп жіберіңіз. Бір сұрақты қабылдамай, соған ми қатыру – басқа сұрақтарды да қабылдауға кері әсерін тигізеді. Сол үшін жауабын таппаған сұрақты кейінге қалдырып, басқасын шешіңіз. Тестке дайындалғанда ең жақсы мотиватор – таймер. Мәселен, әр сұраққа 30 минуттан уақыт бөлсеңіз, уақыт асып кеткен соң, бірден басқа сұрақтарға көшу керек.

Досыңызбен бірге дайындалыңыз.

Бұл жалғыз дайындалғаннан әлдеқайда жақсы. Бір-біріңізге сұрақ қойып, бір-біріңізді тексеріп және біріңіз білмейтін жауапты екіншіңіз біліп тұрсаңыздар, тестті шешуде де өте жеңіл болады. Бірігіп дайындалғанда уақытты да үнемдей аласыз.

Ұқсас мақалалар

Пікір үстеу

Back to top button